Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елмұра Жаңаберген: «Ел мұрасын жинап, Елмұра атандым

Елмұра Жаңаберген: «Ел мұрасын жинап, Елмұра атандым

syrboyi.kz Ол – ұлттық өнердің бағасын биіктеткен Елмұра. Оның Елмұра атанғаны қашан?! Халық жанымен, жүрегімен, дара даусымен ұлттық өнердің көшін жалғаған Эльмира Жаңабергенге алғаусыз көңілін осылай білдірген еді. Биыл жыршы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Манасқызы 50 жасқа толады. Елордаға барған сапарымызда жыршымен арнайы жолығып, өмірі мен өнер жолы туралы сұхбаттасқан едік.
– Биыл 50 жылдық мерей­тойыңызға орай өзіңізбен арнайы жолығып, әңгімелесуді жөн көрдік. Елге келіп, кон­церт бермегеніңізге де бір­неше жыл болыпты. Елді сіз, сізді ел сағынған боларсыздар?! Шы­ғар­машылығыңызда қандай жа­ңалық бар?
– Сыр елінің, жерлесте­рі­міз­дің хабарын естіп жатсақ, қуа­нып қалатыным, одан бөлек, өзімізді іздеп келсе, төркі­ні­мізден сыбаға алғандай мәз бо­ла­тынымыз рас. Бүгінде шығар­машылық жұмыстарымды жаңа ізденістермен жалғастыру­да­мын. Менің өнерге қосқан үле­сімнің бірі – Қазақ ұлттық өнер университетінде Нұртуған Кен­жеғұлұлы атындағы мектеп аш­қаным. Нұртуған ақынның мерейтойына орай осы­дан екі жыл бұрын университетте арнайы шара өткізіп, шә­кірттерімізбен шайырдың жыр-термелерінен толғадық. Оның алдыңғы жылы Базар жы­раудың мерейтойын атап өтіп, шәкірттерім «Әмина қыз» дастанын жырлады. Бірақ, осы жиындарға елден белгілі адам­дарды шақыра алма­дық. «Нұр­туған ақынның мере­ке­сі келе жатыр, соны өз дең­гейін­де атап өту керек. Конкурс, ғылыми конференциялар ұйым­дастырсақ дұрыс болады» деген ұсынысымызды жоғары жақ­­қа да айтқанмын. Бірақ, «өт­­кі­зіледі» дегендей жауаптар ал­­ғаныммен, іс жүзінде бұл ша­ралар атқарылған жоқ. Арал ау­данының Аманөткел ауыл­ында ғана ауылдық дең­гейде кеш өтті. Шараның ұйым­дастырылуына өзім ұйытқы болғаныммен, басқа жерде билеттерім сатылып, кон­цертім ұйымдастырылып, алдын ала бағдарлама жасалып қой­ған соң бұл жиынға барудың сәті түспеді.
– Нұртуғанның «Кәнекей, сөй­ле, қызыл тіл» деген терме­сін сіздің орындауыңызда ал­ғаш тыңдаған Роза Рымбае­ва «Мен жырауды бірінші рет тың­­дап отырмын. Жыр­шылық өнер ғажап екен. Менің айтып жүргенім дұрыс емес екен» депті. Арал­дан шыққан Елмұраның аты әлем­ге тарағаны белгілі. Өнер жо­лыңызға кеңірек шо­лу жа­са­йық­шы...
– Елордаға 1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келіп, қазіргі ҚР Күзет қызметі, ол кезде Ұлттық гвардияның Президент оркестрінде жетекші солисі болып жұмысқа орналасқанмын. Он сегіз жылға жуық сол қызметті атқарып, 2014 жылы әскери отставкаға шықтым. Осылайша, Президенттік оркестрдің ең ал­ғаш Сыр бойынан қабыл­дан­ған жеке орындаушы ән­шісі болдым. Менен кейін Мә­дина Сәдуақасова бір-екі жыл жұмыс істеп, кейін жеке шы­ғар­машылық жұмыстарына ден қойды. Бірақ әлі күнге Сыр бойынан ешкім жұмысқа алын­ған жоқ. Басшылық тарапынан «бір шәкіртіңізді дайындап әкелсеңізші, орныңыз бос тұр» дейді. Алла жазса, оған да шәкірттерімді дайындап жатырмын.
