Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әр мұсылман баруға тиіс Қазақстандағы қасиетті 10 орын

Әр мұсылман баруға тиіс Қазақстандағы қасиетті 10 орын

Әрбір адам үшін оның жаны тынышталып, өзімен және Жаратушымен үйлесімділік табатын ерекше қасиетті жерлер бар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі  Қазақстандағы қасиетті 10 жерді оқырман назарына ұсынады.
1. 
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі "Алланың бағы аса кең, Мен онда қайғылы бұлбұл болғым келеді. Сенің күн дидарлы жүзіңді көру үшін, О, Аллам! Көзбен емес, жүрекпен..."
                                                                                                                      Қожа Ахмет Яссауи
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Оңтүстік-Қазақстан облысы Түркістан қаласында орналасқан. Оны әлемнің сезігінші кереметі деп тегіннен тегін атамаған. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген. Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) - XII ғасыр ойшылы және түркілік сопылық бағытты дәріптеген ақыны. Біздің заманымызға дейін оның, әлемдегі ең көне түркі тілді кітап саналатын, "Диуани-Хикмет" ("Даналық кітабы") атты еңбегі жеткен. Ол 149 діни-философиялық хикмет-өлеңдерден тұрады. Яссауи өзінің сопылық қауымын ұйымдастырған, онда адамдарды еңбекке баулып, қарапайым, миссионерлік өмірге, құлшылық етуге шақырып уағыздар айтылған. 63 жасында дүниеден өткен Мұхаммед Пайғамбардың ( с.ғ.а.) аруағын ардақтаған ол бұл дүниенің жарығын одан асып көруді өзіне артық санап, 63 жасқа толғаннан кейін мешіт жанындағы қылуетке түсіп, сол жерде өмірін жалғастырады. Ақын 1166 немесе 1167 жылдары дүниеден өткен. Оның зираты бірден мұсылман қауымының бас ұрып, тағзым ететін орнына айналды. Оған үш рет бару Меккеге барғанмен тең деп те жатады. Қожа Ахметтің арқасында Яссы қаласы – Түркістан – барша түркі елдерінің рухани орталығына айналды.
2. 
Арыстан баб кесенесі "Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле" деген сөзді жылына бір рет болсын естиміз. Бірақ бұл сөздің не үшін айтылатынын бірі білсе, бірі білмейді. Ендеше аңыз былай өрбиді: "Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында халықты жинап, "кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен" деген өтінішіне 300 жастағы Арыстан баб жауап береді. Ол 30 түрлі дінді білген, бірақ тек исламға мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың қалауымен аманатын Арыстан бабқа береді. Содан 500 жыл өткен соң далада келе жатқан Арыстанбабқа 11 жасар бала: "Ата, аманатымды беріңіз" дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен.
Бұл аңыздың негізгі ойы — Қожа Ахмет Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісін жалғастырушы болса, Арыстан баб — оларды байланыстырушы дегенге саяды.
Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші.
Тағы бір аңыз.
Арыстан баб Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: "Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған". Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім үн қатпады. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: "Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін". Қожа Ахмет Яссауи ұлы әулие мен діни көріпкел 1103 жылы туылып 1166 жылы қайтыс болған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша Арыстан баб кесенесінің үстінде ешқашан бұлт тұрмайды екен. Әрдайым ашық аспан астында тұрады. Бұл да болса жоғарыда айтылған аңыздардың ішінде шындығы бар секілді.
3. Бекет ата мешіті Бекет ата - ескерткіш ғимараттары – Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы Бекет Ата есімімен байланысты жер асты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған. Бекет ата Мырзағұлұлы (1750- 1813) - әулие, халық батыры, абыз көреген, ағартушы, сәулетші. Туып, өскен жері Жем өзені бойындағы Ақмешіт Құлжан, Маңғыстау өңірі. Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, абыз көріпкелдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Адайлар өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет Атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан ұрпаққа ұластырған.
