Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Роза Рымбаева жеке өмірі жайлы құпиямен бөлісті

Роза Рымбаева жеке өмірі жайлы құпиямен бөлісті

Елдің ерек ықыласына бөленген Роза Қуанышқызы «Бақытты әйел» бағдарламасына сұхбат беріп, жеке өмірінің сырымен бөлісті. Әншінің жолдасы музыкант Тасқын Оқапов 1999 жылы дүние салған болатын. Әнші жан жарына деген сағынышынан сыр шертті.
«Мен шығармашылық үшін жеке өмірімді құрбан еттім. Менің осындай деңгейге көтерілуіме жолдасым Тасқын Оқапов үлкен еңбек сіңірді. Соның арқасында  Халық әртісі деген атақ алдым. Мақсатым осы атақты алу болды деп айта алмаймын.

Сол үлкен еңбектің арқасында жеткен жетістігім ретінде көрсетемін. Тұңғышым Әлиді 33 жасымда дүниеге әкелдім. Мәдиді тоғыз жылдан кейін босандым. Бұл жерде мен әртістігімді көтерейін деп жүріп қалған жоқпын. Денсаулығымда да аздап мәселелер болған еді. Әлиден кейін бірнеше баланы қатарынан босанғанымда мұндай жетістікке жетпес пе едім. Кім білсін… Құдай осындай екі ұл берді. Шынымды айтсам әншіліктен де ана ретінде бақыттымын.

Әрине қазір күйеуімді сағынамын. Жасым келген сайын ол кісіні сағынып келемін. Уақыт өткен сайын маған қандай адамның жетіспейтінін байқап жүрмін. Мені қойшы, Әли мен Мәдиге жетіспейді.

Отбасы болғаннан кейін ренжіткен сәттерім де болды. Шығармашылықта талай тартыстық. Мен өзімдікін дұрыс деп қайтпайтынмын. Жеке өмірде де ыдыс аяқ сылдырламады деп айта алмаймын. Ол кезде өмір сүру де оңай емес еді. Мынандай молшылық жоқ еді.

Қазірге дейін маған ғашықпын деп сезімін білдіретіндер көп. Бірақ, Тасқынмен салыстырып отырамын. Ендігі адам Тасқыннан асып түсуі керек. Асып түспесе онда ол менің адамым емес. Шын айтам, маған ғашық болғандар көп болды. Мен де бір-екі адамға қызықтым. Араласа келе менің адамым емес екенін түсіндім,қателескен екенмін»-дейді Роза Рымбаева.
 
Дереккөз: Reactor
30 наурыз 2018 ж. 2 040 0