Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тоғыз белес – тоғыз өрім

Тоғыз белес – тоғыз өрім

Аудан шежіресі «Толқын» газетінің 50 жылдықтан бастап мерейлі мерекелер тұсында бұл газет турасында айтылмаған сөз, жазылмаған суреттеме кемде-кем екен. Ойланып, қолыма қалам алып, қай қырынан келіп, қалай жазсам екен деп, тоқсан деп аталатын тоғыз белестің қадауқадау тоғыз өрімнен сөз бастайын деген тоқтамға келдім.
Қасиетті Қағба
Әрбір адамның өмір тарихы жазылмаған дастан іспетті. Иә, ең алдымен Жаратушы, одан кейін рухани дәріс берген ата-анам он баласын еңбекке тәрбиеледі, өсірді, өндірді. Ал батырлар жырын күнде ата-әжемізге жарыса оқып, жатқа айтатын едік. Әрине, рухымызды оятқан батырлар жыры болды. Балалық шақты да, оқушылық өмірді де артқа тастап, арман қуып Алматыға оқуға жол тарттық.
Сол дәуірде түрлі ұлт өкілдеріне интернационалдық тәрбие беру бағытында үш жыл ғылыми жұмыспен айналыстым. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, мен оқитын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, қазіргі Ұлттық университет ұжымы ғылыми жұмысымды оң бағалап, Алматыда жоғары оқу орындары студенттері арасында өтетін ғылыми жұмыстар конкурсына жолдама берді. Қорытындысында жолым болып, Молдавия республикасының астанасы Кишинев қаласына да табаным тиді. Ұлттық мұра, интернационалдық тәрбиеге қосқан еңбегім бағаланды. Сол сапар қаламымды қару етуіме септігін тигізді, құлшындырды. Университетті үздіктер қатарында тәмамдадым. Руханиэстетикалық, интернационалдық тәлімтәрбие үлкен өмірге қанат қақтырды, «мотивация» берді.
Сексеуіл кентіндегі темір жол кітапханасына кітапхана меңгерушісі болып еңбек жолымды бастадым. Кітапханада жүріп, рухани азық жинадым. Кітап адамды тұлға етіп тәрбиелейді.
Иә, әр адамның өз ақиқаты, әр пенденің өз шындығы бар. Он сегіз мың ғаламның да, жеті қабат жердің де, қала берді кез келген елдің де, қаланың да, тіпті шаңырақтың да алтын ортасы, арнайы орталығы болады. Аспанның кіндігі – темірқазық жұлдызы болса, қара жердің кіндігі – қасиетті Қағба екені қашаннан дәлелденген.
Аудан әкімінің орынбасары болған З.Айтжанова кезінде аудан әкімінің баспасөз хатшысы болуға лайықтысың деп ұсынды. «Ауданның саяси, мәдени және ресми шараларын жүргізіп, сценарийін жазасың, бұл жұмысты алып кете аласың» деп орналастырған еді. Жаңадан аудан басшысы болып А.Көшербаев келді. Кадрлық өзгерістер жасады. Қабылдауына шақырып, «аудандық «Толқын» газетіне жұмысқа барасың» деген ұсынысын естіген сәтте қатты толқыдым. Өйткені сөз құдіреті, сөздің киесі бар. «Кәсіби журналист емеспін, қалай мен киелі жерге жұмысқа барамын» деп үш күн уайымға түсіп, ой таразысына салдым. Үшінші күні түсімде ғажайып бір іс көрдім. Орталықтағы Бақтыбай батыр көшесі алдымнан аппақ ақ жол болып айқара ашылып, редакция ғимаратының орнында Мекке-Мадинада орналасқан «Қасиетті Қағбаға» апарды даңғыл жол. Ояна келсем түсім екен. Қағба жап-жарық нұр болып көрінді. Ерекше сезімге бөлендім. Рухым оянды. Пендесінің қиналғанын көріп, Алла тағала ақ жол сілтеп тұрғандай, Меккеге барғандай әсер алдым.