Бекет ата 1750 жылы туылып, емші, көріпкел ғана емес, физика, математика, астрономия заңдылықтарын жақсы білген ғұлама ретінде аты танылған. Бұхарада оқып, ілім жинаған соң, өз өңіріне қайта келіп, бес мешіт салдырады. Жергілікті дін ғұламаларының арасында атақ-даңқы өсіп, Пір атанады. Пайғамбар жасында дүние салады. Бекет атаның мүрдесі осы жерасты мешітіндегі бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Бұл күнде мешіт басы күні-түні әулие басына зиярат етушілерден бір арылмайды. Өлкедегі аса қастерленетін, ислам әлемінде әйгілі ескерткіш – Оғыланды жеріндегі (Үстірттің батыс шыңдары) Бекет-Ата жерасты мешіті. Мешіт Шопан-Ата қорымынан 100 км шығыста орналасқан. Бұл жерде қазақ халқының ұлы данасы Бекет Мырзағұлұлының өзі жерленген.
4. Жаркент мешіті Алматы облысында орналасқан көне тарихи қалалардың бірі – Жаркент. Ол көрші Қытай мемлекетімен шекаралас жатқан мемлекеттік маңызы бар аймақ. Жаркентке алғаш келген адамның назарын бірден өзіне аударатын, қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат бар. Ол – "Жаркент мешіті". Салынғанына 130 жылдан астам уақыт өтсе де, сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде 19-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған.
Көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында. Келбетіне сұқтанған қала қонақтарын мешіттің құрылу тарихы да қызықтырары анық. Аспан асты елінің мәдениетінен сыр шертетін сәулет туындысының артында қытай сәулетшісі тұрғандығын аңғару қиын емес. Будда ғибадатханасының кей элементтерін пайдалана отырып, қытай сәулет өнерінің үлгісінде мұсылман мешітін тұрғызу Хон Пик есімді шебердің жетекшілігімен жүргізілді.
Жалпы, мешіттің құрылысына байланысты аңызға бергісіз тарихы бар. 1887жылы мұсылман қауымның кезекті жиынында жаңа мешіт құрылысына қаражат жинау жөнінде шешім қабылданады. Ауқатты бай-көпестер негізгі шығынды өз мойындарына алып, жан-жақтан жүзге жуық тәжірибелі шебер құрылысшыларды жинайды. Осылайша, бас сәулетші Хон Пиктің нұсқаулығымен бойына бірнеше елдің мәдениетін біріктірген мешіт құрылысы басталып кетеді.
Халық арасындағы аңызға сенсек, бұл шебер өз отанында қытай үлгісінде мешіт тұрғызуды армандаған екен. Алайда жергілікті билік оның бұл қалауына қатаң тыйым салған. Осыдан кейін ол өз арманын қазақ жерінде жүзеге асыруды ойлайды. Іздегені алдынан табылғанына қуанған сәулетші бұл мешітті тегін салып беруге келісімін береді. Тарихқа сүйенсек, Хон Пик өз еліне оралғанда қытай сәулет өнерінің құпиясын ашып, қазақ жерінде бірегей құрылыс нысанын тұрғызғаны үшін өлім жазасына кесілген екен. Жалпы талантты сәулетшінің өміріне қастандық жасағысы келетіндер көп болған. Оның Жаркент халқын паналап келуінің бірден-бір себебі осы еді.
Бұл көне ғимараттың жалпақ жұртты таң қалдырған басты ерекшелігі - оның бірде-бір шеге қолданбай салынуында. Яғни сәулетші бөренелерді қиюластыру әдісін пайдаланған. Көзіңді бірден арбайтын қайқы шатырлардың қапталдарынан, сан түрлі бояуы үйлескен қабырғалардан ежелгі араб-парсы жазуларын көруге болады. Ал кіре берістегі алып қақпаның безендірілуі Орта Азияның сәулет өнерінен сыр шертеді. Жалпы, бір гектардан астам жер көлемін алып жатқан нысан құрылымына үлкен және кіші мешіт, медресе, бас қақпа мен қосымша шағын қақпалар, сәнді дуал қоршаулар кіреді.
