Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір ауыз сөз... (болған оқиғалар ізімен)

Бір ауыз сөз... (болған оқиғалар ізімен)

Иә, тіл – құдірет! Сондықтан әр сөзге аса мұқият болу керек. Себебі тіл – кездік алмас. Жөнімен сөйлемесең өзіңді тіліп түсуі мүмкін. «Тіл тас жара- ды, тас жармаса, бас жарады», «Басқа бәле – тілден!» деген тәмсілдер тегін ай- тылмаса керек. Опық жемес үшін, орақ тілге отыз екі тісті қорған еткен жөн. Тіл туралы ой тізбектеуімнің себебі бар. Аңдамай сөйлеп, есесін алғандарды өз тәжірибемнен білемін. Сондықтан бір ауыз сөздің дауды да шешетінін, жарға да жығатынын айғақтайтын бірер оқиғаны мысал етуді жөн санадым.
Бірінші оқиға
Ертеректе, Сталин заманында «Райым» кол- хозы мен «Жамбыл» колхозы балық аулаудан социалистік жарысқа түссе керек. Бұл бәсекеде «Райым» колхозы жеңімпаз атаныпты. Тарихи оқиғаға байланысты аудан орталығынан бір топ өкіл алып-ұшып ауылға да жетіпті. Жеңімпаздарға социалистік жеңіс туын тап- сырып болған өкіл жетекшісі: – Ал енді үкіметке арнап бір ауыз жылы лебіз білдіріңдер! – деген екен. Жұрт қатты қобалжыпты. Өйткені бұл кезде үкіметтің қаулысымен көзі ашық, көкірегі ояу, аузы дуа- лы, оқыған-тоқығандардың бәрі ұсталып кеткен екен де, ауылда бас көтерер ешкім қалмапты. Бұған қатты ашуланған өкіл жетекшісі: – Сендер үкіметке құрмет көрсеткілерің келмейді, ә-ә!.. Шеттеріңнен қаматайын ба?!. Қане, сен сөйле! – деп орта жастағы бір бейшараны нұсқапты. Әлгі аузынан оңайлықпен сөз шықпайтын мүсәпір екен. Қалтырап-дірілдеп, қорыққаннан не айтып, не қойғанына есеп берместен, басын сипалаған күйі: – «Жамбыл» колхозын жеңеміз деп өлімімізді салдық ғой, әйтеуір! – деп қойып қалса керек. О-о, Жаратқан!.. Бір-ақ ауыз сөздің құдіретіай!.. Байғұс үй ішімен де қоштаспастан үш жылды арқалап кете барыпты. Орысша білмейтін сорлы сол кеткеннен мол кетіп, «ит жеккеннен» қайтып оралмапты.
Екінші оқиға
Соғыстан кейінгі сәл жылымық кезең болса керек. Сыр өңірінің оңайлықпен көлік қатынай бермейтін құмды жерінің түкпіріндегі бір ауылдан «Правда» газетін жаздырып алатын біреу пайда болыпты. Бұл тарихи оқиғаға үлкен мән берген аудандық партия комитетінің бюросы шұғыл жиналыс жасап, әлгі ауыл адамының патриоттығын насихаттау мақсатында дереу комиссия жасақтап, ешкімнің де ес жиюға мүмкіндігін қалдырмай, комиссияны құмды ауылға аттандырып жіберіпті. Отаншыл, патриот тұратын ауыл, шынында да, ұшқан құстың қанаты талатын «ит өлген жер» екен. Комиссия арып-ашып әрең жетіпті. «Правда» газетін жаздырып алып отырған Отанының адал ұлы – тоқсанды «тоңқайтып» тастаған қарт кісі екен. Мұны көргенде, комиссия мүшелері қуанғаннан еріксіз алақандарын шапаттап жіберіпті. Сөйтіп, қарияны Кеңес үкіметінің символы – патриоты ретінде идеологиялық насихатқа кеңінен пайдаланбақшы болыпты. Қария айтса айтқандай-ақ, нағыз көпті көрген, көргенді, әр сөзіне үлкен мән