Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әйел әдебімен сұлу

Әйел әдебімен сұлу

Бала күнімізде екі қыз бала бір-бірімен ренжісіп қалса, түріңе қарап ал деп сөз таластырушы едік. Адам келбетін бірінші орынға қоюымыздың себебі де балалықтан да болар. Бұл сынды кескін-келбетіме қарай берілген баға деп қабылдайтынбыз. Алайда сын сағатта бір жығылып, бір тұрып жан-жағыңа бағамдай қарағанда бала кезіңде қателескен тұстарың ойыңа қайта оралады.
Сұлулық – адам баласына берілген ең мықты нығметтердің бірі. Ал көріксіз адамдарға бұл нығмет берілмеген деген сөз емес. Сұлулық тек ол сіздің бетіңіздің тегістігімен, көзіңіздің әдемілігімен, тісіңіздің түзулігімен өлшенбейді. Сұлу адам деп нағыз көркем мінез иесін айтады. Небір ажарлы, көрікті, сұлу адамдар бар, бірақ олардың да әттеген-ай дейтін тұстары жетерлік. Кейбір жағдайда теледидарда отбасылық мәселе не бала тәрбиесі жөнінде ортаға ойын ашып айтуға үлкен апа, әжелеріміз сарапшы ретінде қатысып жатады. Сөз саптауы, тығырықтан шығу жолдарын ашып айтуы ойға қонымды. Өзі көрікті, мінезі жұмсақ, сабырлы, тағы басқа жақсы қасиеттерді бойына жинаған мейірімді жандар екені көрініп тұрады. Барлық жанға топырақ шаша алмаймыз. Алайда сол үлкен қария әжелеріміздің шашы сары түске боялғанын, жасанды қас пен тырнақты айтпағанның өзінде, киім кию үлгілеріне де іштей қынжыласың. Былайша айтқанда, бұл дегеніміз Алланың жаратылысына қарсы шығу дегенге келеді. Міне, осыдан жүзі жалтырағанның бәрі әдемі деп саналмайды. Өзіне сұлулық берілген адам Алла тағалаға қанша шүкіршілік айтса да жарасады. Сол сұлулығына сай мінезін, әдебін, тақуалығын арттырса дейміз ғой іштей. Себебі сұлулық бұл дүниеде біреудің назарын өзіне аудару үшін, мақтану үшін арналмаған. Бәрі сұлу болғысы келеді. Адамзаттың бәріне сұлу болу нығметі берілмеген. Бірақ сұлулықтың бетте емес, жүректе екенін естен шығармаған абзал.
Айта кетер болсақ, Пайғамбарлар тарихына көз салсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өте көрікті болған. Сұлу да нұрлы жүзін адамдарға көрсете бермейтін деседі. Тіпті оның (с.ғ.с.) сол ажарлы көркіне бола иман келтіргендер де болған. Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет өзінің бір мақаласында былай деп жазады: «Әр адамның бет-әлпеті өзін танытатын кітап тәрізді. Ал Пайғамбарымыздың нұрлы жүзінен тек шыншыл жан екендігі байқалатын. Мұны Пайғамбарымызды бір көргеннен сезген яһуди ғалымдарынан Абдулла ибн Сәлам: «Бұл кісінің өңінде жалғандық жоқ» деп дереу мұсылмандықты қабылдаса, Абдулла ибн Рәууаһа: «Егер пайғамбарлығын растайтын мұғжизалары болмаған күннің өзінде оның нұрлы жүзі-ақ көрген адамның иманға келуіне жеткілікті еді», – дейтін.
Сонымен қоса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жар таңдаған кезде де әдемілігіне қараңдар деген. Бірақ оның әдемілігі басты нәрсе еместігін ескертті. Алла тағала мынау шетсіз-шексіз ғаламды, жан-жануарды, табиғатты әсем етіп жаратты. Әрқайсысының өзіне тән жарасымдылығы, үйлесімділігі бар. Ал солардың ішіндегі ең көркем жаратылыс адамдар екен. Алла тағала Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым», – деген.
Жоғарыда айтылғандай, осы әлемді бұзатын да, түзейтін де адамның өзі. Әрине бәрі бір Алланың қалауымен. Қазіргі кезде жастардың арасында сұлу боламын деп аруларымыз киімдерін жұқартып киюге құмар. Жан сұлулығынан гөрі тән сұлулығына көңіл бөлетіндердің саны көбейгені қынжылтады.
Сұлулықтың құны қазір ақшамен өлшенетін болды десек, артық айтқандық емес. Себебі пластикалық ота жасату әдісіне сұлу болу үшін жүгінетіндер де арамызда бар. Мұрынды үшкір етіп, ерінді қалыңдатамын, қабақты үлкейтемін деген келеңсіздіктердің алдын алу үшін олар пластикалық отаға жүгінеді. Ал сәтсіз аяқталған ота абыройсыздыққа әкелетінін ұмытпағанымыз абзал. Қалай айтқанда да, кез келген адамның кейбір дене мүшелері үлкен болса да, кіші болса да өзіне жарасып тұрады. Алайда ондай жандар одан да әдемі болғанын қалайды. Негізінде пластикалық ота адамның бір кемістеу жерін, жарақаттан, апаттан пайда болған, тыртығы кетпей қалған жараланған жерлерді түзетуге арналған. Яғни, бұл жағдайда отаға мұқтаж жандарға ғана рұқсат.
Ал енді тақырыбымызға қайта оралайық. Жылтырағанның бәрі алтын емес демекші, көріктінің бәрі сұлу емес. Нағыз сұлу сырты сұлу болғанымен іші де сұлу болғаны. Негізінде ер адамға қарағанда әйел адамның сұлулығы басым келеді деп айтылады жазбаларда. Сол секілді ішкі сұлулығымызға мән берсек, міне, нағыз сұлулық дегеніміз осы. Сонымен бірге мінезі көркем жандар жаны бай, рухы тоқ адам уақытша сынақтарға жеңіл төтеп бере алады. Жасанды әдемілікке бойынсыну – иманымыздың әлсіздігі.
Қорыта айтқанда, Абай атамыздың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзі еске түседі. Сондықтан да көркем мінез, әдемі әдеп, нұрлы ақыл біздің ішкі дүниемізді әрлеп тұрса, қасиетіміз бен қадіріміздің артқаны.
К. ЗДЕНОВА 
17 қаңтар 2023 ж. 822 0