Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өлең өлкесіне саяхат

Өлең өлкесіне саяхат

Дархан Аманжолұлы 1996 жылы 31 қаңтарда Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің «Жылдың үздік ақыны» аталымымен марапатталды. Өз кезегінде жас ақынның бір топ өлеңін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

ҰМАЙ
Нелер алдан күтер мені, о, не болар тағдырымның ертеңі?!
Қалт-құлт етіп келеді, әне, ақ кемемнің желкені...
Есім шыға қуанамын
бір ісімнен іш тартса,
"Әжесінің баласы!" - деп ел мені... 

Шартараптан таба алмаспын дәл өзіңдей миятты, 
Сенсіз ғұмыр жәутеңкөзді жетім бала сияқты... 
Көздеріңнің қарашығы мені көріп сүйсінсін, 
Жанарыма сіңірген ең Ұятты... 

Аңғал басым енді ұғынды биік пенен тереңді,
Кешіре гөр кештеу кірер ақымақтау өремді... 
Сүйенерім, сыйынарым сенен жұққан Сөз еді,
Маңдайыма сіңірген ең Өлеңді...

Деуші ең ылғи: "Ақиқатты Құдайыңдай сүй мәңгі!"
Киелі әлди, дұғалығың
шертілетін күй мәнді! 
Тәңірімнің жұпарлы Есін сәжделіктен таптырған,
Жүрегіме сіңірген ең Иманды...

Ғаріп жалған дүниеде шұғылам
сен, шұғамсен, 
Разылығың
сегіз жұмақ төріндей деп ұғам мен... 
Жаман ұлға Бибатпадай батаңды бер, Ұмайым,

Тәңір өзі қайтармайтын дұғаңмен...

МЕТАМОРФОЗА
Тобыр қайтсін тым күрделі өнерді?! 
(Ұйқас құрау әлдеқашан көнерді...) 
Үш ұйықтасаң түсіңе енбес стиль мен 
мұрыныңа иісі бармас мәнерді

һәм генийді – шын гений ғой түсінген! 
Сенің атың мәңгі қалу үшін мен
жарты-ақ сағат сұхбат қылсам, соңыра 
бір Сальери қылп етер ед ішіңнен...

Тағдыр еткен жөнің – анау, жол – мынау, 
Құдай ісі – әзиз басқа қорлық-ау! 
Лажың болса, жақындама, әйтпесе,
мені өлтіріп кетер едің, сорлым-ау...


МАЗА
Баста ұза-а-қ ойланғам... 
Қойсам ба екен жазуды?! 
Құдай ісі екен ғой пешенеме жазулы..!

Таңырқағам қайран қап:
"- Қайдан келді бұл өнер?!"
Пилигрим сыпатты кейіпіме күледі ел...

Таптым тыңнан мен неге
ұйқас, ырғақ, форманы?!
Жұрт түсінбек түгілі, өзіме де зорға анық...

Неге өлеңім енбеген,
бір жинақтың ішіне?!
Нашар өлең жазып ап, іренжимін несіне?!

Дидактика сарынды
мораль, ода жазсам ба,
пәленшені еске алар мүшайралық дастан ба?!

Я "Шабытты", "Дарынды"
жеңіп алсам қайтеді?!
Соны алсам одаққа кіремін-ау, әй тегі...

Шайыр кезген "көшеде", 
не әдеби ортада
оларды
мен, мені олар танымайды о, тоба!
Көгермеді көсеге,
осы менің баяным...
Менен ақын шықпайды-ау, түбі өлеңді қоямын...

"Ақының кім, өлең не?!"
Ол қоғамға мәнсіздеу...
Біліп тұрып осыны, өлең жазу жөнсіздеу...

Жә, осыған көнем бе?!
Өлең жазбау
ең игі!
Әттең, олар білмейді-ау өлгендігін генийдің...


