Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Наурызнама» – бірегей туынды 

«Наурызнама» – бірегей туынды 

         Наурыз мерекесі туралы Шығыс ғұламасы, ақын, ғалым Омар ибн Ибрагим әл-Хайямның «Наурызнама» атты бірін-бірі толықтыратын қолжазбаларының бірі Германияның Берлин мемлекеттік кітапханасында, екіншісі Лондондағы Британ Ұлттық музейінде сақталған.
         Омар Хайям қолжазбасында келтірілген аңыз бойынша, парсы елінің ерте дәуірлердегі тәңірі Изил күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төгіп, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған-мыс. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді. Он екі жұлдыздың бірі амалға күннің бірінші кірген күні, күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Парсы патшалары дәл осы күнді айрықша атап өту үшін баршаға мәлімдеп, мейрам деп жариялаған. Осы аңыз желісі бойынша парсы әлемінің бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күніне ат қоюға, адамдар біліп жүрсін деп жылнама жасауға жарлық берген. Жылдың басы парсыша  фарвардин (наурыз) аталды.
         Наурызды тойлау парсы патшасы Афридун тұсында жалғасын тапқан. Кейін Афридун өз патшалығын ұл-қыздары Тур, Сәлім, Эражға мирас еткен. Турға – Шығыс Түркістан, Моғолстан, Әмудария аңғары, Солтүстік және Оңтүстік Қытайды, Сәлімге – Кіші Азияны, Эражға – Парсы елі мен өз тағын берген. Осылайша Наурыз мейрамы шығыс елдеріне тарайды.
         Наурызды тойлау жалғасын тапқанымен, парсы абыздарының күнтізбені дұрыс бақылап отырмағандықтарынан наурыз 21-і күні жылдың басқа кезеңдеріне жылжып отырған. Ал, ислам дініне дейін арабтар ортағасырлық еврей, қытай халқы сияқты ай-күн күнтізбесін қолданып, 24 жыл циклда 13 ай қосылып отырған. 631 жылдан бастап Мұхаммед пайғамбар 13 айды қосуға тыйым салып, ай күнтізбесін енгізген. Мұсылмандардың ай күнтізбесі 622 жылдың 16 шілдесінен Мұхамедтің Меккеден Мадинаға қоныс аударуынан басталып, хижра жылы 12 айға бөлініп, күн күнтізбесінен 10 күнге қысқа, 100 күн жылына 103 ай жылы тең болады.
         Селжүктер сұлтаны Мәлік шах билік басына келгенде Исфаһаида жаңа обсерватория салдырып, күнтізбені қайта жасауға жарлық берген. Жаңа күнтізбе жасауға Хорасанның атақты ғалымдары Омар Хайям, Абу-л-Музаффар ал-Исфазари, маймун ибн Наджиб ал-Васити және тағы басқалар қатысқан. Осылайша, 1079 жылы жаңа күнтізбе жасалып, кібісе жылдың табиғи қозғалысы  қайта есептеліп, Наурыз мейрамы 21 наурызға, күн мен түннің теңелуі 21-інен 22-сіне қараған өтетін уақытқа белгіленген. Бұрынғы күнтізбеде жаңа күнтізбеден 16 күн айырмашылық болып келген. Жаңа күнтізбе жасау кезінде обсерваторияға аспан әлеміндегі жұлдыздардың орнын, қозғалысын анықтайтын «ұстарлаб» деп аталатын астрономиялықаспап орнатылған. Осылайша, Наурыздың күнтізбедегі тұрақты орны айқындалды.
         Омар Хайям күнтізбесінде жыл ұзақтығы 365, 2424 күн, ол нақты уақыттан 0,0002 тәулікке қате, 1 қате күн 5000 жылда жиналады. Ал, бүгінгі қолданыстағы Григорий күнтізбесінде бір жылда 365, 2425 күн бар, ол нақты уақыттан 0, 0003 тәулікке қате, 1 қате күн 3333 жылда жиналады. Иранда ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданыста болған Омар Хайям күнтізбесінің екі ерекшелігі бар. Бірі – нақтырақ дәлдігі, екіншісі – Күн қозғалысына негізделуі.
          «Үш жүз алпыс бес күннің ширегінен тұратын ұлы дәуірді «Ұлы жыл» деп атады да, оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен Наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады. Патшалардың бір рәсімі бар. Ол жыл басында жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныш өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері ләзім. Кімде-кім Наурызды мейрамдап, күншуақ жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді», – делінген екен Омар Хайям «Наурызнамасында».
         Бүгінгі күні біздің Наурызды сол үдеден шығып жатыр. «Амал келді, жыл келді» деп Амал мерекесінде бір-бірімен қауыша амандасып, Ұлыстың оң болуын, ақ пен төлдің мол болуын, ырыстың ортаймауын тілейтін тілек соны аңғартады.
Дайындаған     Ж.Қожан.
19 наурыз 2018 ж. 2 263 0