беріп сөйлейтін сөзге шешен, ескі билерше мақалдапмәтелдеп сөйлегенімен қоймай, көкірегіне түйгенін іркіп қалмайтын ашық та турашыл адам боп шығыпты. «Іздегенге – тілеген» деген, міне, осы! Көпті көрген қария бұйымтайдан бұрын, қазақтың салт-дәстүрі бойынша қой сойдырып, қонақтарды төрге оздырыпты. Біршама уақыттан соң, іштеріне ел қонып, терлеп-тепшіп отырған қонақтарға тоқсандағы қария «енді бұйымтайларыңды айта беріңдер» дегендей иек қағыпты. Қуаныштары қойнына сыймай тұрған ко- миссия мүшелерінің жапатармағай жамырай сөйлеген сөзінен көзі қарақты, көкірегі ояу қарт көп нәрсені аңғарып, асықпай нән жастықты шынтақтай жатып, сөзді әріден қозғапты. – Е-е, қарақтарым-ай! Қаншама жерден ат сабылтып келген еңбектерің босқа кетпейтін болды. Олжалы оралатын болдыңдар!.. Мен өзі өз басымнан өткерген тәжірибелеріммен ғана бөліскенді құп көретін жанмын. Сондықтан бұл, айналып ғана кетейін, «Прабда» кәзитіне жазылудағы құпиямды сендермен де бөлісейін!.. Бір кәделеріңе жарап қалар!.. Әнебір жылы қалаға барғанымда, бір мың болғыр бала осы кәзитті «ал да, ал!» деп тықпалап қоймаған соң, көңілін қимай ала салғанмын. Үйге келіп, ет жеп болғаннан кейін, сатып алған кәзитімді алдырдым. «О-о, Алла тағала!.. Ақ адал ақшам босқа кетпепті!.. Бұл кәзит жай кәзит болмай, қасиетті кәзит боп шықты!». Мұны естігенде, комиссия мүшелері қуанғаннан естерінен адаса жаздап, бірін-бірі құшақтап: «Өй, мәледес!» – деп көңілдері босап, көздеріне жас алыпты. – Айдан іздегеніміз, жерден табылды-ау! – десіпті. Үкімет адамдарының мұншалықты қуанғанын көрген арқалы қария тіпті арқаланып кетіпті. Аталы сөзін одан әрі салмақтай түсіпті. – Содан не керек, алдырған кәзитімнің бір шетін жыртып, ет жеп, май сіңген қолымды сүртіп кеп қалғам!.. Мәс-саған! Саған өтірік, маған шын, әлгі май-май қолым әп-сәтте «анадан туғандай» тап-таза күйі, жарқырап шыға келгені!.. Қуанғанымнан: «О-о, Алла тағала, әлі де бар екенсің ғой!.. Жан-жағымдағылар құдайдың құтты күні: «Құдай жоқ! Құдай жоқ!» деп қақылдайтындары бекер-ақ екен! Тез тәубеме келдім!» – депті. Мұны естігенде, ауданнан келген қызыл жағалы комиссия мүшелерінің беттері кенеттен қара күреңітіп сала беріпті де, артынша жүйке аурулары қозған науқастардай бір-біріне қарап, ауыз-бастарын қисаңдата беріпті. Мұндай «ұлы өзгерісті» аңғара қоймаған ақкөңіл қарт «өнегелі» әңгімесін одан әрі жалғай түсіпті. – Бұл кәзиттің тағы бір ерекшелігі сол – беті қалың екен! Бұл сорлы ақсақалдың айтып үлгерген соңғы сөзі болыпты. Тап осы жерге келгенде, дүние төңкеріліп кеткендей астан-кестені шығыпты. Былайғы жұрт тек ақсақалдың нән жастықты шынтақтаған күйі, едендегі ақ киізге оралып, «хан көтеріліп», көліктің артқы жағына топ ете қалғанын бір-ақ көріпті. Байғұс қарт осылайша бір ауыз сөздің құдіретімен қызыл комиссияларының қанжығасына байланып, «олжасына» айналып сол кеткеннен мол кетіпті.