Жаратқан ием редакцияны «қасиетті Қағбаға» теңеп тұрғанына шүкірлік еттім. Алла айрықша шапағатымен аян берген соң, аудан әкіміне келіп, редакцияға жұмысқа баратын шешімімді айттым. «Тәуекел етсең бұзарсың мың қайғының қаласын» деп Кердері Әбубәкір шайыр айтқандай, тәуекел етіп, келісім бердім. Содан соң ауданның бірінші басшыларының ой-пікірін, тапсырмасын жинақтап, жүйелеп жазу жауапкершілікке тәрбиеледі. Газет беделінің арқасында тілшілердің рөлі көтерілді. Мұның өзі бір мектеп екен. Өмір – күрес. Ең бастысы, алдыңа мақсат қойып, сол арманға жету үшін өмір сүру керектігін түсіндім.
Басыңдағы бақытыңды бағала
Иә, киелі газеттің тарихи 10 мыңыншы нөмірін шығарып, бас мақала жазып, газет тарихында өз қолтаңбамды қалдырдым. Бұл – әркімнің басына қона бермейтін бақ қой! Иә, бақыт дегеніміз – еңбек, бала, жанұя. Өмірдің мәні де, сәні де сол емес пе? Бақыт дегеніміз – жүректің қуанышы, көңілдің тыныштығы екен.
Бала – бақыт
Жаратқанның әр пендесіне беретін ең қымбат сыйы – бала. Иә, «өмір ағысына ілескің келсе, өткеніңді зерделе» деген қағидаға сүйеніп, өткен шақты ой елегінен бір сәт елестеткен де жөн шығар. Жалпы, өмір адамды қызықтыратын бір амалын табады ғой. Біз өмірде не қалаймыз? Ал өмір бізге қалағанымыздың бәрін береді. Сондықтан өміріңдегі ең маңызды нәрсе – бала. Бала ол – әр адамның, әр ананың бақыты. Осы киелі шаңырақ «Толқын» газетінің 75 жылдығы қарсаңында дүниеге келген балам Мұхаммедәли. Өмірдің мәні де осы шығар, бәлкім. Сол бақытты жүрегіңмен түсінуің керек. Баланың кемелденген шағын көріп, өмір сүру бір бақыт қой! Баламызға өсиет айтып келеміз. Сонымен, бар балаға айтар тілегіміз. «Өмірде әділетсіз болсаң, ешқашан жолың болмайды. Үздіксіз еңбек етпесең, тоқырайсың, балам. ХХІ ғасыр биігінде болу үшін ең алдымен білім керек. Жастарымыз оқу-білімді терең меңгерсе, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлесе, өз Отанын шексіз сүйсе, әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосыламыз. Ал біздің елімізде білімділерге әрқашанда жол ашық. Сондықтан балам, үздіксіз білім алуға бейімдел. Бесаспап маман болуға машықтан. Жан-жақты, әмбебап бейімделуді алдыңа мақсат етіп қоятын, жаңа белестерді бағындыратын сәтің туды.