Бір уақытта мыңға жуық мұсылманды қабылдай алатын бұл мешіттің қызметі ұзаққа созылмады. Оған сол тұстағы кеңес өкіметінің билігі тосқауыл болып, дінге барынша қысым жасап, ақыры жауып тынды. Біршама уақыт тасада қалған мешіт әр жылдары түрлі қызмет атқарды. Заманның небір қиыншылықтарына төтеп берді. Жаркентте болған апатты зілзала кезінде де түк болмағандай қасқайып тұрды. Ғасырларды артқа тастаған көркем сәулет өнерінің асыл мұрасы бүгінгі күнге бәз қалпында жетті. Қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін көне жәдігер тарихтан сыр шертетін мәдени мұражайға айналды. Мұнда өнер туындысын тамашалауға келген туристердің барлығы бірегей ғимарат құрылысына тәнті болып қайтады.
5. Ибраһим ата кесенесі Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Ақсу ауылы жолында Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Алғашында кесене XVI – XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта салынды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды.
Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған.  XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болды. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы аңыздар тараған. Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады.
6. Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне тағзым етіп келушілер арасында тек қазақстандықтар ғана емес, көршілес жатқан елдер Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейден де ат терлетіп, дұға ететіндер бар.
Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі Созақ ауданы Құмкент ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ маңында орналасқан. Күш атасы Қажымұқанның өзі додаға шығар алдында осында келіп, тағзым етіп кететін болған көрінеді. Елімізге танымал боксшы Бақтияр Артаев та кіл мықтылар бақ сынайтын Олимпиада ойындарына аттанбас бұрын баба басына келіп дұға етіп кеткенін жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін айтып жүр.
Кесене шырақшысы Шәріп Сатыбалды Алладан бала сұрап жүргендер де осы жерде дұға жасайтынын айтты. Ерекше атап өтетін жайт, кейде баба келушілердің түсіне кіріп, аян да береді екен. Кесененің бұрынғы шырақшысы Айбол Молдабеков шырақшы жұмысын атқарып жүрген кезінде келушілерге өзі куә болған талай оқиғаны айтып беретін. Солардың ішінде қызылордалық әйелдің басынан өткен жағдайға тоқталып өтейік.
Бірнеше жылдан бері балаға зар болып, ешбір ем қонбаған әйел кесене басында түнеп, Алладан перзент тілеген екен. Көп уақыт өтпей ол құрсақ көтеріп, балалы болады. Арада 16 жыл өткен соң оның түсіне таяқ ұстаған ақ сақалды қария кіріп, "Қызым, менің мазарыма келіп дұға етіп едің. Қалайша мені ұмытып кеттің?" деп ренішін білдіріпті. Себебі балалы болған соң әйел кесенеге аяқ баспаған екен. Бұл түстен соң ол дереу баба басына келіп, ас беріпті.
Тағы бір жағдай, дәрігерлердің өзі күдерін үзіп, аман алып қала алмайтынын айтқан семейлік ер кісі бақилық болуға іштей дайындалып жүрген көрінеді. Туыс-жекжаттарымен қоштасып, кесенеге жол тартады. Бір айдай кесене жанындағы бұлақтың суын ішіп, дұға еткен ол дертінен сауығып, еліне қайтыпты. Айта берсек, мұндай жағдайлар өте көп. Бәлкім сондықтан да шығар, қасиетті мекенге ниет етіп келушілер арасы күн санап артып келеді.
