Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) неге қайыр сұраудан қайтарған

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) неге қайыр сұраудан қайтарған

  muslim.kz Хаким бин Хизам (р.а.) сахаба былай әңгімелейді: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) (көмек) сұрап бардым, берді. Артынан тағы сұрадым, берді. Соңыра тағы сұрадым, тағы берді. Сосын Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Хаким! Дүние дегенің жасыл да дәмді (адамның көзі тоймайды және құмары қанбайды). Кімге дәметпей берілсе, оған берекелі боп келеді. Ал, кімге дәніккеннен берілсе, берекетсіз болады. Ол жесе де тоймайтын біреу сияқты боп қалады. Биік тұрған қол төмен қолдан жақсырақ», – деді. 
Мұны естіген Хаким (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Сізді ақиқатпен жіберген Алла атымен ант етейін, мұнан кейін дүниеден озғанымша ешкімнен ешнәрсе (мұқтаж болсам да біреудің мал-мүлкін сұрап) кемітпеймін», – дейді. Кейіннен Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалық заманында Хакимді шақырып олжадан тиесілі үлесін бермек болды, Хаким бас тартады. Омар халифа дәуірінде де Хакимнің үлесін бермек болды. Бірақ, Хаким тағы да тартынады. Сонда халифа Омар: «Уа, мұсылман жұрты! Сендерді Хакимге куә етемін. Мен оған олжадан тиесілі үлесін ұсындым, ол алудан бас тартты», – деген екен. Осылайша, Хаким дүниеден өткенше ешкімнен ешнәрсе алмаған екен[1].
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адамдардың ішінде ең көркем мінездісі әрі адамдардың қате-кемшілігін түзетуде және ақыл-кеңес беруде ғажайып әдіс-тәсілдер қолданатын. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) қайырым сұрағанның қолын бос қайтармайтын және үміт арқалап келгеннің көңілін қалдырмайтын. Қолындағы бар дүниесін ізгілік пен қайырымдылыққа түгел таратып беруге дайын тұратын. Жүздеген түйелерді, мыңдаған қойларды және көптеген дирхам мен динарларды Ақрағ бин Хабис, Уйайна бин Хисн, Аббас бин Марадис сынды дала арабтарына және құрайыштық Әбу Суфиян, Сафуан бин Умайя және Хаким бин Хизам және басқаларға таратып берген. Хаким бір емес, қатарынан бірнеше рет сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да еш іркілместен сұрағанын береді. Соңыра зәредей де көңіліне тимейтіндей етіп жұмсақ түрде адамның дүниеге деген көзқарасы қандай болатынын айтты. Әрине, мұндай жомарттық пен жұмсақтық адамның жүрегіне ерекше әсер етеді. Міне, сондықтан Хаким өмір бойы ешкімнен ешнәрсе сұрамауға уәде берді. 
Алғашқы жылдары мұсылмандардың тұрмыстық жағдайы өте төмен болды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаңырағында бірнеше жұма қатарынан қазан асылмайтын. Сахабалар да мұқтаждық өзегін талдырмайынша, қара су мен құрмаға қанағат ететін. Дегенмен, олжа түсіп жатса, қажетінше мұқтаждарға таратылатын. Бірақ, мұсылмандар арасында жатыпішері, мемлекетке масылдары болмады. Асыл дінімізде қайыршылықты кәсіп ету жайлы: «Сендердің бірің қайыр тілеуін (қайтыс болғанша) тоқтатпаса, Алла Тағаламен жолыққанда бетінде бір кесек еті де қалмайды», – деп қатаң тыйым салады. Ел арасында «беті қалың», «ұяттан жұрдай» деген сөздердің төркіні осыдан шықса керек.
Ендеше, бұл хадистен мына жайттарды ғибрат ретінде жадымызда сақтағанымыз абзал:
Қайырымды болуға талпыну және сараңдықтан сақтану. Өйткені, жомарттық адамдардың жүрегін жақсылыққа жетелейді; 
Ешбір мұқтаждығы болмаса да реті келгенде қаржылай қайырымдылықты дәмету қанша жесе де тоймайтын дертке шалдыққан адамның кейпіне ұқсайды;
Мал-дүниені адал жолмен жинау тақуалыққа қайшы емес. Ең бастысы – дүниеге жүректің төрінен орын бермеу;
Адамды жомарттыққа үйрету;
Басшы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға міндетті;
Ақыл-кеңес көңілге қонымды болу үшін әрі нақты, әрі жұмсақ жеткізу:
 
Қуат Ерғалиұлы 



06 ақпан 2020 ж. 710 0