ДӘТ
Бір тәуір өлең жазуды Тәңір жазғай-ды; 
...маңдайға!
Мына өлең білсең аят боп кете жаздайды
сондайда!

Шекараларда шіріп түсер шідерлі денең;
...
Мәңгілік
жан ше?! Іштей бір туған қарсылық өлең

жаңғырық;

Осы өлең болса, қан төкпес Қабыл, өлмес пе марқұм
Әбіл де, 
Адамды мүмкін азғырмас Сайтан, жазғырмас бәлкім,
Тәңір де?!

Осы өлең болса, осы өлең болса Құдай-ау, шіркін,
тәп-тәуір
осы өлең болса
, өзгеріп кетер әлем де, мүмкін,
жатбауыр?!

Бір жақсы тәуір өлеңде тұнар ғасылы сөздің
шалығы;
Бір ғана өлең үшін-ау деймін бәріне төздім,
жарығым..!


ПИКЕТ
Біздің сорлы әдебиеттің аужайы:
Тирания режимі;
Шал-шауқанның гегемоны өнерді,
ойды, сөзді
тежейді!

Human сыймас цензураға, қалыпқа!
Компрамисс те емен!
Мұса қайда Пірғауыннан халыққа
алып берер
"ПЕРЕМЕН!?"

Ноқта түссе сөзге, ойға, хұқыңа
досым, байғұс, о, күйік...
Қырт шалдардың сайтан алғыр рухына
үш "Ықылас" оқиық!


ЭКСТРАВАГАНТ
Мына өлеңнің не үшінші, не төртінші шумағы -
менің хақым туралы!
Тосаңсиды құлағында "есектің"
осы өлеңнің бунағы...

Әрине, бұл аллегория екенін,
қадірлім-ау, сезген шығар секемің?!
Өлең біткен – нотация не бітпейтін элегия,
сосын, сасық жеке мұң...

Өнер азат – кредодан, заңнан, канон,
уәжден!
Идеяға, гипотеза, Құдайға да күмәнмен
қарауыңа хақың да бар, хұқың да бар,
алайда,
кім ағысқа қарсы жүзер?! Қоғам – сең!

Осы өлеңнің қайта оқы ең бірінші шумағын,
Өлең емес – тура ағым!
Батқан жоқ па жамбасыңа отыз жыл
көн терілі тулағың..!?
М..!?


ГРАВИТАЦИЯ
Шыдамды ең, о, неткен, сен төзімді ең?!
Мүмкін бе азабын сезінбеу
жүректің?! О, ғашық жүректің
иесін жай ғана: "досым" деу –

ең ауыр күнәсі секілді ғасырдың,
жылдардың, дәуірдің. Жасырдым
мен-дағы, жарығым, сезімді,

сөзімді мерт қылдым. Ғасылдың
арнағам барлығын бағыңа бір сенің;
Жаныңа келгенде жаһанды еңсеріп,
құдай-ау, жанымнан жай басып өткенде,
кетпесін мына әлем теңселіп...


ТЕАТР
Мәлім ғой, қарғам,
"Өмір – Театр!"
Мынау – құл, анау – император,
ақылман – анау, есерсоқ – мынау, 
мынауы – мақау, анауы – оратор...
Тәңірдің мөрлік сценариіндегі
берілген әр рөл – маңдайлық Тағдыр!
Рөлің болмаса ғұмыр көшкінде, 
керегің болмас сенің де ешкімге... 
Дантес сабаз да оғын кезеп тұр, 
қарашы, әне, асыл Пушкинге... 

Алып Сахна – бұл қырсық Жалған!
Күтеді сені қандай рөл алдан?! 
Рөлің болмаса, болмай-ақ қойсын, 
ешкімге қарсы оқ атпа, қарғам! 

ШЕКСІЗДІК
"Берлиндік шекара-шектеуден" тұратын
шаршатты қоғамның мәні;
Вальспен тыншысын саналар сұрапыл!
–...Билейік, миледи, кәні...

