ЖАҚСЫ СӨЗ АЙТЫП, ЖАҚСЫ ІСТІ ЖАЗАЙЫҚ
Біздің нарықтық заманда ауруынан емделе алмай немесе тамағынан тарығып отырған адамдар аз емес. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, әлеуметтік желілерде көмек сұрайтын жандардың жазбасын жиі кездестіреміз. Оның есесіне қайырымдылық жасаушылардың да қатары көп екенін біліп отырмыз.
Өткен жылы біз осы басылымда қызылордалық ерлі-зайыпты мүгедектерге үй сатып алып берген азаматтың ізгі ісін жарияладық. Оған қоса қайырымды жан үй ішіне жиһаз кіргізіп, отағасына жеңіл көлік мінгізді. Бірақ, өзінің атын атауды қаламады.
Жақында әлеуметтік желіден 240 мүгедек арбасын мұқтаж балаларға тегін таратқан тағы бір қайырымды азамат туралы оқыдым.
«Бір ай ішінде Алматы облысының ауруханаларын, емдеу мекемелерін аралап мұқтаж жандарға арба тарту еттік. Ата-аналар мен балалардың қуанғанын көрсеңіз, сөз жетпейді! 240 дана арбаны республика бойынша таратамыз деп ойлағам. Шын мәнісінде елімізде науқас балалардың өте көп екеніне енді көзім жетті. Арбамыз Алматыдан артылмай қалды. Бұл істі біз жарнама үшін жасамадық. Сондықтан да кәсіпкердің атын атамай-ақ қояйын. Ол қарапайым құрылысшы», – деп жазыпты қайырымды жанның көмекшісі.
Осы кісі өз жазбасында бір адамның телефон арқылы мұқтаждарға беремін деген өтінішпен 20-30 дана арба сұрағанын да жазған. Бұлар балалардың тізімі мен ауру диагнозы жазылған мәлімет керек екенін айтқан. Сонда сұраушы телефонын өшіріп, одан кейін хабарсыз қалыпты. Ауру баланың несібесінен де пайда көргісі келетіндер бар екен, беті аулақ.
Қайырымдылық дегеніміз Алладан ризашылық, адамнан сүйіспеншілік алатын қасиеттердің төресі. Бірақ, арамызда әлгіндейлер де бар. Ал, біздің әңгімеміз олар туралы емес.
Бүгінде біз жаңағы айтып отырған әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатынымызды несіне жасырайық. Өз басым көбіне «фейсбук» желісін қарап отырамын. Кейде бетін ашып қалсаң, жүрегің дір ете түседі.
«Көкек ана баласын қоқысқа лақтырып кеткен». Қандай жаман тақырып! Көкек те балапанын лақтырып тастамайды. Біз осы құстың іштен шыққан жұмырқасын өзге ұяға апарып салатынын білеміз. Неге? Өйткені аталық көкек өз жұмыртқасына өш келеді екен. Аналық көкек сондықтан болашақ ұрпағының ақ сауытын басқа ұяға апарып салады. Құстарда арамзалық болмайды, олар жаратылыс заңын бұзбайды. Бұл енді басқа әңгіме.
Сондай-ақ, «фейсбукте» атқан, асылған, зорлаған, өртенген, өртеген, өлімші еткен, сәбиін тепкіге салған, сиқын ашқан, анасын қарттар үйіне апарып тастаған, т.б. бейнежазбалардан көзің сүрінеді. Осы жариялап отырғандарымыз жаңалық па? Оны алып-ұшып елге жаятындар нені көксейді. Бұл – өмір. Өмірдегі ақ пен қара әлімсақтан бері бар.
Біз, журналистер, жақсылықты көбірек көріп, жаңалықты жиірек жазайық. Кейінгі буын жастың санасын уламайық, көзінің нұрын қашырмайық.
Қоғамымыздың сәулелі келбетін жасауға қалам ұстаған қауымның, оның ішінде журналистердің қосатын үлесі қомақты. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Баяғыда әжеміз «жаманды жаман десең, бөркі қазандай болады» дейтін. Заманымның жаманы барын жария қылмасам да жұрт естімей қалмас.
Барды бағалайық. «Бір кемшілік көрсең, соны жасыратын он сылтау ізде» дегенді дініміз неге айтты, өйткені жараның бетін тырнағаннан тек қан ғана шығады. Ал, бетіне дәрі сепсең, ол дәру табады.
Басқаның басындағы ауырлықты арқаласып, айналамыздағы адамдарға деген ықыласымыз мен көмегімізді аямай жүрсек, онда біздің келер күніміздің де жарқын болатыны аян.
Д.АЯШҰЛЫ
kyzylorda-news.kz