Кейбір аңыздарда Едіге батыр Баба түкті Шашты Әзіздің ұлы деп айтылады. Яғни, ел арасында тарап кеткен аңызда Баба түкті Шашты Әзіз су жағасында намаз оқып жатып, пері қызды жолықтырады делінеді. Кейінірек сол қызға баба үйленеді. Пері қыз оған үш шарт қояды. Бірақ Баба түкті Шашты Әзіз оны бұзғандықтан пері қыз «Ішімде алты айлық балаң бар. Оны мен Құмкент деген жерге тастап кетемін, іздеп тауып ал!» деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті Шашты Әзіз пері айтқан жерге келіп, құндақтаулы сәбиді тауып алады да, "Едіге" есімін береді. "Едіге батыр" жырында Баба түкті Шашты әзіз батырдың әкесі ретінде бейнеленеді. Ал тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіз ислам дінін уағыздаушы Ысқақ бабтың замандасы әрі досы делінген мәлімет бар.
7. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) – Баянауыл ауданында дүниеге келген ақын, этнограф, ағартушы, қазақ халқының жарқын тұлғаларының бірі. Оның есімі құпия-сырға толы. Ол теолог, діндар философ, көріпкел болған. Ерекше қасиетке ие Мәшһүр Жүсіп өзінің өмірден өтетін күнін нақ білген екен. О дүниелік боларынан бір жыл бұрын ол өзінің туған-туыстары мен жақындарын жинап, мазардың тұрғызылатын орнын, оның құрылысы  қандай болуы керектігін, бөлмелерінің қалай орналасуы керектігін, және ең бастысы, оның денесі жер қойнына берілмеуі керектігін, ал 20 жыл өткен соң барып бұзылмай, мәңгілік сақталатындығын айтып кетіпті. 50-інші жылдары советтік билік ескі мазарды бұзған кезде әулиенің бұзылмай сақталған денесін көргендер таңғалысыпты.
Дөңесте орналасқан кесенеге баспалдақтар алып барады. Баспалдақ алты аралықтан және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ғұмыр жасын  бейнелейтін 73 сатыдан тұрады. 

8. Хорасан ата кесенесі Хорасан ата кесенесі - Қызылорда облысы Жаңақорған кентінен он бес шақырымдай жерде ислам құндылықтарының бірі Әбдіжәлел бабтың кесенесі бар. Қай кездері болмасын, дәстүрлі салт-санамызға берік жандар бұл жерді қасиеттеп, зиярат етіп отырған екен.
Жаңақорған ауданынан 40 шақырым арыда жатқан «Хорасан ата» кесенесі ақылгөй, данышпан, өз заманында емші, дінбасы болған Әбдіжәлил баб жатқан жер. Шамамен ІХ ғасырда өмір сүрген ол – Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін таратушылардың бірі, Әзірет Әлінің 8-ші ұрпағы саналатын Ысқақ бабтың інісі. Осы қос ұлдың әкесі, бұрынғы Шам шаһарының патшасы Әбдірахман баб көз жұмарында тағын тұңғыш ұлы Ысқаққа табыстапты. Ал Әбдіжәлил баб Йеменнің патшасы болған. Оның Хорасан ата атануының да өзіндік сыры бар. Ондаған мың қолымен Хорасан қаласын басып алған бас қолбасшыны ел бертін келе осы қаланың атымен атап кеткен көрінеді. Оның Қызылордаға келуі жөнінде Сыр бойын жағалап, Өзкент, Боршынкент, Жаптырсен, Жаркент арқылы Сейхундарияның сол жағалауына, одан бері Қызылқұм өңіріндегі Тотықұс аралын басып өтіп, Жаңақорғанды қоныстанған деген дерек бар.