Би – ғажап сылтау ғой айтылар сезім де, тілек те! 
Елемей жүйенің реңін
о, қашан, бүр жарар әр жадау жүректе
сакура гүліндей сенім..?!

Вальс те әз-өлең, таза өнер сыңайлы
шексіздік емес пе – тегі..!?
Шегі жоқ иланшы, жарығым, Құдайдың,
сезімнің жоқ және шегі..!

Аяймын қадірсіз сұлуды, өлеңді,
білген ек қадірін ненің?!
Адамзат аңсаған ғажайып әлемді
көзіңнен көрейін сенің..!

Билейік, жақында ең ұлы ақынға:
–...Билейік, миледи, кәні...
Шегі жоқ менің бұл атомдық жадымда
қалса екен ерніңнің дәмі..!


ШЫРМАЛУ
Мен бір білсем көктем келген секілді, 
сол көктеммен еркем келген секілді..! 
Еркем менің, еркем менің арқылы, 
мынау әлем көркемделген секілді..! 

Көркем, көркем, көркі мынау әлемнің, 
еркем екен! Еркем, саған сәлем мың! 
Ақын болсам ерініңе сыбырлап, 
ең ұлысын оқыр едім өлеңнің..! 

Сонда сенің жанарыңа өрт еніп, 
жалт-жұлт етсе жәудір мінез еркелік, 
Сүйер едім, сонсоң, жүйке-жүрегім
кетер еді лебіңнен өртеніп..! 


ЕРЕКШЕ
(Ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижесінде адам біреуді ұнатып қалуы үшін оған бар болғаны 0.59 миллисекунд жеткілікті екен)
Қалқам, 
сенің, сенің көздеріңнен нұр көрдім...
... 
жарық жылдамдығына тең секундта, 
сені сүйіп үлгердім..! 

Қалқам, 
сені сүйіп қалғанымды аңғардым... 
... 
жарық жылдамдығына тең секундта, 
мына әлемге таң қалдым..!

Қалқам, 
бүгін сені бульвар жақта қарсы алдым... 
... 
жарық жылдамдығына тең секундта, 
адамзатқа жар салдым..! 

Қалқам, 
мұнша ғажап емес еді осы әлем?! 
... 
жарық жылдамдығына тең секундта,
келе қалды осы өлең..! 

Сені көріп..!


ЖАРЫҒЫМ
Жарығым, 
Тәңірдің сүріп тағдырлы мынау әлемін,
адамзат күткен бір өлең іздеп келемін...
...Мен сонда сенің жанарыңа мөп-мөлдір 
оқысам нәркес Ерлан Жүністің өлеңін
жүзіңнен, жаным, жұмақтың өзін көремін! 
Періштелер мен перілер кезген ғаламда 
мен саған, қалқам, өзімнен артық сенемін! 
Есімің сенің – киелі ойлар тұмасы; 
О, сені сүймеу – әлемнің ауыр күнәсі; 
Тәңірден менің сұрап алғаным – Сөз және 
жарығым, сенсің – жанымның ғасыл дұғасы...


ШЫРЫЛ
Көздерімнен көр менің сағынышты, 
Жолдарымнан көр менің сабылысты; 
Қыз жүрегін ұсынса сүйдім деген, 
аппақ қанат жүрегім алып-ұшты... 

Сөздерімнен көр менің жаңылысты, 
Тағдырымнан көр менің бағынышты; 
Дос білегін ұсынса сендім деген,
аппақ қанат жүрегім алып-ұшты... 

Алып-ұшпа сезімдер бастар қайда?
Сүйген қайда, апыр-ай, достар қайда?
Тұрлауы жоқ өмірден кетті айналып, 
аппақ қанат жүрегім бозторғайға...


