Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас келіншек өзінің табысқа жету сырымен бөлісті

Жас келіншек өзінің табысқа жету сырымен бөлісті

           Елімізде кәсіпкерлік деңгейі жыл сайын артып келеді. Оның ішінде жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы соңғы жылдар көптеп кездеседі. Олар табыс тауып қана қоймай, ел мүддесі үшін де жұмыс жасауда. Халық қажетілігін өтеп жүрген жас кәсіпкерлердің табысқа жету жолындағы қажыр қайратына қарап қайран қаламыз. «Жастар жылы» аясында өткен жас кәсіпкерлер жәрмеңкесінде тәтті өнімдерін алып келген Айнара Наурызбаева есімді жас келіншекті кезіктірдім. Ол өз ісін қалай бастағаны туралы әңгімелеп берді.
         Айнара кішкентайынан тәтті өнімдерді пісіргенді жақсы көретін. Үй ішінде отбасылық мерекелерде дастарқанды өз қолынан шыққан тағамдармен толтыратын Айнара біртіндеп жақын-жуықтарынан тапсырыс қабылдай бастайды. Осылайша жас қыздың қызығушылығы кәсібіне айналды.
           – Біртіндеп тапсырыс берушілер қатары көбейе бастады. Бір-бірінен естіп-біліп, кенттегі тұрғындар тапсырыс беруді молайтты. Содан кәсібімнің көлемін кеңейтуді қолға алдым. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында оқып, мемлекеттен 250 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иелендім. Бұл қаражатқа кондитерлік тәттілер пісіруге қажетті құралдар сатып алдым, – деген Айнара кәсібін қалай бастағанын айтып берді.
              Айнара бүгінде кәсібіне дендеп кірісе бастаған. Кенттегілердің басым көпшілігі Айнараның тұрақты тұтынушыларына айналып отыр. Мұның өзі жас қыздың өзінің жұмысына деген тиянақтылығының нәтижесі болса керек. Пісірген тәттілері тіл үйіреді. Қазір оның бос уақыты жоқ. Ата-енесінің, екі баласы мен жолдасының жағдайын жасап, келіндік қызметімен қатар кәсібін де дөңгелетіп отыр.
         Қазір тапсырыс көлемі артты. Бұрын ауылдастарымның қуанышында ғана тапсырыс алып, тәттілер пісіріп беретінмін. Енді Арал қаласынан бастап алыс-жақын ауылдардың өзінен тапсырыстар келіп жатыр, – дейді Айнара.  
Айнараның тұрақты клиенттері жетерлік, солардың бірі кент тұрғыны Айман апа:
        – Ең алғаш құрбымның туған күн кешінде Айнара пісірген торттың дәмін татып көрдім. Өзі балғын, ерекше дәмді өнімді жеп көрген біздер ауылымыздан осындай кәсіп түрімен айналысып отырған келіншектің барын естігенде қуандық. Себебі бұрындары қонақ шақыртатын болсақ, қалаға сабылатынбыз. Сатып алған тәттілерімізді қоғамдық көлік арқылы жеткізетін болғандықтан, түр-түсі бұзылып дастарқанға қоюға келмей қалған кездері де болған. Ал қазірде қажет болғанда ауылдан Айнараға алдын ала тапсырыс беріп қоямыз. Ол әп-әдемі әрі дәмді етіп дайындап береді. Әрбір өнімі көңілімізден шығып жатады, – деп ризашылығын жеткізді.
           Айнара небәрі 21 жаста. Жас та болса кәсібінен қол үзбей, отбасының берекесін кіргізіп отырған жайы бар.
         – Кондитерлік өнімдерді пісіру біреуге оңай сияқты көрінеді. Алайда, шын мәнінде аса мұқияттылықты талап етеді. Бір тәтті өнімді пісіру үшін оған қосылатын қоспаның бәрін өз ретімен, мөлшерінде қосу қажет. Кішкене мөлшерден асып, не кем қылсаң бар еңбегің зая кетеді, – дейді.
         Айнараның алға қойған мақсаты көп. Соның бірі – ісін одан әрі кеңейту. Өзі тұратын Жақсықылыш кентінен үлкен кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашсам деген жоспары да бар. Әркез тұтынушыларының ойынан шығып, еңбек етіп жатқан жас кәсіпкерге кәсібің берекелі болсын дейміз.
Назерке Маратқызы.
08 қазан 2019 ж. 1 325 0