Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдина Ералиева өмірінің соңғы күндерінде түс көріп, неліктен қатты қиналған?

Мәдина Ералиева өмірінің соңғы күндерінде түс көріп, неліктен қатты қиналған?

Қазақтың Ақбаяны, күміскөмей әнші Мәдина Ералиева жалғыз бауыры Сәғира Ералиева өнер иесінің жомарттығы, еңбекқорлығы, бақилыққа аттанар алдында түсіне кірген аяндары мен соңғы күндері туралы айтып берді, деп хабарлайды stan.kz.
–Қанша жыл өтсе де, халық «Ақбаянын» Мәдина Ералиеваны ұмытпады, әлі еске алады. Мұның сыры кез-келген әнін жүрекпен қабылдап, жүрекпен халыққа жеткізгенінде ме?
–Иә, өмірден озғанына 20 жыл өтсе де, халық әлі Мәдинасын ұмыта қойған жоқ. Бір таң қалатыным, Мәдинаның айтып кеткен әндерін кейінгі жастар да нақышына келтіріп орындап жүр.
Ол әр әннің бояуына мән беретін, кейде өз дауысына ыңғайлап, аранжировкасын өзгертіп те жіберетініні бар еді. Менде сазгерлердің Мадинашқа ұсынған көптеген әндері жатыр. Бірақ ол солардың ішінде халықтың жүрегіне жетеді-ау дегенін ғана орындайтын. Өз апам болған соң мақтағаным емес, әдемі көйлекті таңдаған сияқты әнге де талғамы мықты болатын...
–Өзі «Мен күнде әрбір сәтте тек қана қимылдаумен, тыпырлаумен келе жатырмын» деп айтқан екен бір сұхбатында. Еңбекқорлығы ерекше болған дейді...
–Өзі «жыбырламаған адамға Құдай бермейді» дейтін кейде. Үйде де, түзде де тынымсыз еді. Қасында тұрған адамды да қарап отырғызбайтын. Үй тазалығына қатты мән беретін, ол барда үй жарқырап тұратын. Ал сырттан үйге кіріп келгенде артынан 10 адам еріп кіргендей үй толып, жарқырап кететін. Сондай-ақ ол ешқашан ауруға бой алдырмайтын еді. Үнемі өзін -өзі күтіп, сырттан келе сала аузы-басын тұзды сумен шайып, сәл салқындап қалса, денесіне қойдың майын сылап, тез емделіп алатын. Адыраспанды көп қолданатын, әсіресе, үйде біреу тұмаумен ауырса, адыраспанды көк түтін етіп, үйді тазартып, залалсыздандырып алатын.
Алла тағала Мадинаштың бойына тігу, сурет салу, әншілік, ішкі түйсік, атасынан дарыған ұсталық сияқты жақсы қасиеттерді қос-қосымен берген.
70-80-ші жылдары қазіргідей киімнің түр-түрі болмады ғой. Анамыздан қалған «Зингер» қол машинасымен Мадинаш киім тіге бастады. Тапсырыспен тігіп, қалған-құтқан матадан маған керемет жейде, белдемше тігіп беретін. Әдемі жарасатыны сондай, тастамай 3-4 жыл киетінмін.
–Жалпы Мәдина Ералиева адам ретінде, әйел-ана, әпке ретінде қандай еді?
–Мадинаш Арсен екеумізге əкенің де, ағаның да, бəрінің орнында болды. Ол барда біз əке іздемеппіз. Егер де әке-шешем болса, Мадинаштың маған жасағандай жақсылықтарын жасауға мүмкіндіктері болса да, соншама жағдайымды жасау ойларына келмес еді-ау деп ойлап қоямын кейде... Бірақ әке-шеше мен бауырларыңның көз алдыңда тірі жүргенінен асқан қандай бақыт пен байлық бар?! Балалы-шағалы болып кетсем де, маған көп алаңдайтын, қолы сәл босаса, барын алып үйге жетіп келетін еді.
Анам ауруханада көз жұмарда Мадинаш қасында болыпты, 1972 жылдың 12 наурызы, Қызылордадағы педучилищенің музыка бөлімінде 1 курста оқып жүрген кезі болатын. Анам «Сағираға қара, артыңнан ерген қараң ғой» депті. Мадинаш та өмірден өтерін сезді ме, ауырып тұрмын десем, «ауырма, қарағым, ертең мен өлгенде артымда шошайып отыратын адам керек» деп қалған бірде. Егер де бірге қартайсақ, осы күнде қолына екі түйір кәмпит тисе, біреуін міндетті түрде маған ала жүгірер еді.
–Әпкесі ретінде сізге қандай ақыл-кеңестер айтып отыратын?
–Мадинаштай әпке берген Аллама мың да бір рақметімді жаудырамын. 20 жыл өтсе де, үйде, жүрген ортамызда, қызметте Мадинаштың берген ақыл- кеңесі көп көмегін тигізіп жатыр. Әсіресе, әйел адамға керек үй-шаруасындағы барлық тірлікті, ауырғанда қалай күтіну, жылдың төрт мезгілінде талғаммен және жайлы киінуге дейін үйрететін. Ертең барған жеріңде мені кінәлайды деп ісімен үйретіп жүретін.
–Бұрынғы сұхбаттарын қарап отырсақ, сөзге де нағыз шешен болған сияқты. Кітап оқуды сүйетін адамның бірі болған деседі. Тіпті әр гастрольдік сапарынан ұлы Арсенге кітап сыйға алып келеді екен...
