Қоян өсіруді қолға алсақ...

Ауданда аталған кәсіпті қолға алған адамды естімедік. Тіпті сұрастыра отырып, ниет танытқандарды да байқай алмадық. Сондықтан өзге өңірдегі осы іспен айналысып отырғандардың ойын мысал етейік. Ақтөбе облысының тұрғыны Ержан Мұхамади қоян өсіріп, табыс тауып отыр. Ол тиімділігі көп кәсіпті мемлекеттік бағдарлама көмегімен 2 миллионнан астам несие алып бастаған. Ол өз шаруашылығын өткен жылы күзде бастап, қыс бойы қоян басын көбейтіп отыздан алпысқа жеткізген. Біразын сатып та үлгерген. Шаруаның айтуынша, табиғи таза өнімге сұраныс мол көрінеді.
– Біз сияқты шаруашылық бастаймын деген жастарға мемлекет тарапынан қолдау жоғары. Мен алдағы уақытта осы шаруашылығымды кеңейтуді ойлап отырмын. Қоян тез көбейтетін болғандықтан, оның пайдасын көру де тез әрі оңай, – дейді Ержан.
Үй қоянынан алынатын өнімдер нарықта жоғары сұранысқа ие. Қоянның еті дәмді, тез қорытылатындықтан жас балаға, кәрі адамға және асқазан, бауыр ауруларына өте пайдалы. Терісі жеңіл, жылы, әдемі болады. Оны өнеркәсіпте кеңінен пайдаланады. Түбітті тұқымнан жылу өткізгіштігі меринос қойының ең жақсы жүнінен кем түспейтін жіңішке, жұмсақ түбіт алынып, әртүрлі тоқыма бұйымдары дайындалады. Жеңіл терісінен аяқ киім, галантерея бұйымдары, құлағы мен табанынан желім, қарнынан ұлтабар ферменті жасалады.
Қарап отырсақ, қоян өсіруде аса бір қатаң талап жоқ. Және олардың жылына 5-8 рет көжектейтінін ескерсек, шаруа үшін пайдасы да мол болмақ. Біздің ауданда қоян өсірумен айналысатын шаруашылық жоқ. Мал шаруашылығының осы саласының кенже қалуы оны бағу технологиясы мен әкелетін пайдасынан хабардар болмағандықтан болар деген оймен керек кәсіп ретінде қарастырып көрдік.
Н.Бақыран.