Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлжаппар Әлқожа: Роза әпкемді сыртынан дуалап, ес-түсін білмей ауырып қалды

Әлжаппар Әлқожа: Роза әпкемді сыртынан дуалап, ес-түсін білмей ауырып қалды

Қазақта тіл-көз тию деген ұғым бар. Әсіресе, сахнада, көпшілік назарында жүрген жандар көп ауырады. Оларды сыртынан дуалайтын қара ниетті жандар да кездеседі. Әнші Роза Әлқожаның да дуаның әсерінен ес-түсін білмей ауырған кезі болған.
Әлжаппар Әлқожа халық назарында жүрген әншілерге көп көз тиеді дегенді айтты. Тіпті өз басынан ондай жағдайлар көп өтеді. Сондықтан адам көзі түсетін заттарды тағып жүруге тырысады.

"Мен концертке шығар алдында, сахнада тұрғанда көп түймем түседі. Шалбарым жыртылады, киімдерім жыртылады. Сондай жағдай көп болады. Ондайда мен қуанамын. Көзді алып түсті деп есептеймін. Егер ондай болмаса, мен ауырамын. Сосын тазаланып, дем салып қалпыма келемін. Түймені жаңа қадап қойғанда да сахнада тұрып түсіп қалған кездер болды. Әр түрлі адам болады. Біреудің сұғанағы болады дейді. Біреудің көзі өткір болады. Бірінің тілі тиеді. Сондықтан күміс жүзік деген секілді заттар тағып жүремін. Кейбір имамдар айтады. Бұл Аллаға серік қосу деп. Тіл-көз деген қазақта бар ғой. Пайғамбар заманында болған. Мен өзіме сүрелерді айтып дем салып жүремін", - деді әнші.

Айтуынша, әпкесі Роза Әлқожа дуаның кесірінен ауырып, есінен айырылған екен.

"Роза әпкем де қара магияның әсерінен ауырды. Сыртынан оқытқандар болды. Ине қадап кеткен. Пышақ тастап кеткен. Оның бәрін кейін білдік. Қатты ауырды. Қырсығып, сөзге келмей есінен танды. Кейін молдаларға апардық. Солай тазаланды. Дуа деген бар ғой. Барына сенемін. Пайғамбар заманында да дуалаушылар болған. Сондықтан сүрелер сол уақыттарда келген. Сүре айтып, тіл-көзден сақтанып жүру керек", – деді Әлқожа.

stan.kz
03 маусым 2021 ж. 713 0