Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада бастауыш ұйымдар спорттың 5 түрінен сынға түсті

Қызылордада бастауыш ұйымдар спорттың 5 түрінен сынға түсті

Қызылордада «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай «Бастауыш ұйым - партия тірегі» атты тақырыпта ұлттық спорт түрлерінен бастауыш партия ұйымдары арасында турнир өтті.
Облыстық деңгеде ұйымдастырылған сайыста бастауыш ұйымдар «Тоғызқұмалақ», «Қол күресі», «Асық ату», «Бес асық», «Арқан тарту» спорт түрлерінен бақ сынасты.
Облыстық деңгейдегі сайысқа аумақтық кезеңде жеңімпаз деп танылған 11 бастауыш ұйымдар қатысты.
Жарысты облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова ашып, турнирдің қатысушыларына үздік команда мен үздік ойыншылар атағы үшін адал және ымырасыз күресте табыс тіледі.
– Өздеріңізге белгілі, бастауыш ұйымдар кез-келген саяси партияның түп негізі. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде жария еткен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасында партия алдындағы негізгі міндеттерді атап өтіп, оларды табысты жүзеге асыруда партияның ядролық электоратын қалыптастыруды атап өткен болатын. Еліміздегі басты саяси күш «Nur Otan» партиясының өкілдері ретінде біздің алдымызда халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білу мен оған қолдау білдіру, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімділігін арттыру міндеттері тұр. Сондықтан, бастауыш ұйымдар заман талабына сай жаңашыл болып, саяси бәсекеде өмірді жақсартуға барынша қабілетті болуы керек. Бастауыш партия ұйымдары белсенді қоғамдық-саяси жұмыстың орталығына айналуы тиіс. Сондықтан бүгінгі ұйымдастырылып отырған турнирдің негізгі мақсаты – ұлттық спортты дамыту мен партияластарымыздың салауатты өмір сүруін көздесе, екіншіден партия мен бастауыш ұйымдар арасындағы кері байланысты орнату, бір-бірімізбен тәжірибе алмасу, алдағы міндеттерді дәл осындай ауызбірлікте жүзеге асыру, – деді Ақмарал Әлназарова.

Сайыс талас-тартысқа толы болды. Командалар өзара мықтыны әрең анықтады. Жалпы командалық есепте мықты ойын-өрнегін көрсеткен Қазалы аудандық партия филиалының «Жанқожа» бастауыш партия ұйымы жарыс жеңімпазы атанып, 150 мың теңге қаржылай сыйлыққа және партия кубогіне ие болды. Ал,100 мың теңге қаржылай сыйлықпен Арал аудандық партия филиалының «Сарыбұлақ» бастауыш ұйымы екінші орынды иеленсе, Қызылорда қалалық партия филиалының «Шаңырақ» бастауыш партия ұйымы 50 мың теңге қаржылай сыйақымен үздік үштікті қорытындылады.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар әрбір сайыс түрлері бойынша жеңімпаз атанған бастауыш ұйымдарды марапаттады. Барлық жеңімпаз бастауыш ұйымдарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
https://syr-media.kz/sport/12633-yzylordada-bastauysh-yymdar-sportty-5-trnen-syna-tst.html
11 қазан 2019 ж. 694 0