Жеке шығармашылық жұ­мыс­тарыммен бірге ең алғаш жы­раулық дәстүрді өнертану са­ласында арнайы зерттеп, ғы­лы­ми еңбек жаздым. 2010 жылы «Арал, Қазалы өңірінің жырау­лық дәстүрі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қор­ғадым. Осылайша, алғаш рет Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі ғылыми жүйеге еніп, теориялық тұрғыда талқыланып, жоғары баға берілген еді.
1993 жылдан бастап 1998 жылға дейін әртүрлі жағдайларға байланысты «өнерге енді қай­тып келмеймін» деген шешімге бекінген кездерім де болды. Бірақ тағдыр мені ұлттық өне­рімізге қайта алып келді. Өнер жолы – үлкен тайталас, қарусыз шайқас. Әрбір өнер адамы өзінің биігіне шығып, сол биікте тұрып, ел алдындағы парызын орындап, өзінен кейінгілерді қа­натының астына алғысы ке­леді. Ал мұндай ниетің кейде түрлі кедергілерге байланыс­ты орындалмайтыны белгілі. Ал­ла менің өнерден бағымды ашқан деп есептеймін. Ең алғаш кон­серваторияға оқуға түсуім де таңғажайып оқиға секілді болған. Консерваторияның қан­дай оқу орны екенін нақты біл­мейтін Елмұраның өзі арман­даған оқу орны әрі «дәстүрлі ән-жыр бөлімінде» білім алуына пойыздағы оқиға себепкер болды. Осылайша ашылғанына бір жыл ғана болған факультет, оның алдында Бекболат Ті­леуханов, Ержан Қосбармақов түс­кен білім ордасында оқу бұйыр­ды. Консерваторияға түс­кен­­нен бас­тап, «біздің жаңа жұлды­зымыз» деп ректорымыз менің даусымды, өнерімді ерекше бағалады. АҚШ-та бірнеше рет өнер көрсетудің сәті түсті, елге де жарқырай көріндім. Бірақ сөз басында айтқанымдай, 1993 жылы тоқырау кезеңдері болып, арада 5 жыл өткеннен кейін ғана аспирантураға оқу­ға түстім. Ғылыммен қатар шы­­ғармашылық жолымды да жалғадым. Осылайша, өнерде жолым ашылып, қанатымды кең жайған адаммын. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері атағын иелендім. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қо­лынан пәтер алдым. Әрине, бұл – өнер иесі үшін үлкен сый-құрмет.
– Ал, елордадағы «Елмұра» өнер мектебі қалай құрылды?
– 1999 жылдан бастап елден ұлттық өнерге қабілеті бар ұл-қыздарды әкеліп, жаныма жақын тартып, өнерге баули бастадым. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында көп отбасының балалары орыс­ша сөйлейді. Қазақилық, ұлт­тық рух жоқ. Елбасының «Ру­ха­ни жаңғыру» деген бағдар­ла­­ма­сын оқыған соң, ұлттық өнер­ді дәріптеуге мен де өз үле­сім­ді қосайын деген ниетпен «Елмұра» өнер мектебін ашқанмын. Қазір Қызылордадан да ата-аналар көп хабарласып, «Қызылордадан да мектеп ашсаңыз жақсы болар еді. Өзіңіз болмасаңыз да шәкірттеріңіз дәріс берсін» деп қиылады. Тіп­ті, балаларының демалыс уақыт­тарында Нұр-Сұлтанға келіп, сабақ алатындары бар. Сон­дықтан Қызылордадан да мектеп ашуды ойлап жүрмін. Алла жазса, ол да болып қалар. Осы орайда айта кетейін, өнерімді халқымның қатты жақсы көріп, бағалайтынын білемін. Сон­дықтан, халқыма ризамын. Сыр еліндегі үлкеннің де, кішінің де маған деген махаббаты жоғары. Екі концерт бергенімде де зал лық толып, халық тіпті тұрып тамашалаған. Мен халқымды сағындым. Жиі болмаса да, ара­сында Аралға барудың сәті түседі. Кейде ауқымды шараларда эстрада әншілерін алқалап шақырып, бізге «айтпады деме­сін» дегендей хабар жібере салатыны көңілге келетіні рас. Бірақ, үнемі айтып жүремін, елімнің маған деген ақ пейіліне ризамын.
