Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Бүтін адам

Сөз басы
Тақырыпты Ұлы Абайша «Толық адам» деп алмауымның себебі -  кейбіреулер түсінбей қалып, «семіз адаммен» шатастырып алар дедім.
Ал Ұлы Абайша айтқанда, Толық адам –кемелденген, рухани жан дүниесі, санасы барынша жетілген адам. «Толық адам», яғни «Бүтін адам» өмірді, өмірдің құпияларын жан-жақты зерттеп, өзін толықтырып өтетін жан. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. Абайша «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Қарапайым тілмен айтқанда Абай адам баласына қажетті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап, толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген, имандылық жолындағы абзал азамат.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.
Сонда толық боласың елден бөлек», - дегенде,  Абай толық адам хақында ұстанған көзқарасына сай сипаттарды айтады. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән берді.
Кейде Ұлы Абайша «Толық адамды» ойша іздейтінім бар. Абай пікірімен үндесетін «толық адам» немесе «бүтін адам» тек сонау 20 ғасырдың басында өмір сүрген Алаш арыстары ғана шығар деп ойлайтынмын. Кейін ондай азаматтардың қазақ арасында әлі де бар екеніне көзім жетті. Сондай аяулы жандардың бірі – Арал топырағынан жаралған жерлесіміз Сайлаубай Жұбатыров ағамыз екен.
Табиғатпен үндескен өмір
Уикипедияда ағамыз туралы:  «Сайлаубай Жұбатырұлы – 1948 жылы, 11 қаңтарда  Қызылорда облысы,  Арал ауданындағы Бөген ауылында туған.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ телевидениесінде, М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында жауапты қызметтер атқарды. Тұңғыш рет 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласымен, «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған «Боз айғыр» әңгімесімен көрінді. 1971 жылы жастарға арналған шығармалардың жабық бәйгесінде «Алыстағы аралдар» повесімен 2-орынды жеңіп алды. «Отты өткел», «Бумеранг» повестері, бірсыпыра әңгіме, новеллалары, «Жасыл сағым» (1978), «Алыстағы аралдар» (1980), «Зеленый мираж» (орыс тілінде,1984) жинақтарында және бірнеше ұжымдық жинақтарда жарық көрді. «Алақандағы ұя» әңгімесі әлемнің бес тілінде жарияланды.
«Қазақфильм» түсірген толық метражды көркем фильмнің («Бумеранг»,1981), Қазақ телевидениесі түсірген «Күзгі жол» көркем телефильмнің (1987) авторы. Елуге тарта көркем фильмді аударған. «Абыржы» (2000-2017) трилогиясының 3 кітабы десе», - оған қоса «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабы, сондай-ақ, «Қарғын су және қордаланған мәселе» (2023) атты табиғат, су жөніндегі шешімді мәселелер, Арал тағдырытуралы көтерген тұщымды мақалалары жұртшылық көңілінен шығып келеді. 1967 жылдан Арал, Сырдария, Байқоңыр, Балқаш көлі мәселелерін көтерген эколог-қаламгер «Кіші Арал», «Қазақстан арнасы» идеяларының авторы.
Аталмыш кітаптар мен мақалалардың дені қоршаған ортаны қорғау, сақтау, көркейту мәселелері мен экологиялық проблемаларды оңтайлы шешу жолдарын қарастырады. Соның ішінде үш томдық «Абыржы» трилогиясы ерекше орын алады.
Ол туралы қысқаша түсіндірмеде: «Әдебиетімізге романтикалық соны серпінде келген қазақтың танымал жазушысы Сайлаубай Жұбатырұлы бұл көлемді туындыны ел-жер жолындағы көп жылдық экологиялық-әлеуметтік ізденістер соңында дүниеге әкелді. Роман заты-алып империя күйреп, тәуелсіз ел тұңғыш қадамдар жасап, формациялар қинала ауысып жатқан күрделі кезеңдегі ойлы адамның жан дүниесі, өтпелі кезең шындықтары. «Абыржы» атауының өзі-осындай өліара сәттің жәдігер сөзі.
Тарих толқымасында жарты әлем алыстан елге оралған трилогияның бас кейіпкері Медеттің тәлейі өзгерістегі ел тағдырын айшықты бедерлеп, кезең шындығын соны тұрғыда аша түседі.
Оралымды тілде сөйлеген туындыны оқу үстінде, осы тарихи кезеңді өз басынан кешіп жатқан оқырман сезімі қаламгер жүрегімен бірге соғып, тынысы өзара үндесіп жүре берердей.
Автордың шығармашылық даралығын танытқан «Абыржы» қазақ әдебиетінің соңғы ширек ғасырда дүниеге келген сүйекті де сүбелі олжасы деуге негіз бар»-делінген.
