Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Осы айда Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден беріле бастайды

Осы айда Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден беріле бастайды

Осы айда Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден беріле бастайды, Бұл туралы бүгін Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жөніндегі кеңейтілген брифингте айтылды. Өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев екі апта көлемінде Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге беріле бастайтынын мәлімдеді. "Өздеріңіз білетіндей, Арыс қаласында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған делегация келіп кетті. Арнайы мәжіліс өткізді. Осы жиында Арыс қаласының 44781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Кішкентай сәбиден бастап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі. Бұл мақсатты орындау үшін 4 миллиард 478 млн. 100 мың теңге қажет. Оның 1 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінеді. Ол арнайы сессияда қаралады. 2 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған қаражат "Түркістан" корпоративтік қорына түскен ақшадан жұмсалады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қорға түскен бір тиынға да тиіскен жоқпыз. Ол Арыс тұрғындарына жұмсалады. Қаладағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз. Бұл жұмыстарды 2 аптада аяқтап үлгереміз деп ойлаймын. Ешқандай құжат жинаудың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есеп-шотына аударылатын болады", - деді Аманбаев. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де тиісті төлемдер тәртіпке сай уақтылы беріліп жатқанын мәлімдеді. "Қаржыдан мәселе жоқ. Зейнеткерлеріміз, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарымыз әдеттегідей, "Қазпочта" және "Халықбанк" арқылы ақшаларын алса болады. Сондай-ақ екі мыңдай зейнеткерімізді ардагерлер үйлеріне және мүмкіндігі шектеулі 140-тай тұрғынды оңалту орталығына жіберуді жоспарлап отырмыз", - деді ол.
https://kaz.tengrinews.kz
02 шілде 2019 ж. 533 0