2015 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен «Аралым – айдын шалқарым» атты концертімді бердім. Ел әлі күнге дейін үл­кен тебіреніспен еске алатын, ел ағасы Мырзатай Жолдас­беков, генерал-лейтенант Абай Тас­болатов, сол кездегі Мемле­кеттік хатшы Гүлшара Әбді­ха­лықова қатысқан жоғары дең­гейдегі, ауқымды концерт өтті. Мені үнемі қолдап жүретін «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыпар Қарабалаға да ризашылығымды білдіремін.
Елу жасқа толуыма орай мақсаттарым, өзіме қойған талаптарым бар. Қазір «Арал, Қа­залы өңірінің жыраулық дәс­түрі» атты 300 беттен асатын монографиямды дайындап қой­дым. Алла жазса, биыл жарық көреді деп отырмын. Бұл – көп зерттеуді қажет еткен ғылыми жұмыс. Осымен тақырып аясында бәрі түгенделіп кетті деп айтпаймын. Зерттейтін тұс­та­ры әлі де көп. Ең негізгі ерек­шелігі, бұрын зерттеле қой­маған Арал, Қазалы өңірінің жы­раулық дәстүрі ғылыми түрде зерделене бастады. Сонау ертеректе ғұмыр кешкен Ең­сепбай, Бітімбай жыраулар туралы деректер жоқтың қасы еді. Ғылыми еңбекте жырауларды өмір сүрген уақытына қарай үш кезеңге бөліп қарастырдым. Қазіргі кезде монографиядан бөлек, 60-қа тарта мақамды но­таға түсірдім. Сыр өңірінде жырлардың бір емес, бірнеше мақамы бар. Біз мектеп бітірген тұста Аралда мақам емес, ән деп айтатын. Айталық, Жаңаберген жыраудың әні, Дәріқұлдың әні, Мұсабайдың әні деген секілді. Мақам деген сөз кейінгі кезде ғана тілімізге тиек болды. Сол мақамның өзін музыкалық тұрғыда талдаған еңбек музыкатанушы, зерттеушілерге ертеңгі күні қажет болатынын білемін. Қазіргі кезде сабақ барысында мақамды шәкірттерге түсіндіру үшін ыңылдап өзіміз бастап береміз. Ән шақыру, жыр бас­тау деп әртүрлі айтады. Оның да жүйесі бар. Сондықтан осы жағына көп көңіл бөлудемін. Біткен іске сыншы көп болатыны белгілі. Бірақ, біздің міндетіміз – осы кезге дейін түйгеніміз бен білгенімізді жастарға айту.
– Елмұра деген атыңыз елдің сізге берген алғысқа толы атағындай болды. Төлқұжатта да осылай жазылған ба?
– Бұлай аталуымның аз да болса тарихы бар. Осыдан біраз жыл бұрын Қармақшыда Шәмшат Төлепова деген апамыз мерейтойына орай үш күндік жыраулар сайысын өткізіп, со­ған Айнұр Ешпаева деген жыршы қыз екеуміз қатыстық. Ол уақыт қыздардың арасынан жыр­шылар көп шықпайтын кез.  Екеуміз таңды таңға ұрып жыр­лағанымыз есімде. Айнұр мар­құм менен жасы кіші болса да, өзі де, дауысы да тым бөлек, аса талантты еді. Сол байқаудың бас жүлдесі маған бұйырды. Кеш­ке апаның үйінде қонақта бол­ғанымда қолымды қысып, «дау­сың найзағадай болып, қайдан шығып жатыр, әнің жүрегімізге жетті, тебірентіп кеттің ғой» деп таңғалған. Сонда Махамбетқали Тұрсанов «Бұл әупілдек қой. Көл жиегін мекендейтін, өзі кішкентай болса да, даусы жер жаратын әупілдек секілді» дей­тін. Сол жылы маған жұрттың бәрі ат қойғыш болды. Жазушы досым Айгүл Кемелбае­ва «Ел кенісің» дейді. Бір күні құр­дасым, өнердегі досым Елена Әбдіхалықова «сені енді Эльмира деп айтудың қажеті жоқ. Сен елдің мұрасын арқалап жүрсің, сенің атың енді – Елмұра» деген. Содан Елмұра атанып кеттім. Бірақ төлқұжат бойынша Эльмирамын. Қазір елдің қай түкпіріне де барсам да балаларының атын Елмұра деп қойып жатады. Қазір Қазалыда да өте дарынды Елмұра деген кішкентай жыршы қыз бар. Әкесі кезінде менің шәкіртім болған еді.