Тұңғыш редактор
Байырғы басылым «Толқын» газетінің тұңғыш редакторының ұрпағын екі жыл бойы іздедім. Биыл тауып, сұхбаттастым. Тынысбек Қоңыратбай Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде өнер және мәдениет кафедрасын 26 жыл бойы басқарған. Ол қазақ тарихын зерттеуде халық фольклорын бірден-бір дерек көзі ретінде қарастырып, жыр-дастандардағы аңыз бен ақиқаттың ара-жігін ажыратқан ғалым. Тынысбек әкесі Әуелбекпен бірігіп зерттеген ғылыми жұмыстары, әсіресе, көне мәдениет жазбалары, ежелгі дәуірді зерттеген жұмыстары айғақ. Ол – музыкатану, фольклортану салаларында оқулықтар, оқу құралдарын дайындаған ғалым. Иә, Тынысбек Қоңыратбай – ғалымдар әулетінің жалғастырушысы. Аталары Қалжан мен Әлібек Қоңыратбайлар Алашорда құрамында ұлт мұратына қызмет еткен тұлғалар болса, ал әкесі Әуелбек Қоңыратбаев патриоттық рухты жастайынан бойына сіңіріп, баласы Тынысбекке де сол ұстаныммен жүруді үйреткен. Әрине, отбасы құндылығын сақтап, аталары репрессия құрбандары болып кетсе де, тұңғыш редакторымыз Әуелбек ата да, баласы Тынысбек те ғылым жолын қуды. «Толқын» газетін алғашқы ұйымдастырушы Әуелбек Қоңыратбаев Мұхтар Әуезовтің сенімді серіктерінің бірі болған. Әуелбек ата да қазақтың көне дәстүрін, көне мәдениетін кәсіби түрде зерттеген алғашқы фольклортанушы ғалым. Иә, әрбір адамның шығар биігі отбасындағы әлеуметтік, интеллектуалдық, потенциалдық тәрбиеге байланысты. Тынысбек Әуелбекұлы атаанасының немен айналысып жатқанын көріп өскендіктен, ғылым жолын таңдады. Жастайынан қабілетті, талантты болып өскені отбасындағы тәрбиенің жемісі. Әкелі-балалы Әуелбек пен Тынысбек алдарына үлкен арман-мақсат қойған. Сол мақсатқа жету жолында аянбай тер төккен. Алдына қойған арманын жүзеге асырған ғалымдар әулеті. Бір әулеттен осыншама ғалым шыққан, сөйтіп, арман-мұратына жеткен әулет. Жалпы, «Ғылым – ұлтқа қажет. Ғылымын дамытпаған ел бір елдің отарына айналады» деген екен бір әулеттен шыққан төрт бірдей Нобель сыйлығының лауреатының бірі Фридрих Кюри. Сондықтан қоғам болып, баршамыз болып жас ұрпақты баулып, ғылымға, білімге, техникаға тартып, тәрбиелеуіміз керек. Әрбір адамның өмірдегі мұраты арманына жету ғой. Әкелі-балалы Қоңыратбаевтар – арманына жеткен тұлғалар. Жас ұрпаққа осындай ұлы тұлғаларды айту – біздің парызымыз. Осындай ортада ғалымның ықпалында өскен Тынысбек Қоңыратбай да биіктерді бағындырып отыр. Әкелі-балалы ғылым қайраткерлерінің еңбегі ұрпақтар сабақтастығы деген сөзіме нақты дәлел. Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады» деген екен.
Жуырда тұңғыш редактордың ұрпағымен жасаған сұхбатым «Толқын» газетінің кезекті нөмірінде жарияланды. «Толқын» газеті №64 (10615) 22 тамыз, 2020 жыл. «Тұңғыш редактор Әуелбек Қоңыратбаев».
«Толқыннан» түлеген белді қаламгерлер
Тоқсан жылдық тарихы бар «Толқында» осы бір он жылы кем ғасырға жуық уақыт аралығында талай белді қаламгерлер еңбек етті десеңізші, оларды бүгінгі ұрпаққа айту – біздің басты парызымыз.
 1930 жылы 1 қарашада «Екпінді балықшы» деген атпен №1 санын шығарып, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев ағамыз Арал аудандық «Толқын» газетінің тұңғыш редакторы болып, үлкен еңбегін сіңірген еді.
