Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Сыр жұлдыздары» өнер фестивалі өтті

«Сыр жұлдыздары» өнер фестивалі өтті

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өңіріміздегі ерекше қабілетті жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, әлеуметтік белсенділігін арттыру және қолдау білдіру мақсатында «Сыр жұлдыздары» өнер фестивалі өтті. Фестивалда шексіз өнер мен талантты ұштастырған бірқатар ерекше жандар сахна төріне шығып, дүйім жұрттың алдында өз өнерлерін көрсетті.

Өнер фестивалінде облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Оспанұлы мен Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы ҚБ-нің төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Құрметті жас достар! Құрметті ерекше жандар! Бүгін фестивальдің атын «Сыр жұлдыздары» деп атауымыздың өзі тегіннен емес. Себебі бүгін өнер көрсететін әрбір ерекше жан жұлдыз болуға әбден лайық, өнерін паш етуге толық мүмкіндігі бар. Баршаңызға табыс тілеймін, шын жеңімпаздар жеңіске жетсін», – деді Талғат Оспанұлы.

Фестиваль барысында ерекше қамқорлық пен қолдауға мұқтаж жиырмадан астам өнерпаз «вокал», «хореография» және өлең оқу номинациялары бойынша өз өнерлерін көрсетіп, сынға түсті.

Балғындардың қабілетін жан-жақты дамытып, бойдағы өнерін қолдауға бағытталған бұл жоба жас таланттардың жарқырай түсуіне үлкен мүмкіндік берді. Фестивальде «хореграфия» немесе мәнерлеп оқу аталымы бойынша жүлделі III орынды Ұ.Таңсықбай мен А.Сапарбекова иеленді. Ал II орынды М.Кулдуйсенова иеленсе, I орын А.Туарбектің қанжығасына байланды. «Вокал» аталымы бойынша үздіктер қатарын жүлделі III орынмен Б.Сейфолла толықтырса, II орын ерлі-зайыпты Қ.Дәуренбек пен А.Оразбаеваға бұйырды. Г.Тастыбай I орынды иленсе, байқаудың бас жүлдесіне Д.Ешниязова лайық деп танылып, жеңімпаз атанды. Ал «Үздік өнерпаз» номинациясын Қ.Нұржігітов иеленіп, көрермен көзайымына айналды. Жеңімпаздар арнайы дипломмен, мүсінше мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әлемге күн жылуы қандай қажет болса, адамға жүрек жылуы сондай қажет. Адам қашан да адамдық қасиеттерге мұқтаж. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның әр қадамынан мейірімділік күтетіні бар. Бүгінгі шара осындай жандардың талантын ашып қана қоймай, бір сәт өмірге өзге көзқараспен қарауға үйретті. Шара соңында барлық қатысушылар фестиваль аясында арнайы дайындалған көрмені тамашалады.


kyzylorda-news.kz
05 қараша 2022 ж. 4 366 0