Үшінші оқиға
Кеңестер Одағының тізгінін Н.С.Хрущев ұстағалы, жүгері деген дәнді дақылдың құдіреті артып, құдайы берді. Оның шет жағасын мен де көргенмін. Ол кезде әлі баламын, әрине! Ауылдың қақ ортасындағы шағын там поштаның үстіне орнатылған нән ақ радио азаннан қара кешке дейін бір мыңқылдаған орыстың сөзін береді де жатады. Оны түсініп жатқан ешкім жоқ. Бірақ әлгінің жағы бір сембейді. Дегенмен, «Ұра берсе, киіз қазық та жерге кірер» деген ғой, халықтың санасында «кукуруза», «яйца» деген екі ауыз сөз бәрібір жатталып қалыпты. Бір күні осы радионың «иесі», бүгінде ауыл ақсақалы Нұржау Алмағанбетов ағамыз кезекті рет мыңқылдап тұрған әлгі орыстың (Н.С.Хрущев – Н.Ж.) үнін тал түсте радионы сөндіріп, өшіріп тастапты. Сол, сол-ақ, шолақ белсенділер жетіп келіпті. Жай келмепті, аюдай ақырып келіпті. – Сен неге радионы өшіріп, Никита Сергеевичтің сөзін тыңдатпадың?! Нұржау ағамыз өте шыдамсыз, әрі боқтампаз адам болатын. Бұл жолы да қатты кетіпті. – Өй, «кукуруза-яйцаңның» әкесінің аузын...! Күнде осы! Миымды да су қып бітті!.. Шешесін «кукуруза» құртқан ба дерсің! Мынаны естігенде, шолақ белсенділер «дам- балдарын дымдап қойыпты!» десіпті жұрт, көпке дейін сыбырлай сөйлесіп. Оның рас-өтірігін қайдам?! Есесіне, Хрущевтің әке-шешесінен «жіберген» бір-ақ ауыз сөзі үшін Нұржау ағамыздың аяқ-қолын «жерге тигізбей», аудан түрмесіне атып ұрыпты. Абырой болғанда, аудандық партия комитеті саяси бюросының құрамында Н.С.Хрущевті жек көретін орыстар көп болып, солар Нұржау ағамызды салтанатты түрде босатып жіберіпті.
Төртінші оқиға
Біздің ұрпақтың әлі есінде, 1964 жылы Н.С.Хрущев орнынан кетіп, Кеңес Одағының тізгінін Л.И.Брежнев ұстағалы, «коммунизм» басталып, ел арасында жаппай ішу етек алды. Үлкендер түгілі, жасөспірімдерге дейін арақ ішу сәнге айналды. Сондай «тұманды» күндердің бірінде бір ағамыз Мәскеуге барып, кілем саудала- сып қайтыпты. Сауда жасаудың несі айып?! Оны пайғамбарымыз да қолдаған. Алайда ағамыздың көргені ме, не естігені ме, қайдам?! Еріксіз езу тартқызатын әңгімесін аузынан тастамайтын әдет тауыпты. Онысы төмендегідей. Кеңес үкіметінің ең беделді мейрамы Қазан төңкерісінің кезекті жылдығын атап өткелі жатқанда, күтпеген жерден Қызыл алаңда «Ленин» пайда болыпты. Табан асты «тіріліп кеткен» «Ленинді» көргендер «дін – апиын» дегендерін дереу ұмытып, қорыққандарынын шоқына қашыпты. Дегенмен, Қазан төңкерісін тойлап келе жатқан біреу «Ленинді» көріп, қуанғаннан: «О-о, рубль!» деп, образдағы «Лениннің» қасқа басынан шөпілдетіп сүйе беріпті. Сөйтіп, қуаныштан көкірегі шаттыққа толған «төңкеріс ұрпағын» мен «Ленинді» «О-о, рубль!» деген бір ауыз сөздің «құдіретіне» бола, «Күн көсемді мазақ қылдыңдар!» деп қамап тастапты. Ал керек болса!
