Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Мәңгілік ғұмыр" деген осы шығар...

"Мәңгілік ғұмыр" деген осы шығар...

Адам баласының өмірде көргендерінің бәрі есте тұра бермейді. Дегенмен кейбір сәттер мәңгілікке есте сақталады екен. Сондай сәттердің бірі осыдан 55 жыл бұрын көрген, есімде қалған дүние жүзіне даңқы шыққан ұлы тұлғам...  Ол кім?
1967 жылы Қызылорда пединститутын бітіріп, жаңадан онжылдық болып құрылып жатқан "Арал" кеңшарындағы №57 орта мектебіне мұғалім болып бардым. Жаңа мектепке 7 қыз, 2 жігіт жаңадан бардық.
Мен, Мейірімхан Бимашова (марқұм), Нәзуша Қапақова, Гүлжахан Жалғасбаева, Айнаш Құрманбаева (марқұм), Қанаш, Бибігүл. Мектепте жұмыс істеп жүрміз. Ұмытпасам, қазан айы. Директорымыз Изатулла Сұлтамұратов ағай қыздарды кеңсесіне шақырып алып, "Қыздар, сіздерді кеңшар директоры Талекен Сырымов  шақырып жатыр, соған барыңдар" деді.
Кеңшардың кеңсесіне бардық. "Қыздар, отырыңдар",– деді Талекен аға.    
– Сендерге айтатыным, ауданға Роза Бағланова апаларың келіпті, осында келіп концерт береді, соған қонақасы береміз, сендер қызмет етесіңдер ,– деді.
Біз қатты қуандық. Ауылдық кеңестің үлкен залында дайындық болды. Түс қайта бір көлікпен аудандық атқару комитетінің төрағасы Түгелбай Пірімбетов бастаған Роза апамыз бен бір топ адам келді. Содан шай беру, қонақасы басталды. Біз шайын құйып, тамақтарын апарып, апамызға қызмет жасадық. Қасында киіндіретін орыс әйел мен домбырашы аға бар екен. Анда-санда Роза апа: "Айналайын, шалым, күй тартшы",– деп қояды. Біздер есіктен сығалап, мәз болып жүрміз (қайран, жастық-ай...).
Тамақ ішіліп болған соң, далаға шыға бастады. Есіктен шығып келе жатқанда, коридорда тұрып Роза апаның қолын алдық. Мен бірінші болып қолын сүйіп алдым. "Айналайын, қазағымның қыздары-ай, рақмет, бақытты болыңдар",– деді. Мен бірінші болып барып, апамның шай ішкен кесесінен бір ұрттадым. Кесесінің жиегі помада екен. "Мен әнші болам" деп қыздарға айқайладым. Бәріміз рақаттанып күліп алдық.
Содан кешке концерт басталды. Оқушыларды "шулайсыңдар" деп кіргізбедік. Ересек адамдар еркін отырып көрсін дегенбіз. Кейін інілерім мен сіңлілерім маған: "Апай, өз класыңызды кіргізіп, кіші кластарды кіргізбедіңіз",– деп өкпе айтты. Менің есімде жоқ, класым жоғарғы 9 класс еді. Оқушылардың есінде шығар. Концерт басталды. Роза апа елдің жүрегін тербеп, ән әлеміне, өзінің сұлулық көркімен, мың құбылған еркелігімен, сыңғырлаған үнімен халықты тәнті етті.
Ауылдан менің анам (Бихан) келіп жатқан. Қаншайым әжем екеуі де барып еді. Өмірі көрмеген Розаны көріп: "не деген сұлулық, не деген үн, керемет қой",– деп, үнемі еске алатын еді. Кейін суреттерімен бірнеше рет теледидардан көрсетті, алдыңғы қатарда отырған еді. Концерт аяқталды. Барлығы далаға шықты. Роза апаға совхоз атынан ақбоз ат мінгізді. Роза апа атқа мінгізгенде "мама" деп айқайлап жіберді. Адамдар мәз, күліп, айқайлап жатыр. (Барлық оқиғаны қаз-қалпында айтып отырмын).
Осыны көрген адамдар мына әңгімені оқығанда, естеріне түсіп, бір жасарып қалар деймін. Сол кезде Роза апа 45 жаста екен.
"Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз" деп Абай атамыз айтқандай, мен де өлең айтуға құмарлана бастадым. Кейін аудандық мұғалімдер байқауында өлеңдер, дуэттер айтып, мақтау қағаздар алып жүрдім. Бұл еліктеу ме, әлде Роза апаның маған тиген шапағаты ма...
Әр нәрсенің өз уақыты болады екен. Роза апамыздың 100 жылдық мерейтойы болып жатқанда, рухына бас иіп, мен де көргенімді жазуға қолыма қалам алдым. Бұл әрине мақтану деуге де болады, дегенмен дүние жүзінің 100 шақты еліне қазақ халқының даңқын әсем әнімен мойындатқан ұлы да қаһарман апамыз үшін мақтану айып емес шығар. Сонау 1942 жылы 20 жасында жасқанбай соғыс тылына барып, жауынгерлерге жігер беріп, елі-халқы үшін қызмет еткен бұбұл әнші, алып тұлға, ұлы адамның рухына тағзым етемін. Барлық қазақ халқы бас иеді... "Мәңгілік ғұмыр" деген осы шығар...
Түгел ӘДІЛОВА,
зейнеткер-ұстаз
28 мамыр 2022 ж. 3 063 0