Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетінші міндет жетістікке жетелейді

Жетінші міндет жетістікке жетелейді

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі жолдауында білімнің басты назарда болуын дәл осылай нақтылап, тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл міндеттер қазақ елінің әлемдік сахнада алар орынын айшықтап, білім көгінде еркін қанат қағуға жаңа екпін беруі анық. Сол себепті көздеген мақсатқа жету жолында бірқатар істер тындырылуы керек деп білемін.
Жалпы, орта білім беру саласы бүгінгі күннің өзінде жаңартылған мазмұнға көшуді бастап кетті. Осы жолда нәтижеге жету үшін нақтыланған қадамдар бойынша іске асырылуға міндетті жұмыстарды барынша тиянақты атқаруға міндеттіміз. Келер 2021 жылы толықтай енгізіліп болатын жаңа мазмұндағы білім беру бағыты сонда ғана болашақ қазақ елінің мәртебесін көтеріп, білім бәсекесінде озық шығуға мол мүмкіндік берері сөзсіз.
Ол үшін мемлекет тарапынан жан – жақты қолдау да жасалып отыр. Еліміздің жоғарғы білім орындарында педагог мамандарды даярлау бағытындағы кафедралар мен факультеттерді дамыту қажеттігі де мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Кадрлеріміздің қадірі біліміне қарай баланатыны осылайша нақтыланды.
Сондай-ақ, Жолдауда педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау бағыты да басты міндеттердің бірі ретінде аталып өтті.
Ұстаздар қауымына сенім артылды. Ендігі кезек сол сенімнен шыға білу керек. Елді өркендетуге басымдық жасаған Жолдаудан жігер алып, жүйелі жұмыс істеу біз бағындыруға тиісті белестің біріне айналса дейміз.
Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгілік болуы білімді жастардың қолында. Ал, сол жастарға білім беріп, ел сенер тұлға тәрбиелеп шығару бізге артылған үлкен жауапкершілік. Жауапкершілікті сезіне отырып, өркениет көшіне ілесе алатын шәкірт дайындап шығуға біз қашан да дайынбыз.
Ж. Исаев,
№60 орта мектеп директорының орынбасары.
20 ақпан 2018 ж. 1 656 0