Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2020 жылдан бастап 340 мыңнан аса көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алады

2020 жылдан бастап 340 мыңнан аса көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алады

2020 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарланып отыр. - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 4 немесе одан көп баласы бар 340,3 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін.
Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Таяуда министрлік заң жобасын Парламент қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.
Айта кетерлігі, Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған және "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мыңға жуық адам алады.
Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек. Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.
20 қазан 2019 ж. 845 0