Түйіп айтсақ, Сайлаубай Жұбатырұлы ағамыздың өмірі табиғатпен үндескен ерекше өмір!
Аға ақылы – болашаққа бастау
Соңғы жылдары суды үнемдеу мәселесі әлемдік деңгейге көтеріліп жатқан шақта теңіздің төл перзенті, эколог-қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлы сынды ағамызды Арал тағдыры қатты ойлантары анық. Оны аймақтық «Сыр бойы» газетінің 18 ақпан 2023 жылғы санындағы «Қарғын су және қордаланған мәселе» атты мақаласынан айқын көруге болады.
Әсіресе, ағаның аталмыш мақаладағы: «Сырдария енді өзен емес, аяқ суға ғана жарарлық бас арық» деген кешегі кеңестік нойыс қағидаттан біздің асып кеткеніміз қанша? Басты себеп осы маңда-ау. Сырдария – еркін дария емес, ноқталы су ретінде арнасы тартылған, ентелеген түрлі құрылым-нысандардан қос өкпесі қысылған, бұғаулы ағыс режімінен табаны көтеріліп, ұлтаны тайыздаған. Және жуыр маңда мұның келеге келер жағдайы да байқалып тұрған жоқ»,-деп налыған жан жарасын байқасақ, ағамыздың Арал өңірі ғана емес, әлемнің бір бөлшегі күллі Орталық Азияның болашақ тағдырына қатты алаңдайтыны анық сезіледі.
Қазіргі биліктегілердің Аралға тиесілі су несібесін жоспарсыз, жөн-жосықсыз су жолындағы көлдерге шашып, күпті етудегі бассыздығына да күйінішін білдірумен келеді.
Бұл жөнінде: «Елдік сыбағалы суымыз үшін сыртқы ізденістің бер жағында, Шардарадан-Аралға дейінгі өз ішкі тірліктерімізде әділетті су бөлу, су нысандарының техникалық жағдайы, агротехникалық мәдениет, экологиялық сауаттылық әр диқан, шаруа, жеке адамнан бастап, шаруашылықтар, аудандар, облыстардың жоспар-істерінде нақты мақсат-міндет түрінде алға қойылмаса, Сыр суы бір аудан қажетіне де жарамсыз, ластықпен былғанған арық халінде қала бермек.
Алысқа барып қайтеміз, Сыр суына алалық дәл Аралдың өз «табалдырығына» жетті. Алдыңғы жылы, суы қайтқан Қамбаш көлін құтқарамыз деп, баяғы КСРО-ның кері кеткен бір ісі – Аманөткел ауылы маңында «бұрмақұлақ» деген амал істелді. Оның кесірлігі сонда: «Арал өшті, Арал теңізі деген енді жоқ, сондықтан қалған-құтқан сарқынды сумен көлдеріңді демдеп алыңдар да, жан бағып отыра беріңдер» деген кешегі империялық саясат еді. Сол кері оралуды бір белсенділер, саяси ұпай жолында, «жау түсіргендей» дабырлатты. Білгенге, бұл – Пушкиннің «жырық легеніне» қайта оралу іспетті, өткеннің таз-кепешін киген жағдай еді. Сонымен дарияның аз ағыны Аралға жетпей, сол маңдағы бірер көлді «күпті» етті. Біз әлемге жария еткен Кіші Арал бір жарым жылда метр тайыздап, шамамен 7 миллиард текше метр суын жоғалтты. Өткен қыстың ортасында «Көкарал» басында теңіз сасып шіри бастады. О заман да, бұ заман, әрі, қысты гүні теңіз шіріді дегенді қайдан есіттіңіз?! Су жетімсіздігінен, сол қыста, төмендегі Қарашалаң көлінде балық шабағы қырылды. Тұщы көлі де сондай күйкешті. Қаратерең бет те сол жағдайда...Бәрі әлгі «түйіннен» төмен жатқан жерлер жыры. Сөйтіп,су мәселесіндегі алалау саясаты Аралдың өз басына жетті. Қанадан асқан Қамбаш, Ақшатау көлдері көп жерлерді басып, ел-жұрттың шаруашылықтары зиян шекті. Көктемгі күр басқынынан Қамбаштың демалыс аймақтары бүлінді. Басқа есепке алынбаған жайттар қаншама? Жауырды жаба тоқып, біразын «әй, құрсыншымен», ел қаржысына жөндетіп, жылы жабылды. Аманөткел ауылын су басу қаупі сейілмей қалды. Аманөткелден Райымға қатынайтын дария жағалық, Кәрібөгет маңындағы жолдар топан суда «қылкөпірдей» қатерлі өткелектерге айналды. Кешегі жаз ортасына шейін қайтпаған осы су малдың жайылымын, әсіресе, халықтың қыстық шөп дайындайтын шабындығын босатпай, сол маңдағы жұртшылық дағдарды. Мырзас биігі астындағы Суықкөл аумағынан ғана жылда әрқайсысы 700-1000 баудан пішен орып алатын жұртшылық, биыл 100 баудан ғана алып, қысқа қиын халде килікті. Бұл жағдай су басқан жерлерге де, сусыз қалған өңірлерге де бірдей болды. Сыр бойындағы құрғақшылық пен «бұрмақұлақ» сондай зиянмен қосылды...
