Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі назарларыңызға ел астанасы мен өңірлердегі басты ауыс-түйістер жайлы апта қорытындысын ұсынады деп хабарлайды inform.kz
Апта басында Алматы қаласы әкімінің өкімі бойынша Еркебұлан Оразалин Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы болғаны хабарланды. Е. Оразалин 1981 жылы 16 тамызда дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар университетін және Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы Абай атындағы Алматы университетінің аспиранты болып бастаған. Әр жылдары Алматының Ақпараттық-талдау орталығында, «Әлемдік экономика және саясат институты» ҚҚ-да жұмыс істеген.
2012-2016 жылдар ішінде Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында басшылық қызметтерді атқарды. 2016 жылдан бастап соңғы тағайындалуға шейін Алматы қаласы М.Әуезов ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болды.
Сол секілді Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы келді. Аймақ басшысы комитет төрағасы Сағындық Ерғалиевті, басқарма басшысы ретінде Евгений Гончаровты таныстырды.
Сағындық Ерғалиев 1976 жылы туған, білімі жоғары. 1999 жылы Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын 2001 жылы Батыс Қазақстан облысында қаржы бөлімінің бас экономисі болып бастаған. Әртүрлі жылдар «ҚР бәсекелестікті қорғау агенттігінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясы» ММ БҚО аумақтық бөлімінің бастығы, «ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» РММ басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Ал 38 жастағы Евгений Гончаров 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру, спорт жаттықтырушысы», 2016 жылы Орынбор мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және муниципалды басқару» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын ОБЖСМ велоспорт жаттықтырушысы болып бастаған. 2015 жылдан Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Ол гір көтеруден 12 дүркін әлем чемпионы, 27 дүркін Қазақстан чемпионы болды. 2018 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Азия мен Қазақстанның абсолютті рекордын орнатқан спортшы.
Сонымен бірге, осы аптада Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Сәкен Абдолла облыстың сот корпусына жаңадан тағайындалған судьяларды таныстырды.
Президент Жарлығымен Ақтөбе қалалық сотының судьясы лауазымына Илиада Досова тағайындалды. Ол бұған дейін бірнеше жыл бойы облыстық соттың баспасөз хатшысы қызметін атқарған болатын. Сонымен қатар бұл қызметке Мереке Сабырбаева, Ақтөбе қаласының №2 сотына Сандуғаш Избағамбетова, Сая Ташымбаев және Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотының төрағасы қызметіне Жанас Қуанышев тағайындалды. Облыстың аудандық соттары жаңа кадрлармен толықты. Сондай-ақ, осы Жарлықпен Мұғалжар аудандық сотының судьялары лауазымына Ұлболсын Айтжанова, Рамазан Құстанов және Шалқар аудандық сотының судьясы лауазымына Дархан Исабек тағайындалды.
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Бауыржан Серікұлы Шәменов Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
Ол 2008-2013 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы болған. 2013 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Жалпы, осы аптада Қызылорда облысында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Энергетика министрлігі жауапты хатшысының бұйрығымен Саламат Сағынайұлы Қалжанов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы лауазымына келді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен Ерқасым Жайбергенұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.
«Атырау» футбол клубын бұдан былай жаңа бапкер жаттықтыратын болды.
«Атырау» футбол клубы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бас бапкер қызметіне Асқар Қожабергенов тағайындалған. Кезінде ол Алматының СКИФ, «Қайрат», «Достық», қарағандылық «Шахтер», талдықорғандық «Жетісу», жамбылдық «Химик», «Ақтөбелік» командаларында ойнаған. Сонымен қатар немістердің «Пройссен-7» командасында да өнер көрсеткен. Кейінірек Қаскелең қаласының «Сұңқар», талдықорғандық «Жетісу» және «Екібастұз» командаларына бапкерлік қызмет еткен.
Мемлекет басшысының Өкімімен Сұлтан Камалетдинов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы қызметін атқаратын болды.
Генерал-майор Сұлтан Бүркітбайұлы Камалетдинов 1965 жылы 12 ақпанда Астрахан облысында (РФ) дүниеге келген. Ташкент жоғары танк училищесін бітірген; Танкіге қарсы әскерлер әскери академиясының тыңдаушысы; Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясының тыңдаушысы.
Еңбек жолы: Германиядағы совет әскері тобының танк дивизиясының гвардиялық танк полкінің танк взводы командирі; танк батальоны командирінің орынбасары - штаб бастығы, танк батальоны командирі, танк полкінің командирі, механикаландырылған дивизия командирінің орынбасары - штаб бастығы, механикаландырылған бригада командирі (1986-2005); «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскер қолбасшысы басқармасының штабы бастығының орынбасары (2006-2008); «Оңтүстік» ӨҚ әскер қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары (01.2008-08.2008); «Оңтүстік» ӨҚ әскер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы - қолбасшының бірінші орынбасары (2010-2012); «Астана» ӨҚ әскер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы - қолбасшының бірінші орынбасары (2012-2013); «Астана» ӨҚ әскери қолбасшысы (2013-2016); ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлер бас қолбасшысының бірінші орынбасары (2016 жылдан) болды.
Апта соңында Қазақстан велоспорт федерациясының атқарушы директоры қызметіне Дмитрий Муравьевтің келгені хабарланды. Дмитрий Муравьёв – Әлемдік тур командасы «Pro Team Astana» сапында және америкалық «RadioShack» жобасында өнер көрсеткен. Т анымал кәсіби велошабандоз. Қазақстанның ұлттық құрамасында жүргенде 1998 жылы Бангокта - күміс жүлде, 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарында - қола жүлдені жеңіп алған болатын. Одан бөлек, Муравьев «Тур де Франс» көпкүндігінің 4-кезеңінде жеңіске жетті. Сонымен қатар ол көптеген кәсіби веложарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Қазақстандық велошабандоз - Almaty Management University түлегі, «Бизнес және басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
21 қазан 2019 ж. 423 0