 Содан кейін аталмыш газеттің редакторы Тойбазар Елемесов болды. 1938 жылы Әбдірахман Байтаханов редакторы, газет атауы «Социалистік Арал» болып таратылды. Мұнан соң Ә.Жанұзақов, Қ.Қарабалин, Ж.Шәукебаев, Т.Нұржанов, Т.Тәжіков, Қ.Сәрсенбаев редакторлары болды. 1965 жылы 1 тамызда «Толқын» болып шықты. Редакторы – Мәлік Сәрсенов. Аталған редакторлар тұсында да бұл газет өз мәртебесін сақтап қана қоймай, толықты, толысты. «Толқында» еңбек еткен журналистердің қаламынан туған түрлі тақырыптарға жазылған дүниелер – осы салаға жан-тәнімен берілген әріптестеріміздің сан жылғы еңбегінің жемісі. Аты әлемге мәшһүр, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 90 жасқа толған мерейтойы қарсаңында туған жері – Аралға ат басын бұрды. 9 қараша 2015 жылы әйгілі жазушымен сұхбаттасу бақыты осы жолдардың авторы, маған да бұйырды. Сол жолы Әбең қолына «Толқын» газетін ұстап: «бұрын көлемі кішкентай болып шығатын, енді газет осылай шыға ма?» – деп айқара бетті ашып, риза болып:
 – «Толқын» ұжымының 85 жылдық мерейтойына өзім қатыса алмасам да, шын жүректен тілектес екенімді білдіріп, сендер 100-ге толғанда, қасиетті Арал теңізі де кемеріне келіп, таудай толқыны тулап жатқанын редакция терезесінен көріп отырғайсыңдар. Әбдіжәміл аталарың, – деп ақжарма ақ тілегін жеткізді.
 Жанында Әбеңнің туған жиені, ақын Мырзан Кенжебай, «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Оңғарбаев, сол кездегі аудан әкімі Абзал Мұхимов болды.
Жылқаман батырдың қызынан туған халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылды. Облыс әкімі болған Қ.Көшербаев Әбеңе арнап шығармашылық үйін салып беруге ұйытқы болды.
Исі қазақтың мақтанышына айналған Әбдіжәміл ата №13 орта мектептің 6-шы сыныбында оқып жүріп тырнақалды туындысын «Толқын» газетіне әкеліп тапсырған екен. «Толқындағы» ағаларының қамқорлығына риза болған Әбең қанатын кеңге жайып, биік-биік белестерді бағындырды. 2019 жылдың 26 қазаны күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әдебиет алыбы, заңғар жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовке ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Әбекеңнің бұл шығармашылық табысы облыс, ауданымызбен бірге «Толқын» газеті редакциясының ортақ қуанышы болып отырғанын айтуымыз керек.
Иә, әлем таныған Арал ауданының қай елді мекені де киелі. Алақандай Қаратерең ауылынан отызға жуық белгілі журналистер шыққанын мақтан етеміз. Ақжал толқынды теңізде жүзген кемелер де, дариядан таралған айна көлдердегі ақ желкенді қайықтар да олардың қиялына қанат бітіретін. Сол қасиетті мекеннің тумалары – белгілі қаламгер, ғалым, ҚР Ғылым академиясының корреспондентмүшесі Бауыржан Омаров, республикаға танымал мықты журналистер ағайынды Шәкірат, Шәкизат Дәрмағамбетовтер, Омар Әбдуәлиев, жазушы-журналист, қарымды қаламгер Бегімбай Ұзақбаев. Олар мектепте оқып жүріп, тырнақалды мақаласын аудандық «Толқын» газетіне жазып, бала тілші атанып, қияға қанат қаққандар. Иә, олардың қаламынан шыққан шығармалары оқылымды, ұлтқа берер тәлімі, айтар ақиқаты бар, ұрпақ жадында ұлағат үшін қалдырар мол дүние жазған тұлғалар. «Толқыннан» түлеп ұшқан Бегімбай Ұзақбаев «Жалаңтөс Баһадүр» және «Сартай батыр» туралы тарихи романдарын жазды. Бұл романдардың тарих пен ұрпақ үшін мәні зор еді.
Алып бәйтерегіміз деп мақтанатын журналистеріміз аталмыш газеттің алтын ғасыры Мәлік Сәрсеновтің кезеңі екені даусыз. Өйткені бұл редактор қол астына білікті қаламгерлерді жинады. Топ жарған тілші Жакебай Жаңабергенов. Өңірімізге танымал, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр қаламгерлер, журналистика саласының алып діңгектері Шәкірат Дәрмағамбетов пен Омар Әбдуәлиев. Бірі «Сыр бойы» газетінде отыз жыл қалам тербесе, енді бірі «Кызылординские вести» газетінде 27 жыл екі тілде көсіле жазып, жанқиярлықпен еңбек еткен сала саңлақтары.
