Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің бетіме шіркеу келтірдің-ау.

Менің бетіме шіркеу келтірдің-ау.

Қазақтың керемет құндылықтарының бірі – ет турау дәстүрі. Жазылмаған заңдылық бойынша астаудағы етке алдымен үлкендер қол тигізу керек. Яғни, әркім өз сыбағасына иелік етеді. Әсіресе, жамбас ұстау – екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін құрмет. Төрде төредей қария отырғанда, есік көзіндегі жастар жамбас ұстауы – аса көргенсіздік болып есептеледі. Бір ағамыз жастау кезінде басынан өткен уақиғаны айтып еді. Көптен бері қағаз бетіне түсірсем деп жүретінмін. Енді ғана сәті келгендей...
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

– Қазақы жөн-жосықты әлі дұрыс біле қоймаған жас кезім еді, - дейді ағамыз. – Жігіт болып, бозбала желік бас көтерген шақ. Тең құрбымен үзеңгілесіп, сейіл құрып, қызды ауылды жағалап жүреміз. Біріміз жылқы қараған, енді біріміз түйе іздеген болып шығамыз үйден. Сондай бір жүріс кезінде Қобда өзенінің төменгі жағалауы Қызыл қарағанда күзеп отырған ауылдардың үстінен шықтық. Шеткі үлкен ақ үйдің белдеуінде төрт-бес ертоқымды ат байлаулы тұр. Иттерді абалатып біз де келіп түстік. «Ассалауды» жаудырып үйге кірсек өңірдің көне көз қариялары, көптің сөзін ұстаған үлкендері жиналып қалыпты. Түскен үйіміз алқапқа аты мәлім Мұқан жылқышының шаңырағы екен. Арғы-бергі тарих қопарылып, мәжіліс құрылыпты. Сары май кілкіген қызыл күрең шайды сораптай ұрттаған жұрт әңгімешіл қарияның сөзіне тамсанады. Отырған жұрт біздің сәлемімізге шұбыра жауап берді де, оюланған тақиясы бар күміс сақалды қарттың әңгімесіне қайта құлақ бұрды. Біздің қайдан жүргеніміз оларды қызықтыра қойған жоқ. Сөйтіп әңгіме балқып бізде отырып қалдық.

Әлден уақытта шай дастарқаны жинастырылып, қонақтарға арнайы асылған сыбаға ет ортаға келді. Бұл күзеуге қонған елдің ауылдас-көршілерді шақырып, күздіктен дәм татыратын бұлжымас дәстүр. Бата жасалды. Төрде отырған әңгімешіл ақсақалға жамбас ұсынылды. Әлгі атамыз «жоқ қарақтарым, батасын қылдым ғой, жамбасты өздерің кесе беріңдер» деп ұлықсат етті. Көпшілік «жоқ үлкен кісі, сіздің жолыңыз, сіз алыңыз» деп жалпақтап жатыр. Отырғандардың ешқайсысы жамбасты алар емес. «Бұларды қинамай мен неге турай салмаймын» деген ой лап ете қалмасы бар ма: «Рұқсат болса мен кесіп берейін» - деп сары мойын бәкімді жалаңдаттым. Үлкендер «Ала ғой, ала ғой» деп ет толы табақты ыңғайлай берді. «Әп, пісміллә» өткір бәкімен төңкерілген жамбасты жапырақтап жатармын. Одан кейін астаудағы ортан жілік пен тоқпан жіліктің шаруасын бітірдім. Сол екпінмен жауырынның етін сылып тастадым. Осы мезетте үлкендердің бірі маған:

- Қарағым қай ауылдың баласы боласың, - деді қатқылдау үнмен.

- Жоғарғы Қызыл таудың сыртында отыратын «бәленше» шалдың баласы боламын. Өзенге түсіп кеткен жылқы іздей келіп едім.

- Е, жөн қарағым, қолыңдағы бәкіңнің өткірлігіне сүйсіндім, - деді бірі.

- Өзінің қолы епті бала екен, етті қандай жақсы турайды, - дегенде отырғандардың бәрі ду күлді. Үлкендердің алдын орап сыбағаларын турап тастағанымды жақамай қыжыртып отырғанын мен қайданн білейін. «Мақтау» естіген сайын табаққа төніп тураймын, «бәкімді әкем саптап беріп еді» арасында мақтанып қоямын.

Кешке үйге оралып, әкеме көрген-білгенімді айтым:

- Солай да солай, өзеге түсіп кеткен жылқыны көріп қайттым. Қызыл қарағанға ел түсіпті. Жылқышы Мұқанның үйінен ауқаттандым. Әнеукүні сіз саптап берген бәкімен жамбас кестім, - дедім. Әкей ежірейіп, «ақсақалдар саған не айтты» деп тіксіне қалды. Мен болсам, дастарқандас шалдардың мақтауымды асырып қалай «сүйсінгенін» айтып бердім. Әкей:

- Ей, көргенсіз-ай, мына қылығыңмен менің бетіме шіркеу келтірдің-ау. Алдыңда ақ сақалды қария отырғанда жас баланың жамбасқа жармасқанын қай ата-бабаңнан естіп едің...

Төбеме ойнаған қамшының астынан әзер қашып құтылып, сыртқа шықтым. Міне, содан бері өзімнен бір жас үлкен адам отырса қолыма пышақ ұстап, ет кеспеймін болдым.



Тілеуберді САХАБА
egemen.kz
09 мамыр 2020 ж. 769 0