Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тарихқа айналған топ: Атақты «Арал» ансамблі

Тарихқа айналған топ: Атақты «Арал» ансамблі

...Олардың аты 80-90 жылдары дүркіреді. «Арал» ансамблі жайлы тек аудан ғана емес, облыста да айтыла бастаған. Одан соң жаңақорғандық «Экспресс», қызылордалық «Мереке» ансамбльдері қалың тыңдарманға кең танылды. Алайда атағы алысқа кеткен аралдық топтың музыкалық лебі мейлінше басым болатын. Әуезді әуендерімен ел ішін аралап, тыңдарманды сырлы сазға қанықтырды. 70-80 жылдардағы әндермен қатар өздерінің творчестволық шығармалары да сахнада шырқалып жүрді. Қазіргі орта жастағы буын олар туралы майын тамызып айтып берер, сұрасаңыз. Сол музыкалық толқын ағаларымыздың жадында жаттаулы. Тек арадағы сырғыған уақыттың топты тарих күйінде қалдырғаны өкіндіреді. Алайда бір қуанары, ансамбльдің атын қайта жаңғыртып жүрген жандар бар арамызда. Бүгін сол атақты топтың жұрнағы жайлы әңгімелемекпіз.«Арал» вокалды-инструментальды ансамблін ең алғаш әлеуметтік желіден аңғарып қалдық. Ескі әуендерді еске түсіретін топ той ортасында көпшіліктің ықыласына бөленіп жатыр. Ауыз жыбырлатып әншімін дейтіндердің көбейгені жайлы менсіз де айтылып жүр ғой. Алайда осындай ел арасындағы өнерлі жандар ауызға ілікпей қалып жатады. Жанды дауыста ән айтып, аспаптан алуан музыканы құйқылжытып жүрген ВИА-ның табиғилығы бірден баурап алады. Көпшіліктің ықылас танытатыны да сондықтан шығар. – Көптің сұрауы ескі әндер, тойда да «Дос-Мұқасаннан» бастап, 70-80-нің шабыт беретін шығармаларын орындаймыз, – дейді топ мүшесі Нартай Қайырлапов. Ансамбльдің ел алдына шығып жүргеніне 5 жылдың жүзі болған. Құрамдағы жігіттердің барлығы музыкалық сауаты бар кәсіби мамандар.
– Бас гитарада ойнайтын Базарбай Аланов бұрынғы «Арал» ансамблінің мүшесі болған, – дейді Нартай, – ал Есбол Қадірқұлов пен Талғат Қаниев барабаншы, Ербақыт Жайлыбаев екеуміз клавиштеміз. Топтың әншісі әрі гитарашысы – Ғазиз Бектұрсынов, ал дыбыс операторы – Рүстем Алданов. Міне, әрқайсымыздың орнымыз бар.
Атақтылардың айтатын сөзі бар ғой «музыка – адамзаттың әмбебап тілі» деген. Расында, әуенмен үнсіз ұғынуға, тілсіз сырласуға болады. Әр нота көңіл пернесін дөп басып жатса, міне нағыз музыка. Біз сөз еткен топтың да негізгі мақсаты – осы. Ауыл-ауылды аралап, Аралдың қиырындағы елді мекендерді ескі әндермен қауыштыру. Тек табыстырып қою ғана емес, бір кездері ән айтқан ағаларға микрофонды қайта ұстатып, сахнаға шығарғысы келеді.
– Қазір қалай екенін білмеймін, алайда бұрын әр ауылда ансамбль құрылған. Кейін тоқсаныншы жылдың тоқырауы бәрін ыдыратты. Алайда сол топтардың құрамында болған апа-ағаларымыз аз емес. Сол кісілерді сахнаға қайта алып шыққым келеді. Олар да қарсы болмас. Қазір сол идеяны іске асыруға кірісіп жатырмыз. Жұмыс көп. Әр ауылға арнайы барып дайындық жүргізу қажет. Егер жүзеге асыра алсақ, тамаша жұмысты бітірген болар едік, – дейді топ мүшесі жоспарларымен бөлісіп.
Атақты ансамбльдің атын өшіргісі келмейтін бүгінгі ізбасарлар аға буынды алқа топтың алдына қайта шығарғысы келеді осылай. «Бұның не қажеті бар» деп бұра тартатындарға да жауап дайын. Өнер жоқтаушысы болмаса өледі, алдыңғы толқынды әдіптейтін жас буын болмаса, із де өшеді. Ештеңе болмағандай өз алдына өнер қуса да болар еді. Алайда атақты «Арал» ансамблінің қаншама еңбегі еш болатыны түсінікті. Бүгінде сол аға буынның шығармалары қорда сақтаулы тұр.
– Таспаға басылған он шақты туындыны өзімде сақтап жүрмін. Ол кезде лентаға басылатын, мен оны компьютерге көшіріп қойдым. Бұл – тарих, ауданның “алтын қоры” деуге болады. Ол топтың құрамында өнерге өмірін арнаған талантты ағаларымыз болды. Мәселен, сол кездегі ансамбльдің негізін қалаған Болат Жүргеновті бүгінде көп адам тани бермейді. Алайда ол 90-жылдары әйгілі “Дос-Мұқасанның” ән жинағын толықтай қайта өңдеп шыққан адам. Қазір Алматы қаласында тұрады. Одан бөлек те ел біле бермейтін еңбектері бар, – дейді Нартай.
Одан бөлек осы топтың бастамасымен қан­шама жаңалық енді. Тіпті, домбыраны deko нұсқасында да ойнап бастаған аралдық ансам­бль болатын. «Келіншек» күйін эстрадалық бағыт­қа салу да осы топтан басталды. Міне, қазақ музыкасындағы жаңалықтардың бастауы теңіз төскейіндегі топтың шығармашылығымен байланысты десек артық емес.
«Музыкаға махаббат керек» әуезді ұғына­тын­дар. Жалпы, өнер атаулыға деген өлермендік болмаса, қасиетін де ұғыну қиын. Кешегі «Арал» ансамблінің бүгінгі ізбасарлары осы жауап­кер­шілікті сезінетінін сөз арасынан аңғарып отыр­мыз. Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен өнерге де­ген адалдық бүгінгі толқынның беделін арттыра береді. Алайда оларды да қолдау мен көмек шабыттандыра түсетінін ұмытпау қажет...
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ
19 қараша 2019 ж. 1 156 0