Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұлғалар, әрқашан биігінде көрінер...

Тұлғалар, әрқашан биігінде көрінер...

Адамгершілігі жоғары, азаматтық биік тұлғасымен, өсиет-өнегесімен, парасатты бейнесімен мәңгі есте қалатын адамдар болады. Олар өмір бойы көз алдыңда, жүрегіңде жүреді.Ер қадірін білмеген,
Ел қадірін білмейді,– деп Бауыржан Момышұлы батырымыз айтқандай, жылжып жылдар өткен сайын өткенді ойлап отырсаң, жастық шақта ескермеген, елемеген оқиғалар ойға келеді екен.
Осыдан 50 жыл бұрын №220 қазақ орта мектебі бой көтеріп, онжылдық болып ашылды. Сол кезде мектеп директоры Төлеш Дәрменов, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жеткерген Қанатбаев, оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәкібай Әбдіраманов ағайлар басшылық жасады.
"Мектеп – кеме, білім – теңіз" десек, әрбіреуі сол кеменің бір-бір капитаны бола білді. Мұғалімдер, яғни пән мұғалімдері Болат Махатов, Бижан Қадіров, Әміржан Құлманов, Серғазы Сарбөпеев, Оразғали Есенов, Төлепберген Нұржанов ағайларды еске алмау мүмкін емес (Аруақтарына бас иіп, тағзым етеміз).
Әйел мұғалімдер Ұлбосын, Зейнеш, Күләш апайлар, Айжамал, Ғафура, Күнзипа, Зинегүл, Күнімкүл, Шолпан, Гүлжахан, Жәмиға, Зибагүл, Капказия, Жамал, Қанзира, Камазилия, Әлихан, тағы басқа (есіме түспей отыр) белгілі мұғалімдер оқу жылын бастады.
Бұл мектепке мен 4 айдан кейін 1971 жылы 11 қаңтарда, тұрмысқа шығып, келіншек болып келдім. 25 жыл жұмыс істеп, әже болып зейнетке шықтым. Мектепте төрт бауырым, төрт балам, төрт немерем оқыды.
Жол жүріп шықсаң, белес бар,
Талайлар ізін қалдырған.
Қарлығаш көрсең, мені еске ал,
Оралып ұшқан алдыңнан.
Қызғалдақ көрсең, мені еске ал,
Самалмен қырда билеген.
Домбыра көрсең, мені еске ал,
Ішегіне саусақ тимеген,– деп Ақұштап Бақтыгереева ақын айтқандай, мөлдіреп тұрған жанарлар, даңғыл жолдар, жастық шақтың нағыз өзі, өлеңі еске түседі, ешкімді де бейжай қалдырмас...
Менің де жастық шағым есіме түсіп, өткен өмірге ой жүгіртіп, ойлана келе, 50 жыл, яғни жарты ғасыр болған, "Ердің жасы –50-ге" келген, өзім 25 жыл қызмет жасаған, зейнетке шыққан, қызығы мен шыжығы көп мектеп өмірін, "Алтын ұя" мектебімді ой елегінен өткізіп, мектепті басқарып, қызмет жасаған, қыз-келіншек болып келіп, әже болып зейнетке шыққан апайларымды, құрбыларымды, сіңлілерімді еске алып, қалам ұстадым.
Ойыма келген, еске түскен естелік тарихты жазуға кірістім. Әрине, бір естелікте бәрін айту мүмкін емес. Ұстазды қалай мақтаса да, қалай құрметтесе де, қалай сыйласа да, қандай даңққа бөлесе де, қандай сөзбен қадірлесе де, адам жанының бағбаны екенін ұмытпау – әрбір шәкірттің парызы.
Қазір мектепте қаншама шәкірттеріміз қызмет жасап, олар да зейнетке шығып жатыр. Ұстаздардың ұстазы, біздер, осыны мақтаныш тұтамыз. Әрбір ағайлар мен апайлардың асыл қасиеттерін, адамгершіліктерін, үлгі боларлық мінез-құлықтарын айтып тауыса алмаспын. Дегенмен бір-екеуіне тоқталайын. Білім саласының білгірі, мектеп директоры Төлеш ағайға барып, Қарақалпақстаннан көшіп келген 7 класс оқушысы туралы айттым. "Оқушы қыз өз атын да, фамилиясын да жаза алмайды. Бір жыл бойы қанша үйретсем де болмады. Енді емтиханда не істей аламын" дедім. "Айналайын, жаным-ау, қиын жағдай, "2" қойып, орнында қалдырғанда, келесі жылы сауаттанып кете ме, одан да қайтсең де реттеп өткіз, оны әже қыласың ба, ертең өскен соң біреуге жар, біреуге ана болады, оқушының бүгінгісін емес, келешегін ойлау керек. Нағыз мұғалім оқушының осал жерін емес, қайткенде соны түзету, болдырмау жолын табу керек" деді.
Содан бастап оқушыға "2" деген баға қоймадым. Күзгі сынға да, орнында да қалдырған емеспін. Кейін сондай оқушыларым үлкен болған соң, керемет азамат болып өмірден өз үлесін алып, рақметтерін айтып жүр. "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" деп Абай атамыз айтқандай-ақ, ерінбей үйретудің арқасында жетістікке жетеді екенсің.
Міне, ұлағатты ұстаздың бір ауыз ақылы өмір бойы бойтұмарым болды. Мектепке барған күннен бастап Жеткерген ағай маған мектептегі әйелдер ұйымының төрайымы жұмысын тапсырды. 25 жыл сол жұмысты қалтқысыз атқарып, әйел ұстаздар мен оқушы қыздар арасында түрлі шаралар атқарып, ойласа отырып, ауызбіршіліктің арқасында аудандық жарыстарда, байқауларда (көркемөнер) жеңіске жетіп, мектеп мәртебесін көтердік. Ән салдық, би билеп, домбыра тартып, спектакльдер қойдық.
Бізге Темірхан Рахимов, Ерғұлан Қазыбаев, Зәру Ізімбетова директор болып, барлығы да бұрынғы ізбен тамаша табыстарға жеткізді. Мектеп ауданда қай жағынан да үнемі алғы шепте болды. Бұның бәрі тәжірибелі ұстаздар қауымының еңбегі еді. Осындай ұжыммен бір мектепте жұмыс жасағанымды әр уақытта мақтан тұтамын, мақтап жүремін.
Аты аталған мұғалімдерді жекелеп айтсам, бір повесть жазуға болады. Ал өмірдің өзі, ата-аналар, шәкірттердің өзі сыншы емес пе? Әлдеқашан бағаларын алған, облысқа, республикаға белгілі қаншама мақтаныш ұстаздарымыз бар, әрбір ұстаз абырой биігінен көрінген тұлғалар емес пе?!
Әрбір зейнеткер-ұстаздарды кез келген адамның бағына бұйыра бермейтін 50 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын!
Барлық мұғалімдерді осынау мерекемен құттықтай отырып, өмірлері өрелі, еңбектері елеулі, келешектері кемел, абыройлары асқақ, "ұстаз" деген ұлағатты ұғымды бойларына сіңіріп, әркез білімді де тәрбиелі, болашағы биік шәкірттер тәрбиелей беріңдер деген тілек білдіремін.
Түгел ӘДІЛҚЫЗЫ,
зейнеткер-ұстаз     
09 қазан 2021 ж. 1 666 0