– Америкада концерт беріп жатқаныңызда бір бойжеткен қыз «Қазақ болып тумағаныма өкінемін» деп жылап жіберген көрінеді. Біздің ел жырауларына шетелдік театр режиссерларынан да жиі шақырту түседі екен...
– Иә, бірде Испаниядағы кон­цертіміз аяқталғанымен ха­лық жібермей, «Тағы айта түс­сін» деп көздері жәудіреп, өзге ұлт болса да, маған үлкен махаббатпен қарағаны есімде. Сон­да «Маған ғашық болған Бар­селона тұрғындарына мен де ғашықпын» деп Еленаның «Көздеріңе ғашықпын» әнін орындап бергенмін. Мұндай жағ­дайлар өмірімде жиі болды. Шы­нымды айтсам, қазір шетелге шығатын құжаттың төртіншісін пай­даланып жүрмін. Бір АҚШ-тың өзіне он рет барыппын, шетел сахнасында да қазақ әнін талай шырқадық. Ендігі арманым – 50 жылдық ғұмырым, өнер жолымның есебі сынды алға қойған мақсаттарымды орындау. Биыл мерейтойға орай елге барып, деректі фильм түсіру де ойда бар.
– Жыршылар тарапынан жыраулық өнер дамуы үшін жеке театр құрылса деген де ұсыныс бар.  Ұлттық өнерді дамыту үшін не істеу керек? 
– Жыраулық өнер дамуы үшін үлкен насихат керек. Жас­тар ел алдына көбірек шықса деймін. Бізде көбіне үлкендер жол бермейміз. Халықпен кез­дес­кеніміз дұрыс қой. Бірақ, жастар қашан шығады? Осында жүрген қызылордалық жас жыршылар еліне бір шақырылмайды. Мен соған қынжыламын. Күн­сұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай Елордаға келіп концерт ұйым­дастырды, олардың осы ізденісі, талабы қуантарлық. Ал, Нұр-Сұлтанда білім алып жүрген жас жыршылар «Арал арыстары» деген атпен еңбектерін жа­сап жүр. Осыларға қарап жас­­тардың өз тыңдарманы қа­лып­­­тасуы керек емес пе? Біздің тың­­даушыларымыз бар. Бұлар­дың тыңдарманы жоғалып кет­пеуі керек. Қазір әнші көп. Тың­даушы жоқ. Ал, тыңдау­шыны қа­лыптастыратын – ақпарат құ­рал­дары.
– Адамға анадан артық ті­лекші, қабағын бағып, қамын ойлайтын қамқоршы жоқ қой. Ішкі ойыңыз не дейді, сіз анаңыз армандағандай бала болдыңыз ба? 
– Өмірде қанша жетістікке жетіп, қандай белестен өтсең де ана мейірімінің орны бөлек. Анам – өзінің бар ғұмырын балаларына арнаған,  әкемнің ті­леуін тілеген жан. Бала күнім­нен өнерге баулыған да анам болатын. Өзіне болмаса да, бас­қаларға болсын дейтін ақ ті­леуінен болар, ана дүниеге аттанар алдында дала ақ қарға оранды. Қасиетті адам еді, өзінің ауыратынын, дәм-тұзы таусылатынын ертерек білді. Қазір әкеміз ортамызда. Ағайынды үш ұл, үш қыздан тараған балалардың көбі өнердің айналасында.
Айта кетейін, өткен аптада Сәкен Майғазиев байқау ұйым­дастырып, соған «Елмұра» өнер мектебінің атынан 6 шәкіртіміз қатысып, бәрі де жеңімпаздар қатарынан көрінді. Соның бесеуі – бауырларымның ұл-қыздары. Әкеміз демеушілік көрсетіп, Ыбырай Бекнұр есімді жиенім бас жүлдені еншілеп, Түркияға жолдама ұтып алды.
– Екі қызыңыздың да өнерге жақын екенін білеміз. Олар қазір қай салада еңбек етіп жүр?
– Иә, Салтанатым мен Сан­дуғашым домбыра, қобызбен жыр айтып, үлкен концерттерге қатысып, фестивальдарда же­ңімпаз атанып жүр. Бірақ, екеуі екі салада білім алды. Үлкен қы­зым режиссер, аниматор, су­ретші болса, кіші қызым кинорежиссура мамандығында оқыды. Қазір қоғамның мәдениеті басқа ғой, олардың жырға жақын болып, сәл басқа қалыпта өсіп келе жатқанына қуанамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
27 ақпан 2020 ж. 761 0