Аралдың тумасы, Алаштың белгілі қаламгері, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы тырнақалды туындысын «Толқын» газетіне жолдаған. Ол қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, Сексеуіл кентінің тумасы, белгілі журналист, марқұм Өмірзақ Жолымбетов «Алтын жұлдыз» бәйгесінің жеңімпазы, ЮНЕСКО бәйгесінің жүлдегері, «Толқынның» жанашыры еді-ау. Иә, ақиық ақын Зейнолла Шүкіров, прозашы Жақсылық Түменбаев, Абдул-Хамид Мархабаев сынды белгілі қаламгерлердің төл туындылары осы басылымда жиі-жиі жарияланып тұрғанын оқырмандар жақсы біледі.
 Жампоз айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов аудандық «Толқын» газетінің 70 жылдық мерейтойына қатысып, қаламын қару еткен журналистер алдында шабыттана сөз сөйлеп, ұлттық тәлімтәрбие, өскелең ұрпақ болашағы жайлы тың ойларын ортаға салды. «Толқынның» 70 жылдық мерейтойын жүргізіп тұрып, ақыннан пікір сұрағанымда, ақ тілегін өлең шумақтарымен ақтарды.
«...Келешекті бастаған соң бүгіннен,
Тіршіліктен қиналсаң да түңілме.
Бәрі де ұмыт бола алмайды, алайда,
Уақыт жүйрік ойландырар жүгірген
80, 90, 100 жылдық белестерге жете беріңіздер, қалам зерімен көркем сөз әлемінде өз қолтаңбаларыңызды қалдыра беріңіздер. Сіздерге амандық пен саулық, бірлік пен ынтымақ, махаббат пен парасат тілеймін» деген еді.
Ақын ағалары «ақын» деп мойындаған, «Толқынға» жолдаған алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ өзінің ақын екенін, ақын болғанда да, жақсы ақын екенін, сөз қадірін білетін талант екенін танытқан ақиық ақын Жарасқан Әбдірашев.
«Толқынның» байырғы қызметкері, марқұм Әуесхан Әбдірашевпен көзі тірісінде сұхбаттасқаным бар. Ол «Толқында» туып, толқында өсіп жетілдік. Сондықтан да «Толқын» – ғұмырлық мектебіміз. Ағам Жарасқан жазғандай:
–Астанасыз бәлкім елдер бар шығар,
Астанасыз ел болмайды бірақ та, – деп ағасын еске алып, тебірене сөз сөйлегені есімде қалыпты. Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шәкизада Әбдікәрімов ағамыздың ұйымдастыруымен Аралда поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жасқа толған, ал тума талант Жарасқан Әбдірашевтің 70 жасқа толған еске алу кешінде ақын ағаның ұлы Рүстем:
– Әттең, әкем тірі болғанда ғой, бәрі басқаша болар ма еді? – деп тебіренгені есімде. Текті ақынның өмірі ұрпағымен жалғасуда. Ұлы Рүстем елге белгілі кинорежиссер болса, немересі Әбілқайыр дәулескер күйші екен.
Осыдан үш он жыл бұрын ақын Фариза Оңғарсынова шәкірті Мейірхан Ақдәулетовпен бірге келіп, Арал жастарын өлең-жырымен сусындатқан еді. Міне, енді араға 33 жыл салып ақын, журналист «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі Мейірхан Ақдәулетов ағамыз отты өлең-жырын оқып, аралдықтарға поэ - зия құдіретін паш етті. Дауылпаз ақын Фариза да, шәкірті Мейірхан да ол кезде жас еді. Ерекше талант иелеріне аралдықтар тамсанды. Фариза апамыздың өлеңін жаттап, жастарымыз ержетті, бойжетті. Сол күндерді сағынышпен еске аламыз. Фариза ақынның отты жырларын айтып, творчестволық кешін өз деңгейінде ұйымдастырып, жүргізгеніме риза болған ақын апам: «Аманат-тілегін» тапсырған еді. Отыз үш жылдан кейін поэзия падишасы, ақын Фариза апамның берген аманатын Жарасқан ақынның ұлы Рүстемге әлгі аталған кеш соңында тапсырдым. «Рүстем айналайын, өзіңдей жеткіндер болса, бізде қуаныш болады. Аман, биіктерде жүр, өнердің көгінде қанатың талмасын!». Жалындаған жастардың жетекшісі ретінде ақын апаның аманатына қиянат жасамай, өнерлі жасқа табыс еттім.