АҚТАРЫЛУ
Іңкәр Ана, мен саған сеніп кеттім, 
Бір өзіңді Арыма теліп кеттім! 
Сенің әппақ әлдиіңнің әуеніне 
еніп кеттім... 

Іңкәр Отан, мен саған сеніп кеттім, 
Бір өзіңді Жаныма теліп кеттім! 
Сенің бейбіт күніңе шәйіт жаным
беріп кеттім... 

Іңкәр Ғашық, мен саған сеніп кеттім, 
Бір өзіңді Жарыма теліп кеттім! 
Сенің балғын тәп-тәтті ерініңде 
еріп кеттім...


Іңкәр Досым, мен саған сеніп кеттім, 
Бір өзіңді Барыма теліп кеттім! 
Сенің аяр, арамза «достарыңды»
жеңіп кеттім... 

Іңкәр Жүрек, мен саған сеніп кеттім, 
Мәңгілікке келеді сеніп кеткім! 
Сенің сезімдеріңді жырлау үшін
келіп кеттім өмірге

келіп кеттім..!

ТАҢҚАЛЫС
"Тәңірім!" дегем, 
әмірін сүйгем, 
Иесін күллі ғаламның!

"Үмметім!" деген, 
сүннетін сүйгем, 
Мұхаммед әзіз дарамның!

"Қарағым!" деген, 
табанын сүйгем, 
Жұмақтың кілті анамның!

"Тірегім!" деген, 
тілегін сүйгем, 
Анасын жалғыз баламның!

"Өз ерім!" деген, 
өзегін сүйгем, 
О, елім тағзым саған мың!

Риясыз сүйген –
шын мүмін деген, 
" - Апырай!" - дейді санам бұл:

" - Осынша сезім
сыяды екен-ау
құттай жүрегіне адамның!?"

АҢСАР
Әлемге бір өлең жетіспей тұрады; 
Қай өлең адамзат әлі де таппаған?! 
Ақынның о, қашан қойылар ең соңғы сұрағы,
Тәңірге сақтаған..!? 

Тағдырда түсеміз түрліше тегіне жанрдың,
Саясат, соғыстан, нанымнан бәрінен жалықтым...
Лирика – бейнесі іспетті киелі әрі ақын Тәңірдің, 
Бір білсем соны ұқтым..!

Мәңгілік өрістен тұратын әлемнің,
Ішінде бар ма екен біз күткен жай, мекен?! 
Адамзат аңсаған ең ғажап өлеңнің,
Авторы қайда екен..!?


АР
Тоз-тоз бопты көңілімнің жейдесі...
Не жетпейді деймін маған кейде осы?! 
Тұман-тұман жолайырықта жоғалған, 
соңғы жолшы мен шығармын, әй, досым...

"Қайдан ғана ақын болдым-ай!" – мұңым.

Маған анық күнә ісімнің ай-күні! 
Өлең жұққан ойкезбедей жүргенде,
жүректерге көшер екем қай күні?!

Ең елеусіз қайбір ісін пенденің,
мен жасаған өтеуі екен ең ненің:
қай үлкеннің сөзін бөлмей тыңдадым, 
қай шымшыққа тары шашып жемдедім,

қай кішімен сәлемдестім бірінші,
қай мұңлықтың сақтап қойдым сырын шын –
Қайсысынан, қайсысынан мені ақын
қылды екен тағдырға ие ұлы Үнші?!

Тек Тәңірді биік қойдым мен Ардан...
Нендей күндер күтеді екен мені алдан?!
Неге ақын болдым екен, ей, қалқам?! 
Неге ақын болдың екен, ей, Дархан?!


КӘУСАР
Сүю үшін мынау келте бес күнді – 
ең әуелі, адамзатты сүйгенмін! 
Мен алалап көргенім жоқ ешкімді, 
Тәңірімнен үйрендім... 

Өмір бірде тосар алдан ғажабын, 
бірде оның азабына күйгенмін!
Мен адамның ақыл, қайрат, таза арын,

Ұлылардан үйрендім... 