–Мәдинаш - көптің ортасында жүрген адам еді, шешен болмаса да, дұрыс сөйлеуге міндетті ғой. Негізі жөн-жосықсыз көп сөйлейтін, көп сылтау айтатын адамды «тек ауызымен шөп орады» деп ұнатпайтын.
Арсенге кітап көп алатын, ол - өте білімді бала, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ кітапты күбірлеп көп оқитын. Әсіресе, география, тарих пәнін сүйіп оқитын. Географиядан дүние жүзінің қалаларын, теңіздер мен тау түбегіне дейін тізімін жазып шығатын.
–Қандай сыйлығы ерекше есте қалды?
–Мадинаштың маған жасамаған сыйлығы жоқ, қайсыбірін айтайын! Әрине, барлығын көзіндей көріп, әлі тұтынып, қуана киіп, сақтап жүрмін. Бір қызығы, ешқандай затының cәні кетпеген, ескірмеген.
–Мәдина апаймен түр-келбеттеріңіз ұқсайды. Ал мінезіңіз әпкеңізге келе ме?
–«Бір анадан ала да туады, құла да туады» дегендей, екеуміз екі түрліміз. Мадинаш ер мінезді, жігерлі, қиындыққа төзімді, шыншыл, адамгершілігі мол, ақ жарқын, көрінген адаммен сөйлесіп кете беретін, қарапайым жан еді.
–Түсінде Арыстан-бабтың шақырып, аян беріп жүргенін сұхбаттарының бірінде айтқан. Арсен ағаның айтуынша, өмірінің соңғы күндерінде оңаша қалуды көп қалаған екен...
–Жалпы қиындықтарды басынан өткерсе, жолы болмай жүрсе, ыңғайсыз түс көрсе, кез-келген әйел заты бірден құмалақшыға жүгіреді емес пе? Мадинаш та соңғы кездері қасына кілең құмалақ ашатындарды алып жүрді. Қаланың ішінде жүрсе, шаруаларын бітіріп келе жатып, маған үйге кіріп шығатыны бар еді.
Бірде үйге кірген бойда «жаңа құмалақ аштырдым, ұзақ жасайсың деп айтты» деп, маған ойлана қарады. Кейін ойлап отырсам, аян түстер көріп, жанын қоярға жер таппай жүрген кезі екен ғой. Соңғы кездері «мен аман болайын, кілең жетімді асырап отырмын» деген сөзді бір түрлі сыйынып айтатын.
Бір жолы марқұм кинорежиссер Шәкен Айманов түсіме енді. Мадинаштың жатын бөлмесінде төсегінің үстінен термометрді жанталасып іздейді екен деймін. Қайтыс болған кісіге түсіңде зат беруге болмайтынын білемін ғой, барынша термометрді жасырамын. Қайдан білейін, өзі де ыңғайсыз түстер көріп, қорқып жүргенін, осы түсімді Мадинаштың өзіне де айтып бердім.
Сондай-ақ соңғы күндері маған мешіттен шағын-шағын Құран кітаптарын алып беріп жүрді.
Мадинаш туралы тағы бір естелік. Макеш деген құмалақшы əйелді қасынан тастамай алып жүретін болды. Салдырлап қалған ақ көңіл кісі болатын. Соңғы айлары ма деймін, Мадинаштың үйінде жүргенмін. Макешпен үйге кіріп, тамақтанып болған соң концертке баруға боянып отырып, Мадинаш Макешке құмалақ аштырып отырды. Қалай сенбессің, өмірінде болатын жағдайды шамамен айтып отыр. Бірақ менің ол кезде қаперіме де кірген жоқ Құмалағын жинай бастағанда маған да ашуын сұрадым. Құмалағын шашып жіберіп, "ойбуу, басыңның іші быт-шыт демесі бар ма"?! Əйтеуір өмір сүремін ба деп сұрадым. Ана жерде бізге қарама-қарсы боянып отырған Мәдина "сен мені көмесің" демесі бар ма...
–Ғұмыры қысқа болды деген өкініштер жиі бола ма?
–Мадинаш қысқа өмірінде ештеңе көрмей кетті деп айта алмаймын. Жақсы-жақсы адамдармен араласты, есте қалатындай небір қызықты және қиындықтарды да көрді, дүние жүзін аралады деп өзімді жұбатамын. Тек бір ғана өкінішім - немерелерін көре алмай кетті.
–«Әйел қашан сұлу болуы керек» деп үнемі айтып жүреді екен. Мәдина апай өз-өзіне күтім қалай жасайтын еді?
–Әйел адам бойынан нұр шашып, сұлу болу үшін, ең бірінші, ішкі жан-дүниесі таза болу керек шығар. Мадинаш өтірік айту білмейтін, өз ісіне адал, көп қозғалып, тез жүретін жан еді. Жылдың төрт мезгілінде де ауа-райына тіл тигізбей жайлы киінетін. Дене күтіміне кілең дәріханадағы біз мән бермейтін глицерин, фурациллин сияқты нәрселерді алып, жұмыртқаға араластырып, түрлі кремдер жасап, бетін тазалап отыратын.
–Мадина апай жұлдызды әріптестерінің арасында кіммен жақсы дос құрбы болды?
–Мадина барлығымен бірдей араласатын. Бірақ әншілер арасында ешкіммен жақын дос болмады.
09 желтоқсан 2019 ж. 1 002 0