Осыдан аттай он жыл бұрын жергілікті басылым «Толқын» газетінің тілшісімін, Аралдың мың сан оқырмандарына айтар тілегіңіз қандай, ақын аға, – деп қолқа салғаным бар. Ақын Шөмішбай Сариев сауалыма былай деп жауап берген еді:
– «Толқын» газеті – менің өмір мектебімнің басы. «Толқын» арқылы тіршілік толқынында жүзіп, Алатау биігіне қарай құлаш ұрдым. «Толқын» –поэзия. Поэзия бар жерде, өмір бар. «Толқын» – менің алтын бесігім. Тербетті. Толқытты. Толғандырды. Бір кездегі марқұм редактор ағам Мәлік Сәрсеновтен бастап, бүгінгі редактор Шымкентбай досыма дейінгі аралықта, «Толқын» теңіз мінезін танытып, асау ақ жал, ереуіл толқындары бой көтерді. Сондықтан Арал оқырмандарын өз «Толқыныңызды» сүйіңдер, қастерлеңдер» дегім келеді, – деп сұхбат берген еді.
Жерлес ағам, белгілі жазушы, газетіміздің бұрынғы қызметкері Жақау Дәуренбеков те ««Толқыннан» толқын туады. Лайым жалғаса берсін, «Толқыннан» шыққан қаламгерлер мақтаныш бола білсін дегім келеді», – деп ақжарма лебізін білдірген еді. Марқұм ақын Сансызбай Құттыбаев ағамыздан пікірін сұрағанымда «Айналайын, аман бол! Той – Тәңірдің сыйы. Сіздерді Тәңір сыйласын. Той құтты болсын!» – деп ақ тілегін арнаған болатын.
Айдынды Аралды сыйлап, қадірлеп келген дарынды тұлғалар халықты сабырға шақырды. Экологиялық қиындықты бірлесіп жеңетінімізге сендірді. Мына дүниеде шалқыған теңіз де кемеріне келер, шарықтап өмір сүретін күн де туар деп, жерлестерін рухани демеп кететін, шіркін!
Қази ағаның рухы дем берді!
Аудандық «Толқын» газетінде Қази Данабаев атындағы жүлде тағайындалып, оның қорытындысы «Баспасөз күнінде» шығады деп хабарланған соң, еңбек демалысында жүрсем де жазу үстеліне отыруға кірісіп кеттім. Қарақұмға жол тарттық. Көк майса шөп, жусан иісі, керемет шүйгін жер, самал жел соғып тұрды. Ерімбетжағаға да жеттік. Қази ағаның апасы Бибігүл, ұстазы Айымкүл, көршісі Бақшагүл өте құнды мағлұматтар берді. Ұстазы да ағынан жарылып, жылы лебіздерін білдірді. Естеліктей есті сөздерін, пікірлерін ақ қағазға түсіріп алдым. Осылай Қази ағаның рухы қолдады.
«Толқын» – жалпы өңір баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар басылым. Марқұм С.Ермағанбетов бұл басылымды 30 жыл басқарды. Ол кезде газеттің беделі зор болатын. Сынға іліккен адам тіпті жұмыстан шығарылатын. Газет сынына деген көзқарас ерекше болды. Газет жұмысымен санасты. Сондықтан жұртшылық газеттің сынына ілікпеуге тырысатын. Сын нақты әрі дәйекті болатын. Сол үрдіс қайта оралуы керек-ақ.
