«Сыр үміті» жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды

«Сыр үміті» жастар сыйлығына халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық дәрежеде жүлделі орындардан көрініп жүрген 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Тілес хабарлады.
«Ауқымды шараның басты мақсаты – сырбойылық жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, жастар ұйымдарымен байланысын нығайту сондай-ақ, білім, ғылым, өнер, мәдениет саласындағы үздік жастарды ынталандыру болып табылады. Сондықтан барша Сыр елінің жалынды жастарын «Сыр үміті» жастар сыйлығына қатысуға шақырамын», – деді Талғат Оспанұлы.
Айта кетейік, құжаттарды қабылдау 18 қазанға дейін жалғасады. Сонымен қатар тиісті құжаттар бекітіліп, портфолио түрінде ұсынылуы қажет.