Мұнда зиярат етуге келушілер алдымен Хорасан атаның басына тоқтап, Құран бағыштайды. Одан соң әулиеден тараған ұрпақтардың бейіттеріне барып, ақ жаулықтарын іліп, армандарын айтады. Бұл ғимараттың қашан, қалай бой көтергені туралы дерек жоқтың қасы. Тек мұны ел аузында Хорасан атаның ұрпақтары салған деген сөз бар. Ал аңызға сенсек, ертеде Хорасан ата әр жұма сайын "Тотықұс" аралынан ақмаямен желдей ұшып, Меккеге барып, Бамдат намазын өтеп қайтады екен. Осыны сезген оның ұлы Хұсейін әкесіне: "Рұқсат етсеңіз, Меккедегі Кағбатілләні осында көшіріп әкелейін", – депті. Сонда баласын сынамақ болған әке рұқсатын берген деседі. Содан арада біршама күн өткен соң үйге кіріп келген баласы қағбаны әкелгенін айтып, түсіретін жерді сұрайды. Сыртқа шыққанында үй бойындай биіктікте кілем үстінде тұрған Қағбаттілләні көреді. Кенет аяқасты ит үріп, тауық шақырып, түйе боздап, ауыл азан-қазан болып кетеді. Сонда Хорасан ата: "Балам, сені сынайын деп едім, құдіретіңе сендім. Жерге түсірме. Қағбаның көлеңкесін сызып алайын, өзін қайта орнына апарып қой. Бұл жерде аяқ асты болады, өз орнында тұрғаны дұрыс" дейді. Қағбатілланың сол сызып алынған көлеңкесінің орнына топырақ үйіліп, ұзамай тұрғызған деседі ел. Міне содан бері оның құдіретіне иланған жұртшылық Меккеге бара алмаса да, Құрбан айт намазында сол Жаңақорғандағы "Қағбатілләні" айналатынды шы-ғарған. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Қағбаны" 7 рет айналған адамның қажылығы өтеледі» деген сөз желдей ескесін, иланғандар ат арылтып келіп, келушілердің қатары көбейе бастаған. Кейін оған жергілікті шырақшылар тыйым салыпты. Қазір Қағба көшірмесінің ішінде VІІ-VІІІ ғасырлардан қалған тастар қойылған. "Тасқа қолыңды қойып, ең үлкен арманын айтқан адамның тілегі орындалады" дейтінге ұқсайды. Оның қаншалықты қисынға келетіні белгісіз.
Кесене жанында емдік қасиеті бар құдық та бар. Келушілердің айтуынша, оның суын ішкендер ауруынан айығатын көрінеді. Ал, осы суға шомылу үшін арнайы орындар да қарастырылған. Жыл сайын, аптығып жететіндер қарасы артқан сайын кесене басындағы намазхана сынды арнайы орындар да көбейіп келеді.
9. Тектұрмас кесенесі Тектұрмас кесенесі – Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан XIV ғасыр сәулет ескерткіші. Бұл өңірдің діни ескерткіштерінің бірі. Кесене сәулетшісі мен құрылысшылары белгісіз. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған күмбезді төртбұрышты ғимарат. Сүйір аркалы кіреберіс батысқа Тараз қаласына қарап тұр. Кесене бұрышы пилястрмен аяқталады, қабырғаларда сылақ іздері бар. Г.А. Пугаченкова кесенесі XIV ғасырға жатқызады. Орыс тілінде аударғанда "Тектұрмас", "тау жай тұрмайды" деген мағынаны береді.
Тектұрмас кесенесі ХІV ғасырда Талас  өзенінің оң жағалауында салынған. Бұл қаладағы өте көне діни орындардың бірі. Осы төбенің басында зорастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы  және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.
ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде жартылай қираған. ХІХ ғ. 80 жылдары түсірілген кесене формасының қарапайым фотосуреті ғана сақталып қалған. Аталған кесененің орнына 2001 жылы археологиялық қазба жұмыстарыжүргізіліп, 2002 жылы ортағасырлық үлгіде кесененің алғашқы  орнында  жаңадан кесене тұрғызылды. Тектұрмастың тарихи аты – Сұлтан-Махмудхан. Ал, Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз орын» дегенді  білдіреді.
