Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда соңғы айда тұрғын үйдің бағасы қалай өзгерді

Қазақстанда соңғы айда тұрғын үйдің бағасы қалай өзгерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 2018 жылдың ақпанында өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары 0,2%-ға өсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған аралықта абаттандырылған және абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сату бағасы өзгеріссіз қалған. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,2%-ға артқан.
Тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне қатысты Статистика комитеті келесі ақпаратты ұсынады: жаңа тұрғын үйлердің сату бағасы 2013 жылы 9,6 пайызға, 2014 жылы 11,5 пайызға, 2015 жылы 15,8 пайызға қымбаттаса, 2016 жылы 3,6 пайызға төмендеген. Тұрғын үй бағасының қымбаттауы өткен жылы 1,3 пайыздық өсімді көрсеткен.
Ал абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату бағалары 2015 жылы 9,1 пайызға қымбаттағанымен, соңғы екі жылда 0,7 пайызға және 1,6 пайызға төмендеген.
Қазақстанда қазіргі таңда сатылымдағы жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы 260 613 теңге болып отыр. Ал абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сатуда 1 шаршы метр 185 942, абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сатуда 1 шаршы метр 114 273 теңгені көрсеткен. «Тұрғын үй нарығындағы бағаны байқау Астанада, Алматы қаласында және облыс орталықтарындағы құрылыс компанияларымен қоса қалалық қор бойынша жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың іріктелген шеңбері бойынша жүргізіледі», - делінген хабарламада.    
12 наурыз 2018 ж. 1 451 0