Ақтауда тегін заттар дүкені ашылды

Еріктілер қазір азық-түлік пен тұрмысқа қажетті керек-жарақтың жиналып жатқанын хабарлайды. Әсіресе, балаларға арналған киім-кешектер, кілемдер мен төсеніштер керек. Аймақтағы 70 отбасы дүкенге келіп, көмектің көрсетілуіне алдын-ала өтініш білдірген.
«Біз адамбыз, бір біргеміз» қоғамдық қорының басшысы, жоба жетекшісі Иманғазы Досмұханбетовтің айтуынша, дүкенге бірінші рет келгендердің барлығына бірдей жәрдем көрсетіледі. Ал көмекті тұрақты қажет ететіндердің тұрмыстық жағдайы алдымен тексеріледі. «Біз еріктілер тобымен әр отбасыға барып, жағдайларын қарап, тексеріп жатырмыз. Тіпті, балаларын асырауға шамасы болмаған жанұяларды кездестірдік.
Оларды оңалту орталығына апардық. Біз ұлтқа, дінге қарап бөлмейміз. Бастысы - көмек көрсету. Мұндай сауапты іс кез келгеннің көңіліне қуаныш сыйлайды. Ақтаулықтарға ризамын. Қажетті заттарды жинауда. Жыл сайын мұқтаж отбасыларды өзіміз іздеп көмек көрсетуші едік, енді бұл бастама барлығын қамтуға таптырмайтын мүмкіндік. Шараға атсалысамын дегендерге есігіміз әрдайым ашық», - дейді ол.
Дүкен таңертеңгі 10-нан кешкі сағат 8-ге дейін ашық болмақ.