Тектұрмас кесенесі туралы 1 - аңыз. Тектұрмас Әулие Қарахан тұсында әскербасы, жасауылбасы болып қызмет атқарған. Ол қызметін атқаруға шыққанда, қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткен түгел тексеруден өтеді екен. Көңіліне жақпаған жүргіншілерді өз бетінше жазалап, оларға өз бетінш шара қолданыпты. Жолаушы жұртты да, тұрғылықты елді де үнемі тексеріп, халыққа да тыныштық бермей, өзі де тыным алмай жүретіндіктен, көпшілік оны Тектұрмас деп атап кеткен.
Тектұрмас кесенесі туралы 2 - аныз. Таластың төменгі ағысы бойында тұрған Тектұрмас қорғаны орнында бұрынғы заманда қала болған. Осыдан бес жүз жылдай бұрын Талас бойын жат жерден келіп, қалып қойған қалмақтар билеп тұрыпты. Жергілікті ел Әмір Темірмен сөз байласып, қалмақтарды Талас бойынан қуып шығуға келіседі. Әмір Темір қалың қолын бастап, Самарқаннан Таласқа қарай жорықа шығады. Бұл хабарды естіген қалмақтар Темірдің әскріне ешқандай асыл зат не бұйым қалдырмаудың жолдарын іздестіреді. Қалмақтар Тектұрмасқа өздерімен алып кете алмайтын асыл заттар мен бұйымдарды әкеліп жинайды, олардың үстіне таудай қылып сексеуіл және басқа отын ағаштарын үйеді. Жинаған түрлі асыл заттар мен бұйымдар аспанға атылған алып от – жалын ортасында өртеніп, күлге айналады. Әмір Темір келгенше, қалмақтар түгелдей ел – жұртына қоныс аударып, көшіп кетеді.
10. Құнанбай мешіті. Мешіт тарихы өз заманының қаһарман-қайраткері Құнанбай Өскенбайұлының есімімен тығыз байланысты. Дерекке сүйенсек, мешіт құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы толық салынып біткен. Оның Құнанбай атымен байланысты болуының сыры неде?
Қарқаралыда мешіт салу жөніндегі әңгіме халық арасында 1847 жылы қoзғалып, сол кездегі ру басшылары Сiбiр қазақтарының шекара басқармасына хат жолдайды. Оған Тобықты руынан Құнанбай да бар, 16 болыс қол қойған екен. Мешіт құрылысы үшін халықтан қаражат жиналғаны туралы деректер де бар. Ал 1849 жылы Қарқаралы уезіне аға сұлтан болып сайланған Құнанбай Өскенбайұлы ең бірінші кезекте ұлт мұқтаждығына қатысты игі шаралармен айналысуды қолға алады. Бұл бір жағынан Құнанбай қажының ертеден келе жатқан армандарының бірі – қазақ балаларының сауатын ашу еді. Сондықтан да, аға сұлтандыққа отырған Құнанбай мешіт құрылысын өз қолына алып, бас-аяғына дейін тыңғылықты қадағалағандықтан, мешіт – халық арасында Құнанбай мешіті аталып кеткен.
Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы округіндегі ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Осы мешітке кезінде Абай да барып тұрған екен. Құнанбай қажы мешіт салу арқылы аймақта абырой-беделін арттырып қана қойған жоқ, ол ұрпаққа өлмес өнеге қалдырды.
Құнанбай мешіті бір жылдары күтімсіздіктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында болған екен. Мәселен, бір мезгілде 300 адам намаз оқитын мүмкіндігі бар мешіт кеңес заманында азық-түлік сақтайтын қоймаға, пионерлер үйіне айналса, тың игеру кезеңінде келімсектер жатағы да болған. Әбден тозығы жеткен кесенені қайта қалпына келтіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты Құнанбай мешітін алғашқы қалпына келтірді.
Ел аузындағы деректерге қарағанда мешіт ашылған жылдары мұнда 11 қари қызмет еткен, балалардың діни сауатын ашқан. Мешітте сол кезден қалған арапша кітаптар, Құранның сол кездегі нұсқасы да сақталған.
14 мамыр 2019 ж. 1 563 0