Іскер, қаламы қарымды көркемсөз шебері, дарынды журналист Еркін Әбілов редакторы болса, баспахана жұмысын өрге сүйреген журналист Оңдасын Бектұрғановтай еңбекқор ағалар басқарды. Алла тағала ерекше дарын берген ақын, журналист Серік Сейітмағанбетов өз ісінің бесаспап маманы еді. Жасындай жарқ етіп өмірден ерте озды. Әке ісін ары қарай жалғастыратын ұрпағы барда ақын аға өлген жоқ. Бүгінгі таңда қызы Мәдина «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет жасайды. Ғұмырының 30 жылын редакцияда өткізген, бар уақытын газетке арнаған Кеңес Өмірзақов, жауапты хатшы болған Қуанышбай Мұқашев 10 баланың әкесі атанып, небәрі 45 жасында өмірден озды. Ал Жанар Барбосынова апамыз 40 жыл «Толқын» газеті редакциясында корректорлық қызметті мінсіз атқарып, бүгінгі таңда жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, мал шаруашылығын өркендету жұмыстарымен айналысып жүргені біз үшін үлкен мақтаныш.
Редактор Ж.Әбдіраман өте мәдениетті, сабырлы әрі білікті редактор болды. Әр әріпті қорғасынмен құятынын көрдім. Тұрмыс-тіршілік өте қиын болды. Газетті түнімен жүріп шығаратын. Ол кезде тәуелсіздігімізді алғанымызға небәрі 7-ақ жыл болатын. Ол – жұмысты жаңаша ұйымдастырып, ұжымға, тіпті ауданға алғаш рет компьютерді пайдаланып, басылымның бағытын жаңа заманға лайықты етіп жүргізген кәсіби журналист. Кадрларды тәрбиелеуге баса көңіл бөлді. Жұматәлі Арал тақырыбын тереңінен, жанжақты зерттеп жазып, оның өткені мен бүгінін, қайта оралған «Кіші Арал» теңізін халыққа жеткізді.
Ж.Жақып редакцияға бас редактор болып келгенде самал жел болып келді. Ол ұжымды көркем мінезімен баурап алды. Жұмыс істеу тәсілі де өзгеше болды. Әсіресе, журналистерге қарап: «қай-қайсысың да дайын редакторсыңдар» деп көтермелеп, ынталандырып жүретін қасиеті және бар. Сабырын сары алтыннан құйған мәдениетті, «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерлі қаламгер.
Т.Абылаев – тұла бойындағы табиғат сыйлаған талантының арқасында бүкіл республикаға танылған танымал журналист. Ақын Толыбайдың поэзия тілінде жазған еңбегін елі елеп, құрметтеген жаны таза жан. Ол республикалық деңгейдегі конкурстарға, мүшәйраларға барса да, бас бәйгені иемденіп, «Толқынның» атын шығарып жүретінін айтуымыз керек.
Жауапты хатшы Ж.Кемалмен ұзақ жыл бірге жұмыс атқардық. Ол білікті, айбынды азамат ретінде қалыптасып, кісілік келбеті айқын сезіліп тұратын. Қызметте абыройлы, жинаған мол тәжірибесін жас журналистерге айтудан еш жалықпайтын. Оқырмандардың айта алмай жүрген ойын дөп басып жазған сыни мақалалары қоғамды дүр сілкіндіріп, көпшілік кәдімгідей именіп, айбынып отыратын. Журналистерге тіке айтып, өз пікірін шымыр да жұмыр етіп жеткізіп дәлелдейтін. Иә, зерделі оқырмандары «Жаңабайдың мақаласын, очерк, эсселерін, жазған әңгімелерін шебер суреттелгені сондай, құдды бір көркем шығарма, роман оқып отырғандай әсерде қаламыз» деген пікірлерді жиі айтатын. Оның ерекше қасиеті қандай бір тақырыпқа мақала жазбас бұрын алдын ала зерттеп, ой елегінен өткізіп, әбден пісіріп жазатынын журналистерге үлгі етіп, тәжірибесін таратуға болады. Шымкентбай – журналистика саласында көз майын тауысып енбек еткен он алтыншы редактор. Ш.Жылмағанбетов үш бірдей облыстық газеттерде меншікті тілші болып, ой өрісі өсіп, мол іс-тәжірибе жинап, туған жері Аралына еңбек жолын қатардағы тілші болып бастаған ұжымына басшы болып келді. Шәкең адамгершілік қасиетін жоғары қойып, уақытпен санаспай тер төге еңбек етті. Ол «Сыр медиа» ЖШС жүктеген жауапты жұмыстарды мүлтіксіз атқарды. Газет бетінде мемлекеттік бағдарламалар жан-жақты жазылды. Иә, журналистикада жол көрсетіп, бағыт беруші адамдарсыз мықты мамандар қалыптаспайды ғой. Шымкентбай – өз мектебін қалыптастыра алған қарымды қаламгер.
