Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашығын айтып, қолдау шараларын жүктеді

Ашығын айтып, қолдау шараларын жүктеді

   Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауында білім саласына да айтарлықтай басымдық берілді. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық да­му жолындағы қарқынымыз, жастар­дың біліміне, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты.
   Саладағы жетістіктер мен жағымды жаңалықтар өз алдына. Дегенмен ащы да болса шындық ақпараттардың белең алғандығы Мемлекет басшысының тарапынан да ашық айтылды. Тарқата тоқталсақ, оқулықтардың әрбір жаңа оқу жылында ата-ананың қиналатын бір тұсы – оқулықтардың жетімсіздігі. Баласы үшін сатып алып берген оқулықтың сапасын көргенде тағы бір қарны ашып-ақ қалады.
   Ал кәсіби білім беруді емес, «диплом сатуды» дәстүрге айналдырған жоғары оқу орындарының мәселесі де көпті ашындырмай қоймайды. Одан ең алдымен зардап шегетін – жас маман. Екінші – халық. Білімсіз медицина қызметкерінен немесе мал маманынан қандай көмек күтуге болады? Президент бұл мәселеге тыйым салу қажеттігін баса айтты. Себебі сапалы маманмен ғана елдің еңсесі тіктеледі. Ауылдан шыққанмен, қала өмірі  қызығырақ деп жеңіл ойлайтын жастар қатарының көбеюі де ауылдағы маман тапшылығына ықпалын тигізуде. Бұл бағытта «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтудің пайдасы мол болады деп ойлаймыз.
    Мамандық таңдауда да жастарға үлгі-өнеге көрсетіп,  өмірлік қағидалар мен ел дамуындағы өндірістің маңызын түсіндіре білу керек. Техникалық мамандықтарды таңдауға ықпал ете білсек, кәсіпорындардан жұмыс та табылып, елдегі жұмыссыздар қатары айтарлықтай азаяды.
  Жолдауда айтылған мәселелердің барлығы елдің көкейіндегі көкейтесті жайлар. Ал сала қызметкерлерін қолдау мақсатында мұғалімдер жалақысын алдағы жылдан бастап 25 пайызға көтеру, білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру және аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсыруы халықтың көңілін бір көтерді.
Сұлтанбек Жүгінісов,
№71 орта мектептің қосымша білім беру педагогы.
02 қыркүйек 2019 ж. 634 0