Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ ғарышқа ұшқан күн

Қазақ ғарышқа ұшқан күн

Менің бақытыма қазақ баласының ғарыш кеңістігіне жасаған ең алғашқы сапарының ұшу сәтін көру жазылған екен. 1991 жыл қазан айының 1-і күні кеме жөндеу зауытында еңбек етемін. Зауыттың сол кездегі парторгі Болатбек Кемалашев: "сені сағат 2-ге аудандық партия комитетіне, Балтабай Ақпенбетовке шақырып жатыр" деді. Барсам, жиналыс жүріп жатыр екен. ауыздағы хатшы қыз: "Әуелбеков келіп, аудан активімен кездесу өткізуде" деді. Еркін Әуелбеков бұрын облыс басшысы болған. Сол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып Мәскеуде жүрген кезі еді. 10-15 минуттан соң жиналыс аяқталып, Б.Ақпенбетов шықты да: "Таңертең 2 қазан күні сағат 8-де Төретам вокзалында болатын бол. Қазақтың тұңғыш ғарышкерін  ұшырамыз. Бұл – қазақ үшін үлкен оқиға" деді. Мен қуанғаннан не дерімді білмей қалдым.
Айтқан күні Төретамға жетіп, Қадіров Қуантқан деген таныс жігіттің үйіне қонып, таңертең вокзалға барсам, Ақпенбетовтің сол кездегі жүргізушісі Қалабай аға жүр екен. "Балтекең сені күтіп отыр" деп, ол мені темір жолда тұрған жеке вагонға алып барды. Жолда келе жатып өзінің машинамен келгенін, ал Балтекең болса Әуелбеков және сол кездегі облыс темір жол бастығы Абылбековтің вагонымен келгенін айтты. Содан вагонға кірсем, үшеуі таңғы шайларын ішіп жатыр екен. Ауызғы бөлмедегі даяшы әйелдер кімге келгенімді білген соң, "аяқ киіміңді шешіп, мына тәпішкені киіп ал" деді. Төргі бөлмеге барсам, Әуелбеков, Абылбеков, Ақпенбетов және көмекшісі Серік деген жігіт шай ішіп, әңгімелесіп отыр екен. Сәлемімді беруін берсем де, есік алдына тұрып қалып едім, Балтекең "бері кел" деп дастарқанға шақырды. Содан "бұл жігіт кеме жөндеу зауытында бригадир болып жұмыс істейді. Өзі облыстық кеңестің депутаты. Жақсы жанұялы" деп таныстырып өтті. Әуелбеков жолдаспен дастарқандас боламын деп ойлаппын ба, қобалжып әзер отырмын. Ол кісінің атағы дүрілдеп тұрған кез. Әуелбеков те: "ұялма, шайдан алып отыр" деді. Көмекшісі Серік кесе-аяғын ұсынып жатыр. Әйтеуір бір-екі кесе шай іштім-ау. Арасында Еркін Нұржанұлының қойған сұрақтарына жауап беріп қоямын. "Ауылдың мал жайылымы қалай?" дегені есімде. Сол жылы ауданда қуаңшылық болып, малға шөп болмай қалған. Мен білгенімше айтып жатырмын. Сөз арасында Еркін Әуелбеков: "Халық ақшаға қызығып, малынын айырылып қалмасын. Алдымызда талай ауыртпалықтар келе жатыр. Шұлығымызды жамап киетін уақыт болады" деген еді. Сол сөздердің кейін ұзамай шындыққа айналғанын көрдік қой.
Үлкен кісімен жарты сағаттай дастарқандас болған соң, рұқсат сұрап шықтым. Аздан соң олар да киініп шықты. Біз Балтекең екеуміз өзінің машинасына, Әуелбеков жолдас бөтен машинаға отырды. Сағат 10-да Қызылорда облысы көлемінен аудандардан келген адамдар жиналатын орынға бардық. Барсақ, әр ауданнан бір-бір жұмысшы  мен сол ауданның басшылары келген екен. Жиырма шақты адам үлкен, еңселі Икарусқа мініп, жарты сағаттай жүріп, ұшу алаңына жеттік. 
Жағалай қазақы үйлер тігілген. Мал сойылып, қазан көтерілген үлкен той болып жатыр екен. Икарустан түскен соң Балтекең маған: "Тоқтар ағаңды ұшырып болған соң, осы арадан күт. Ал қазір жан-жақты аралап, қыдыр" деп өзі басшылармен  болатынын айтты. Дүкендерді араладым. Неше түрлі кәде-сыйлар үйіліп тұр. Халық көп. Ешкімді танымаймын. Оның көбісі шетелдіктер. Сонымен космодромда 2-3 сағаттай болып, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің аспан әлеміне қалай ұшқанын көзімізбен көріп, тамашаладық. Керемет көріністер қай-қайсымыздың да жүрегімізді лүпілдетті. Қазақ баласының ғарышқа жол салуы бізді қуантты.
Ғарышкерлердің ұшуын тамашалап болған соң, манағы Икарус облыс адамдарын мінген жерге әкелді. Аудан басшыларының машиналары күтіп тұр екен. Сол жерде жүректері қуанышқа кенелген барлығы қайта дастарқан жайып, ғарышқа ұшып кеткен қазақ жігітінің аман-есен келуіне тілек айтысты. Балтекең ерекше жан ғой, барлығының көзінше жанындағы серігі, мені де шақырып алып, баршасына таныстырып, тілек айтқызды. Сонымен осы тамаша сапарымызды ұйымдастырғандарға алғысымызды айтып тарастық. Содан бері, міне, 30 жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Ғарышкер ағамыз Тоқтар Әубәкіров ол кезде қырықтың үстіндегі жігіт еді. Қазақтың тұлғалы азаматын теледидардан, газет-журналдардан көрген сайын осы оқиға есіме түседі. Қуанышпен есіме алып отырамын.
Егемендігімізге де 30 жыл толғалы отыр. Қазақ халқының арасынан осындай дара туған, батыл да жүректі ерекше жандар шығып, ұлтымыздың мақтанышына айнала берсін дегім келеді.
Толғанбек Тишев   
02 қазан 2021 ж. 607 0