Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »  Сұраныста «Цифрлық дәуір» мамандықтары 

 Сұраныста «Цифрлық дәуір» мамандықтары 

    Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІТ-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны  ғылымн дамыту керектігін, сондай-ақ, жоғары оқу орындары шетелдің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды  белсенді түрде жүзеге асыру қажеттігін баса айтқан болатын.
   Иә, болашақта мүлде жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бастайды. Еліміздің көркеюі әркімнің «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты. Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін тудырады. Сондықтан, білім беру жүйесін, коммуникация  мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады.
  Ғалымдардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай бүгінгі қолданыстағы 57 мамандық түбірімен жойылып, 186 жаңа мамандық дүниеге келеді екен. Ал, Билл Гейтстің айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың көпшілігі автоматты бағдарламалармен жабдықталып, біліктілігі төмен қызметкерлер бәсекеге ілесе алмай қалуы мүмкін. Өткен жылғы Давос экономикалық форумында 2020 жылы әлемде интеллект пен роботты техниканың дамуы нәтижесінде 2 млн. жаңа жұмыс орны ашылатындығы, бірақ технологиялық жетістіктердің дәл осы мерзімде 7 миллионнан астам жұмыс орнын қысқартуға алып келетіндігі атап көрсетілді. Қазір мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың 63 пайызы таяу болашақта бүгін заты түгіл аты белгісіз мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады. Қысқасы, біз орасан зор технологиялық өзгерістер дәуірінің табалдырығында тұрмыз.
     Бүгінде көп елдерде мықты инженерлер жетіспейді екен. Ал, нанотехнология саласы болашақта ғарыш, машина жасау, тамақ өндірісі, медицина сынды ірі салаларда үлкен рөл атқармақ. Бұл саланы таңдаған жастардың қапы қалмасы анық. Келешекте жаңа қуат көздері, электроникалық жаңалықтар мен жүйелерде электроника және биотехнология мамандарының өзіндік орны болары да белгілі. Ал, маркетологтар жұмыс басқару, бизнес, шаруашылық, тіпті мемлекеттік жүйеге өте қажетті болуда және бола бермек. Болашақта өндіруші мен тұтынушының ортасындағы ортақ көзқарастармен тығыз жұмыс жасап жетістікке жетуде бұл мамандардың орны ерекше.
         Сонымен, сұранысы көп болашақтың мамандықтары қандай? Бұл туралы сарапшылар да, экономикалық ғылымдардың майын шайқаған ғалымдар да «болашақтың тетігі дәл мынадай мамандықтарға тіреліп тұр» деп нақты айта алмайды. Дегенмен, инновациялық технологиялардың даму бағытын бағдарлауға байланысты «болашақта мына салалардың мамандарына сұраныс артуы тиіс» деген болжамдар да баршылық.
     Сарапшылардың бірауызды пікірі бойынша, «цифрлы дәуір» болашақ мамандардан үлкен икемділікті, үйлесімді іскерлікті, жедел оқуды және шұғыл да тиімді ақпарат алмаса білуді қажет етеді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, таяу болашақта ішінара жұмыспен қамтылу форматы  басымдық алатын болады. Сонымен бірге, болашақта офистік қызметкерлерге деген сұраныс күрт төмендейді. Әлемдегі таяу болашақта қысқаратын 7 миллионнан астам жұмыс орнының үштен бірі осы офистік қызметкерлер болмақ. Жалпы, озық технологиялар заманында офиске деген қажеттілік те барған сайын азая бермек.
     Зерттеушілердің пікірінше, тек мамандықты игеру аздық етіп, болашақта жан-жақты қа                  білет жоғары бағаланады. Яғни, мамандардың бірнеше қызметті қатар алып жүруі басты орынға шықпақ. Мысалы, қазірдің өзінде тіл білу қажеттілігі айқын көрінуде. Осы орайда, болашақ мамандар ең алдымен икемділік пен іскерлікке ерекше басымдық беруі керек. Сонымен бірге, болашақтың мамандарының бойынан қалыптасқан ахуалға жылдам бейімделу және сабырлылық, жұмысқа барынша икемділік көрсете отырып, тұрақсыздықтың алдын ала білу, білімін арттыруға үнемі ұмтылу, жан-жақты қабілетті болу секілді қасиеттер мен дағдылар қажет етіледі. Тұрақты және жедел оқу тәсілі білікті маман даярлаудың басты ұстанымдарының бірі болып қалады. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі қаптаған жоғары оқу орындары экономикамызға қажетті барлық мамандықтарға баулитын орталық  и бола ала ма?
    Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ.
Бақыт Мадинова,
№71 орта мектептің әлеуметтік педагогы.
06 наурыз 2018 ж. 4 193 0