Кейде өмірдің бір саусағы бүгулі, 
тұрлауы жоқ сәттерінен жирендім! 
Мен көңілмен қайта көктеп шығуды, 
Табиғаттан үйрендім... 

Өмір нәркес ұқсайды жас өскінге, 
бүршік болсын шындыққа бас игенмін! 
Мен өтірік айтқаным жоқ ешкімге, 
Балақайдан үйрендім...

Өмір жолы әр маңдайға жазулы, 
Тағдыр – Тәңір өлеңі деп түйгенмін! 

Мен өзімше кәусар өлең жазуды, 
Маңдайымнан үйрендім...


ЗАЯ
Араға қанша уақыт салып қалама келдім оралып, 
Қаламның жұрты қалыпты-дағы, кетіпті өзі жоғалып.

Кетіпті бәрі құс құсап қайтқан көңілден, көзден ғайып боп,
Тастанды қала сұрықсыз, сұлық, мағына жоқ, байып жоқ:

Шіркеудің алып қоңырауы да, мұнарасы да мешіттің, 
Жақтаулары да терезелердің, тұтқалары да есіктің, 

Жоғалып бәрі кетіпті деймін, не болды екен мұншалық, 
Ескі бір үйге сүйеніп тұрдым көңілімді ауыр мұң шалып.

Сүреңсіз күрең ғимараттар да тозығы жетіп тұр мүлгіп,
Кітапхана анау жартас секілді қабырғасын кеткен жел үңгіп.

Жолдар да жатыр талқаны шығып бастауы қайда белгісіз,
Қарғыс тиген бе қалама менің, тисе де адам сенгісіз.

Сағым ба, әлде, мұнар ма бәлкім, елестен қала аумайды,
Шексіз әлемнен шеткері қалған, ғаламнан өріс жаумайды.

Араға қанша уақыт салып, қалама қайтып оралғам,
О, не болды қалама менің... тоналған... бәрі жоғалған...

ДҰҒА
Мен бір Мәнді тапсам деумен шарқ ұрдым,
Мәңгілік бас иетін! 
Ақын болсам! Құдайым-ай, талпындым,
Адамзатты сүйетін!

Мен ғашықпын мынау ғажап ғаламға
шетсіз-шексіз сезіммен! 
Мұнартады мұғжизалар санамда,
сәттерімде көз ілген.

Мен өмірді оқимын деп таң қалдым!
Тағдыр – Тәңір өлеңі...
Махаббатқа тұнып тұрған заңдарды
Ғаршы жақтан көремін!

Менің жаным жаратылды о, неден?!
Тәнім менің
топырақ!
Кейде оңаша бастау алып көнеден,
ой жіберіп отырам...

Мен рухыммен дұға етем күбірлеп 
Тәңірісіне әлемнің: 
"Бұл ғаламда болғанына шүкір" - деп, 
"Айналайын, Өлеңнің..!"


ЖОЛҒА ТҮСУ
Осы бар ғой әдебиет дегенің
білдім бірде әңгімесі екенін
менің екі ғасыр көрген әжемнің,
ескерткіші жиырмасыншы кезеңнің!
Сөрелердің белін иген "шалдардың",
алыптардың, даңғайыр мен заңғардың
қырық нарға артқан ойын о, тоба-ай,
шай үстінде айтқан сайын оп-оңай,
таң қаламын! Осыншама далалық
ақыл мен ой қалай біткен даралық?!
Жалпы, "Әдебиет бастау алды о, неден?"
- деген сұрақ келе жатыр көнеден...
Мен білетін әдебиеттің жанры,
фольклор да
сөз біткеннің тамыры
я жиынның, яки оттың басында
әңгімемен басталған-ды расында!
Міне, тарау жолдар жатыр алдымда,
қайда мені апарары беймәлім...
Бірге жомарт, бірге сараң тағдыр да
тосар екен маған қандай "сыйларын?!"
Ар жолына қарға адым қозғалсам,
тыншытпайды ой-санамды секем мың!
Ал, әдебиет
әжем айтқан сөз болса,
адаспаған екенмін!