Мұндай қисық «пайда» кімге керек еді? Иә, Қамбашты демеу керек, ол Сыр алабындағы ең үлкен бірден-бір табиғи көл. Ол Аралдың апатты жылдарында халыққа балықшы кәсібін жоқтатпаған. Қамбаш жолында біз де біраз сөз айтқанбыз. «Экология» деген нәубеттің 50-60 жылында бұл жерлердің халқы да, суы да өмір ырғағы жағдайға біршама бейімделіп, сол ахуалда өз өмір үрдістерін қалыптастырған еді. Кешегі 2020-2021 жылдар. Мұндай жағдай сонау 80-ші жылдары да болған. Бірақ сонда «көппен көрген ұлы тойдағы» Қамбаш сонша дабыра етілмеп еді. Бұл жолы біз артықтау кеттік...», - деп елдік пікірін жеткізіпті.
Өте дұрыс пікір! Су жағасында отырған халықтың көкейіндегісін дөп басқан. Осы орайда, тағы бір мәселені қозғай кетсек.
Осыдан екі-үш жыл бұрын суға қарық болған Қамбаш көлі арнасынан асып, солтүстік бөлігіндегі аңқасы кеуіп, ұзақ жылдар су ақпай, тайызданып кеткен Қамбаш көлінің жалғасы іспетті Тоқбай көліне су ақтарылып, қыруар балық соған кеткен. Ұлы көлге қайтып шыға алмаған сол бір жылдары есепсіз қырылған балықтан көл сасыған. Осы оқиғаға байланысты жорамал көп болды. Жорамалдардың дені дәлел-дәйексіз, көңілге қонымсыз қойыртпақ бірдеңелер секілді көрінді. Егер Сайлаубай Жұбатырұлы сынды табиғат тамыршысы, эколог-қаламгер, Арал теңізі мен көлдер жағдайының білгір маманының бір сәт ақылына жүгінгенде, мұндай сорақылыққа жол бермес едік деп ойлаймын.
Кейде осындай болашаққа бастау жасайтын аға ақылын алмау«Өзің білме, білгеннің тілін алма!» деген өмірдің ауыр кезеңіне аяқ басып бара жатқан жоқпыз ба,деген де оймен ұштастырады.
Сөз соңында
Өмір болған соң, ащысы да, тұщысы да болады. Кейде айтқаның болып та, болмай да жатады. Соған қарамастан, адамдық қасиетіңді сақтай білу де, рухани үлкен жетістік. Абайша айтқанда, «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» екенін тереңнен толғап, түсіну –толық немесе бүтін адамға тән қасиеттің көрсеткіші.
Олай болса, жақында Ташкентте өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы болып өтті. Онда Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдері бір пәтуаға келді. Ол туралы теледидарда былайша хабарланды.
«Арал қайта қалпына келіп,бұрынғыдай балығы тулап,шағаласы шулап жатса, таңғалмаңыз! Орталық Азия мемлекеттері теңізді бірлесіп толтырмақ.
Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан Сырдария мен Амудария өзендерінен су алу көлемі бойынша келісімге келді. Мұндай уағдаластық Ташкентте өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында жасалды. Бәрі жоспардағыдай болса, келер жылы 1 сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 мың текше шақырым су келеді. Ал «Достық» мемлекетаралық каналынан 487 млн. текше метр су алынбақ. Осылайша Түркістан және Қызылорда облыстарында қажетті су көлемі жинақталады. Бұл өз кезегінде Арал теңізіне 1,6 млрд. текше метр су жіберуге мүмкіндік береді»,-делінген.
Міне, осы қуанышты хабардың сыртында Сайлаубай Жұбатырұлы ағамыз сынды талай толық немесе бүтін адамдардың ерен еңбегі, маңдай тері жатқаны баршаға аян. Осындай халық үшін жасаған жанқиярлық еңбегі еленіп, 2007 жылы мемлекеттік «Парасат» орденімен марапатталған Сайлаубай ағамыз, 2008 жылы Отандық әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.
Енді биліктегілер келуге тиісті мол суды бұра тартпай, «өзім білемге» салынбай, Сайлаубай аға сынды азаматтар ақылына сүйене отырып, елге пайдалы іс қылса дейміз!
Н.Жүсіп,
Қамбаш ауылы
07 қараша 2023 ж. 1 073 0