"Дос-Мұқасан" тобы туралы көркем фильм түсіріледі

Әдетте көзі тірі мұндай тұлғалар өмірі деректі фильм жанрында түсіріліп жататыны белгілі. Сондықтан бұл шынайы өмірбаяндық фильм бола ма, әлде режиссер аз-кем қиялдап, өмірде болған оқиғаларды құбылта ма дейтінге келсек, дәл қазірге шығармашылық топтың түпкілікті ұстанымы жоқ. Бірақ картинаның боямасыз болатындығына сенеді.
– Продюсерімізбен бірге осы топ жайлы бұрын жазылған кітаптарды негізге алдық. Олардың бірінің авторы – ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі Досым Сүлеевтің жан жары. Айта кетер жайт, «Дос-Мұқасан» тобының алғашқы шлягерлерінің авторы Досымның өзі біздің кеңесшіміз болып, өте қатты әсірелеп, болмағанды болған деп қоймауымызды қадағалап отырды. Біздің екінші кеңесшіміз, маңыздылығы одан кем түспейтін адам – Мұрат Құсайынов – топтың қазіргі көркемдік жетекшісі, онымен де кездесіп, әңгімелестік. Сүлеев те, Құсайынов та бізге ұжымның тарихын айтып берді және олардың баяндаған әңгімелері бір-бірінен аса алшақ болмады. Сондай-ақ «Дос-Мұқасан» композицияларының авторларын да сөзге тарттық, олар әндердің шығу тарихын әңгімелеп берді. Өйткені халық арасында бұл тақырыпта ойдан шығарылған түрлі әңгімелер аз емес, – дейді картина режиссері.
Айдын Сахаманның айтуынша, өкінішке қарай, мұрағатта «Дос-Мұқасан» концерттерінің бейнежазбалары өте аз. Көптеген бейнебаян, деректі музыкалық фильм бар, бірақ концерттері жоқ болып шыққан.
Түсіру тобы дәл осы күндері фильмді шығарудың қай кезеңінде тұрғанына келсек, бұл жай ғана ойын фильмі емес, музыкалық фильм болғандықтан, сценарий әлі де пысықталуда. Мұнда музыкалық ерекшелік баршылық, атап айтсақ, ауысатын жерлері де көп, қай композиция қай жерде тұруы тиіс, ол драматургия тұрғысынан жақсы құрылды ма деген сияқты мәселелерге көңіл бөлініп отыр.
– Біз қазір көп нәрсеге талдау жасап, дұрыс шешім табуға тырысып жатырмыз. Өндіріс жағына келер болсақ, карантин шектеуінен кейін бірінші рет бас қосқанда біз продюсермен бірге Өскемен, Қарағанды, Теміртау қалаларына түсірілім жасау орындарын іздеуге бардық. Біздің фильмнің оқиғасы 60-70-жылдары орын алған, ал Алматыда жаңа ғимараттар өте көп болғандықтан, біз сол жылдардағыдай көріністерді өзге өңірлерден іздеп жүрміз, – дейді режиссер.
Ал енді аңыз болған әуесқой музыканттардың рөлдерін кімдер сомдайды? Қазіргі шығармашылық топ мұны егжей-тегжейлі айта алмаса да, бірақ ашық кастинг жасауды жоспарлап отыр.
– Біз кейіпкерлермен, олардың жас ерекшеліктерімен портреттік ұқсастық табуға тиіспіз, бірнеше уақыт кезеңін қамтып көрсетуіміз керек. Ең бастысы, біздің актерлеріміз музыкант болуы қажет, олар аспаптарда ойнай білуі керек. Топтың әр мүшесінің бойындағы дарынын толық көрсетуге талпынып отырмыз, ол үшін, әрине, фильмде ойнайтын актерлер аспапта ойнай білуі керек. Егер актер портреттік тұрғыдан сәйкес келетін болса, біз оған белгілі бір аспапта ойнауды арнайы үйрететін боламыз, – деді киножоба режиссері Айдын Сахаман.
egemen.kz