Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылының жаңалығы қандай?

Жаңа оқу жылының жаңалығы қандай?

  Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқу бағдарламаларының ерекшеліктерімен танысу мақсатында қызылордалық мұғалімдер Назарбаев зияткерлік мектебінде бас қосты.
   12-жылдық білім жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жоспары бойынша биылғы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап төртінші, тоғызыншы және оныншы сынып оқушылары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасына көшпек. Жаңа оқу жылында жетілдірілген әдіс-тәсілдер бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері де білім алатын болады.
   Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалпы білім беретін мектептердің  9-10-сынып мұғалімдеріне арналған республикалық тамыз кеңесінің аймақтық секциялық отырысы өтті. Шараға аудан және қала мектептерінен 700-ден астам мұғалім қатысып, жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында пәндерді жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндерді оқыту ерекшеліктерімен танысты.  
   Пленарлық сессияда сөз алған облыстық оқу орталығының директоры Сырым Асқаров Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Педагогикалық шеберлік орталығымен бірлесіп ұстаздарға көрсетілген әдістемелік көмек жұмыстарына тоқталып, жаңа оқу жылындағы жоспарларды баяндады. Зияткерлік мектеп директоры Бахыт Жұматай биылғы оқу жылында  9-10-сыныптардағы  ерекшеліктер туралы баяндама жасап, жаңа бағдарламаны мектептерге енгізуде жүргізілген зерттеулер қорытындысымен таныстырды.  
   «2015 жылы еліміздегі 30 пилоттық және 16 бақылау мектебі іріктелініп, онда жаңартылған білім мазмұны апробациядан өткізілді. Жыл сайын сол  мектептерде диагностикалық тестілеу жүргізіліп, бақылау барысында оқу нәтижелері артқандығы байқалды. Жаңа форматтағы әдіс-тәсілдер мен бағалау жүйесі білім алушылардың жан-жақты дамуына оң әсерін тигізетінін көрсетті. Биыл зияткерлік мектептердің тәжірибесі жалпы білім беретін мектептердің 9-10-сыныптарына енетін болады », - деді Бахыт Жұматай.  

   Содан соң қатысушылар зияткерлік мектеп ұстаздарының 17 бағыт бойынша өткізілген шеберлік сағаттарына қатысып, жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндерді оқыту ерекшеліктерімен танысты. Сондай-ақ, СLIL тілдік –пәндік кіріктіріп оқыту технологиясы негізінде химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша біліктіліктерін жетілдіріп, критериалды бағалаудың артықшылығын  талқылады.
   «Мұғалімдер енді дәстүрлі журнал пайдаланбай,  оқушылардың білімдерін қалыптастырушы және жиынтық бағалау бойынша тексеретін болады. Оқулықтар мазмұны өзгеріп, «Аналитикалық химия» курсы қосылады, яғни оқушылар зертханалық жұмыстарды күнделікті сабақта жасайды. Курс негізінде оқушылар алған білімдерін күнделікті өмірлерінде пайдалана  алады. Бұрын тек химияны үйрететін болсақ, қазір айналадағы заттарды қалай дұрыс пайдалану керектігін түсіндіреміз. Ал бұл жаңалыққа ену үшін мұғалімнің теориялық білімі жоғары болуы қажет», – деп бөлісті алған әсерімен  №4 дарынды балаларға арналған мектеп – интернатының  химия пәнінің мұғалімі Салтанат Болатқызы.

   Әдістемелік алаңда бас қосқан педагогтер жаңартылған білім беру бағдарламасына  негіздеп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген оқулықтардың мазмұны мен кітап қолданушысын сандық кеңістікке жетелейтін AR технологиясын пайдалану барысымен танысты. Арнайы ұйымдастырған көрмеде ұстаздар әдістемелік құралдарға қол жеткізіп, сабақты  тиімді жоспарлау мен оқу үдерісін ұйымдастыруға қажетті электронды материалдармен қаруланды.
https://kyzylorda-news.kz/news/kogam/30167-zhaa-ou-zhylyny-zhaalyy-anday.html
29 тамыз 2019 ж. 988 0