Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай танымы және толық адам қандай болмақ?

Абай танымы және толық адам қандай болмақ?

Мақал – сөздің мәйегі. Дана Абай өмірде өзі куә болған адамдардың болмысына қарап отырып бір ауыз сөзбен түйін жасады. Ол адамдардың надандығынан қамықты, озбырлығынан қаймықты, жалқаулығына күйінді. Сүйтті де өз замандастарына сөзбен селкеу салғысы келді. Абайдың тұжырымды ойлары сан ғасыр өтсе де ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлғана айналып келеді. Оның өлеңдері мен қара сөздерін, мақал-мәтелдерін оқып отырып кейде таң қаласың. Тап бүгінгі қоғамды суреттеп, бүгінгі адамдар бинесін ашықтап бергендей болады. Соның ішінде мақал-мәтелдері тәрбиенің озық үлгісіне айналып, ғажайып туындылар тізбегіне енгелі қашан.
Бүгінде біз қу дүниенің құлы болып, адамдық қалпымыздан айнып барамыз. Қарбаласқан өмір. Бәріміз де өзімізге сыбаға етіп берілген өмірдің бар кереметін алып қалғымыз келеді. Кейде тіпті артығын да көздейміз. Пендеміз ғой деп жұбатамыз өзімізді. Бірақ адамдар арасындағы сыйластық, сыпайылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген асыл қасиеттер жоғалып бара жатқандай көрінеді. Кейде «Заман өзгерді. Казір азулылардың дәурені» деп өзімізді қайрап та аламыз. Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: надандық, еріншектік, залымдық» десе тағы бір мақалында былай түйін жасады: Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі, - деді. Мұндайларды тәңірден тілеуі жоқ адамдар санатына жатқызып «Құдайдан қорық, пендеден қорық.», – дейді Абай.
Өзіміздің жақсылы жаманды істеген ісімізге қайырылымаймыз да. Кейбір күніміз ұйқымен, күлкімен ішіп-жеумен өтіп кетіп жатады. Мұндайда Абай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» дейді. Есеп алу деген ішкенің мен жегеніңді есептеу емес. Бүгін не тындырдым,кімге жақсылық жасадым, кімді ренжіттім? Елге пайдасы тиер қандай іс қылдым, деп таразылау. Не көріп, нендей жағдайды түйгенімізді саралау болса керекті. Осылай өткенді түйіндеу арқылы болашаққа нақты жоспар құру қажет. Әрине, белгілеген ережемен жүру деген сөз емес. Тек әрбір адамда мақсат болу керек. Алдыңғы жолын айқындап алған адамның өз мақсатына жету үшін аямай еңбек етері сөзсіз. «Еңбек қылсаң, қара жер де береді», - дейді. Расмен де ерінбей еңбек еткеннің ырысы артып берекесі кіреді. Ал еріншектік адамды кедейлікке апарады. Абайша айтсақ: Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Абай өз заманында надандықпен күресті. Сүйтті де былай тұжырым жасады: «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ», - деді. Халыққа: «Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма»! деп үндеу айтты.
Иә, қай заманда болмасын білім алып хат таныған адамның танымы, талғамы биік, ой-өрісі жоғары болған. Бүгінде біз дамыған мемлекетте өмір сүрудеміз. Ғылым мен технологияның қарыштап дамыған дәуірінде тұрмыз. Білім алам дегенге жол ашық. Бірақ осы мүмкіндікті мақсатты пайдалана біліп, әркім өзінің жүрек қалауына жете алғанда ғана тұлға ретіндегі мессиясын орындаған болар еді.
Тағы Ұлы Абайға жүгінсек: Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті. Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, – деген ақын толық адам ілімін осы үш қасиетпен келтіреді. «Ыстық қайрат» – бұл үнемі ізденіс үстінде болу, тек қана алға ұмтылу, жасампаз болу. «Нұрлы ақыл» - елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, Алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» - иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек - дейді.
Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды және дінмен жетіледі. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, бойында жетілдіре білген, дамытқан адам. Абай ұсынған «толық адам» концепциясы.
Тауып айтсаң, орынды сөзге – аталы сөзге тоқтамайтын адам жоқ. Бұл тұрғыда Ұлы Абайдың даналық сөздері өз мән-мағынасын жоймай келеді.
Оның үстіне, мақал-мәтелдердің жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалы өте зор. Ұзын-сонар насихатпен жеткізе алмаған ойды ескіден келе жатқан бір-ақ ауыз сөзбен айтып, жас санаға сіңіру әлдеқайда оңай. Сондықтан да, кемеңгердің кесек сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіре тәрбиелер болсақ, болашағы жарқын елге айналарымыз хақ.
Назерке МАРАТ 
08 тамыз 2023 ж. 651 0