Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық сайыпқыран үздік атанды

Аралдық сайыпқыран үздік атанды

           Жақында Ресейдің Рязань қаласында халықаралық армия ойындары өтіп, қазақстандық ұшқыштар үздік өнер көрсеткен еді. Сол сайыпқырандар сапында Аралдың тумасы, жерлесіміз Манас Дәулетбаев та болды. Ол ұшақ тізгіндеушілер ішінде үздіктер қатарынан көрініп, нәтижелі өнер көрсетті. Аралдық ұшқыш жігіт жайында кеңінен тарқатсақ.
               Бұл жайында бұқаралық ақпарат көздеріне шығып, ұшқыштардың үздік өнері жайын­да жарияланған да еді. Алайда арасында аралдық азаматтың барын білген жоқпыз. Кейін ғана бұл жайында оқырманымыз редакцияға қоңырау шалып, алтын иеленген қос қыранның бірі біздің жерлесіміз екенін жеткізді. Өзгеше са­ланы таңдап, озықтардың қатарынан кө­рін­ген Манас Дәулетбаев қаладағы №13 мектепті тәмамдаған. Сөйтіп әскери бағытта оқуға баруды ойлайды. Әрине бұл бала кез­ден арманы. Осылайша таңдауы Ақтөбе қала­сындағы әуе-қорғаныс күштерінің әскери инс­­ти­тутына түседі. Онда ұшу аппараттарын пай­да­лану майдан авиациялық-командалық так­ти­касы мамандығы бойынша білім алады.
              – 2008 жылы оқуды аяқтаған соң Шымкент қаласындағы 55652 әскери бөліміне ұшқыш ретінде жолдамамен жіберілдім. Онда бар­ғасын СУ-25 ұшағын тізгіндеп, әскери саладағы қызметімізді абыроймен атқаруға тырысып келеміз, – деді Манас бізбен әңгімесінде.
          Майор шенді Манас Ресейде өткен жарыста әріптесі Дмитрий Коробкин екеуі Рязань көгін өздерінің шеберлігімен таңдандырды. Олар әскер физикалық дайындық пен пилоттық техниканы және нысанаға дәл соққы жасау мен жоғарғы аэробатиканы кәсіби шеберлікпен сәтті орындап шықты. Қазақстандық эки­паж осылайша «жойғыш авиация» және «жауын­герлік тікұшақ» аталымы бойынша алғы шептен көрінді. Жалпы есепте Қазақстан үшінші орын алғанымен, жекелей сында Манастың алдына түскен адам болмады.
          – Жалпы қорытынды бойынша ресейлік және қытайлық ұшқыштардан кейінгі орын­ға тұрақ­тадық. Сайыс 3 кезеңнен тұр­ды. Бі­рінші дене шынықтыру болса, екін­ші жер­дегі нысаналарды іздеп табу, ал одан кей­ін авиациялық қару-жарақты пайда­ла­ну ар­қылы нысанды жою. Міне осы кезең­дер­ден сүрінбеуге тырыстық. Ең бастысы жаттық­тыру­­шы­ларымыздың тапсырмасын сәтті орын­дадық, – дейді Манас.
        Қазір әскери саланы таңдайтындар азайып барады. Алайда аз да болса таңдайтындар бар. Бала күнінен арманына айналған саланы таңдағанына ол ешқашан өкінбепті.
      – Себебі бүгінде абыройға кенеліп жүрмін. Өзің таңдаған саланың шыңына шығу – нағыз бақыт. Отбасын құр­дым, екі балам бар. Ал әкем мен қарын­дасым Арал қаласында тұрады, – дейді көк тарланы.

М. ҚҰРМАНӘЛІ
26 тамыз 2019 ж. 1 561 0