Бесінші оқиға
Кеңестер Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті М.С.Горбачевтің өрескел қателігінен туындаған 1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасы кімнің кім екенін анықтап берген шақ. Мен ол кезде Ақтөбе қаласында жұмыс істейтінмін. Жұмысшылардың үлкен жатақханасында тұрамын. «Кешегі дос – бүгінгі ата жауың!». Әсіресе орыс шовинистері мен КГБ, одан қалса қазақ милициясының жандайшаптары басқан ізіңді аңдиды. Күдікті бір нәрсені байқаса-ақ бітті. Тек қамау! Жатақханадағы шовинистер менің ізіме мықтап түсіп алған. Қазақ жігіттеріне қазақша үйретуім де, қазақша ән салуым да жүректеріне шаншудай қадалатын. Бір күні Сексеуілден келген інім мен досы бір жерге жиналды. Мен оларға ешкімге соқтықпай, тыныш жүрулерін ескерттім. Күн кешкіріп қалған уақыт. Інілерім жатақханаға аман-есен оралды. Бірақ біреуінің көзі көгеріп кеткен де, екіншісінің аузы ісіп кетіпті. «Ох! Тағы төбелес болған екен! Қазір жендеттер жетіп келіп, жағдай ушығып кететін болдыау!» деп уайымдап та үлгірдім. Алайда інілерім тым жайбарақат! Маған да «ештеңе де болған жоқ» дегендей, сеніммен қарайды. Сөйтсем, жағдай мен ойлағаннан мүлде бөлек сипат алыпты. Екеуі де бойдақ болған соң қызға барыпты. Қызбен сексеуілдік інімнің досы танысқан екен. Қыздың таңқиған танауын көрген сексеуілдік інім жайына қарап тұрмай: – Өй, мынауың «қос ауыз» ғой! – депті. «Қос ауыз» дегені – мылтықты меңзегені. Бұл бір ауыз сөз – қыздың талай естіп тастаған сөзі бол- са керек. Сөз қайтармастан, екеуін екі теуіпті! Сөйтсе, қыз шығыс жекпе-жектеріне қатысып жүрген спортшы екен. Осылайша, бір ауыз сөздің құдіретімен ал- памсадай екі жігіт шынашақтай қыздан таяқ жеп қалыпты.
Алтыншы оқиға
Бұл оқиға «Желтоқсан» оқиғасынан кейін, орыс шовинистерінің, КГБ-нің түртпегінен әбден мезі боп, шыдай алмай ауылға тайып тұрғаннан кейін орын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын- да теперішті көп көрген халқыма көмектесу мақсатында аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркелдім. Халыққа үгіт-насихат жүргізу үшін ауылауылды аралап келемін. Бір көрші ауылға келгенімде, бір шайпау мінезді әйел кездесу басталар-басталмастан орнынан атып тұрып: – Сен депутат боп сайланбайсың! Айтқаным – айтқан! – деп айғай салсын. Мен сасқаным жоқ. Өйткені мұндай сөзді қабылдауға дайын болатынмын. Бірақ бұл сөзге жауап берудің орнына, Құдай тағала аузыма басқа сөзді салды. Орнымнан асықпай тұрып: – Иә, рас айтасыз! Мен депутат боп сайлана алмаймын. Өйткені қатындар айтса, дәл айтады!.. Сонау жаугершілік заманда жоңғар батыры Шарыштың басын кескен Абылайды Шарыштың анасы: «Өзің білме, білгеннің тілін алма!» деп қарғаған екен. Бұл ауыр қарғысты, жасыратыны жоқ, орыстың қол астында жүріп, басымыздан көп өткердік. Қатынның қарғысы дәл келді. Одан бері талай жыл өтті. Сонау алпысыншы жылдары, яғни бала кезімде бір қатынның: «Құдай