КЕЛЕР КҮН
Енді қанша сүрер екем, жүрер екем жол тосып,
келер күннің сәлеметін көргенше...
көкжиектен көтеріліп бір Шолпан,
жолжиектен бір Сүмбіле сөнгенше..?!

Енді қанша төзер екем, сезер екем шарпуын,
жарылыстардың ең неше..?!
Енді қанша саналардың толқуын,
көрер екем мен неше..?!

Енді қанша естір екем, естір екем, жарығым,
мұңлы жырын өлеңнің..?!
Енді қанша көрер екем зар кейпін,
мұңлы түрін әлемнің..!?

Енді қанша сүрер екем, жүрер екем жол тосып,
келер күнім келгенше,
тірі болсам, сол бір күні, о, шіркін, 
дұғай сәлем бергенше..!?


НӨСЕР
Жаңбыр неге ұзақ жауды, әй, жазым?! 
(Онсыз-дағы, көзден жас та жиі ақты) 
Дәл қазіргі сенің алып пейзажың, 
Ван Гог салған картиналар сияқты. 


Калейдоскоп тұр ма астында жаңбырдың, 
Қолшатырлар кемпірқосақ не түрлі... 
Сілбіп түскен әр тамшысы тағдырдың, 
Шопен жазған ноктюрндер секілді. 

Тамшы, тамшы: жеке сәлем, жеке күй, 
жұпар иіс көктен жауар сан қилы... 
Мен бір білсем... мен бір білсем... Ехе, хей! 
Жаңбырдан соң жұмақ исі аңқиды! 

Бір жас ақын тұншығады сең тұсап, 
Бродскийше есік ілген бекемдеп. 
Терезеден телмірді ме мен құсап, 
" – Аспан қашан ашылады екен?" - деп. 

Күнәң көп пе Жаз-ау, алып төсең Жер?! 
Қа-а-андай ұзақ Көктің жауын жыласы?! 
Қоңыр аспан енді қанша нөсерлер, 
Мына әлемнің тазарғанша күнәсі..!?


САУЫҒУ
Сен бүгін менің хәлімді сұрадың, 
сауығып кеттім мен демде! 
...Әуелі, сені Тәңірден сұрадым, 
өзіңді алғаш көргенде! 

Аманаты деп тағдырдың, еркем, 
қадіріңді ұзақ ойландым! 
"Сенемін Сізге!" дейтұғын көркем 
жүзіңнен сенің айналдым! 

Соғып тұрсыншы жүректе сенім, 
һәм сезім өрде, еңісте... 
Жүзіңе қаяу түсірсем сенің, 
кешірші мені, періштем! 

Кім білген өмір ағып өтпесін, 
батпандай дерттің емі не?! 
Қалқамның жүзі жүдеп кетпесін, 
ауыртпа Тәңір мені де...!


СЕН БІЛСЕҢ ҒОЙ...
Білесің бе?! Мен сені күн іздеймін, 
түн іздеймін, үмітті бір үзбеймін...
Сені таппайтынымды білсем-дағы, 
шетсіздіктер ішінен сені іздеймін... 

Білесің бе?! Мен сені күн сағынам, 
түн сағынам, бітпейтін жыл сағынам...
Сағым жұтқан қараңғы жалғыздықта, 
сағыныштан бүк түсіп мұң жамылам.

Сені білсең ғой! Мен енді үнсіз жүрем!
Жабырқатты жанымды құнсыз кілең...
Аты өмір секілді күн кешермін, 
қарашығым, жарығым, сенсіз, білем... 

27 наурыз 2020 ж. 1 727 0