бар болса, қолың көтіңе жетпесін!» – деп бір арыстай азаматты қарғап жатқанын естігенмін. Бұл қарғыс та дәл келді. Бүгінде қолы артына жетпейтін қарынды жандар көбейіп кетті ғой! – дегенім сол-ақ! Көпшіліктің ортасынан бір тым ащы дауыс құлақты қақ жарардай боп шығып, зәрені алды. – Сен мына түріңмен билік партиясын жеңемін деп жүрсің бе?! Мә-ә, жеңесің!.. Біз бәрін де ұйымдастырып қойдық!.. Ащы дауыстың иесіне бажайлап қарадым. Қарадым да, барлық жайтты бірден түсіндім. Шабалаңдауының реті бар-ақ екен. Қарны салбыраған «қолы көтіне жетпестің» нағыз өзі екен! Қызықтың көкесі басқа бір ауылда болды. Алдыңғы қатарға орнығып алған кілең жуан қарындылар қолдарын арттарына алып барып, еріксіз қаси беретін секілді көрінді маған. Сірә, көрші ауылдағы ащы айғайдың себебін естіп, «қолдары арттарына жететінін» дәлелдегісі келетін «қарындылар ынтымақтастығы ұйымының мүшелері» болса керек! Айтып-айтпай не керек, бұл жолы да қатынның айтқаны дәл келіп, аудандық мәслихат депутаттығына сайланбай қалдым. «Қолың көтіңе жетпегір!» деген бір ауыз сөздің құдіреті-ай!
Жетінші оқиға
Дәрігерлердің өрескел қателігінен жай ісік қатерлі ісікке айналып, Алматыда опера- ция жасатып, енді өз облысымның есебіне тұру мақсатында облыстық онкология ауруханасын- да кезекте тұрғанмын. Иегінің астында әжептәуір сақалы бар бір қария дәрігер алдындағы кезекті өзінше рет- теп тұрған-ды. Қапелімде қалғып кетіппін. Бір уақытта бір науқас дәрігерге кезектен тыс кірмекші болды ма, қайдам?! Әйтеуір, табан асты айғай-шу басталды да кетті. «Сабыр түбі – сары алтын» деген. Әлгі са- бырлы болуға тиісті сақалды шал кенеттен орын алған келеңсіздікке тым сабырсыздық танытты. Оған жауап ретінде әлгі науқас: – Өзің барып тұрған сақалды «шакал» екенсің, – деген бір-ақ ауыз сөз айтуы мұң екен, табан асты айғайға ойбай қосыла кетті де, айна- ла у-шу болды да қалды. Мен жарық қарнымды құшақтай-мұшақтай әрі қарай қаштым. «Жаман айтпай, жақсы жоқ!» деген. Ашуларын «ерттеп мінген» ірілер аңдаусызда қағып жіберіп, қарнымды қақ айырар. Ой-буй!.. «Сақалды – шакал!» деген бір-ақ ауыз сөздің құдіреті-ай! Сөз соңы «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле!», «Бас кеспек бол- са да, тіл кеспек жоқ!»... Мұндай тіл құдіретін сипаттайтын ұлағатты сөздер, басқа-басқа, қазақта, сірә да, таусылмас! Сөз өнері қонған халық болғанымызбен, кезінде бірлік, ынтымақтан айырылып қалып, теперішті көп көрген біз үшін, қазақ үшін әрбір сөздің құдіретін қашанда салмақтай жүргеніміз жөнау! Өйткені бүгінде бір ауыз сөз үшін елі бүліншілікке ұшырап, мемлекеттігінен айырылып қалып жатқан халық қаншама?! Сондықтан қандай заман болмасын әуелі өзіңе, отбасыңа, ауылдастарыңа, Отаныңа қауіп әкелетін әрбір сөзден әрқашанда сақтанып жүру – біздің бүгінгі парызымыз. Менің айтпағым да осы еді...

Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы
22 қаңтар 2020 ж. 657 0