Жергілікті қоғамдық тілшілер
Иә, авторсыз газет – тұл. Өйткені ат төбеліндей төрт-бес журналистің елді мекендерге барып, ондағы жағдайды егжей-тегжейлі жазуға, бақылауда ұстауға уақыты да, мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан жергілікті авторлармен жанды байланыс орнату – бірінші міндетіміз. Өйткені олар сол елді мекеннің, сол жердің тумасы, тұрмыстіршілігін жақсы біледі. Осы ретте қаламы қарымды кәсіби журналист, жазушы Қуаныш Жиенбайды, қарақұмдық И.Әйтімовті, шоқтығы биік, дарынды журналист әрі ақынжанды Е.Абдулланы, «Толқын» газетінің жанашырлары әрі белсенді қоғамдық тілшілерінің бірі – Сексеуіл кентінен Ж.Жолдасов пен Жақсықылыштан Қ.Аяқбаевты айтуға болады. Сонау Қызылжардан әңгімелері оқырман қауымды әсерге бөлейтін, туындыларымен көш бастап жүрген Б.Есенбаеваны ерекше айтқым келеді. Ақпарат кеңістігінде жүйрік ой, кестелі сөзбен, арнау-өлеңмен, тарихи-танымдық әңгімелер жазып, көш бастап жүрген, кеше ғана 80 жасқа толған, тума талант М.Сыдықов, Т.Дәрменов, Ү.Қуатов, Е.Берденов, А.Өткелбаев, Ақбастыдан Ө.Серәлі, Райымнан Ж.Ибрашев, Жаңақұрылыстан С.Шалбаев та тың дүниелер жазып келеді. Иә, елге танымал Қарашалаңнан шыққан сөз зергері Н.Әбжанұлы да тырнақалды туындысын «Толқын» газетіне жіберіп тұрған. Бүгінгі таңда ол қоғамдық-саяси «Халық» газетінің Бас редакторы болып абыройлы еңбек етіп келеді. Танымал, қаламы қарымды жазушы, Ақбастыдан шыққан журналистика майталманы, марқұм А.Сәдібеков шығармашылыққа ден қойған өте талантты, еңбекқор жан еді. Жерлесіміз, ерекше қабілетті Б.Бердібаев, жас та болса бастай болып, игілікті еңбек етіп келе жатқан қаратереңдік қарымды журналист Н.Әмишаны кім білмейді...
Иә, кешегі Кеңес дәуірінде газет атаулымен әрбір ауыл тұрғындары байланыс орнатып, өздерін толғандырған ойларымен бөлісетін. Ал қазір телеарнаға, ондағы шетелдік сериалдарға, ғаламторға ден қойған. Бүгінгі дамыған техника заманында оқырмандар соған үйірсек бола бастады. Десе де белгілі бір тақырыпқа ой қозғайтын белсенді тілшілеріміздің қатары әлі сиремегені қуантады. Олардың қатарында Ш.Балманова, Б.Сермағанбетова, Ә.Әуезов, Г.Анапияева, А.Жолмағамбетов, Г.Махамбетжанова, Н.Ержанова, О.Базарәлиев, А.Кеңпейілова, Ж.Тоғысов, М.Нұралиева, А.Суханберді, Ж.Төребеков, Ж.Жұқабаев, Д.Омаров, Т.Бейісов, Н.Жүсіп ойларын ашып айтып, қоғамдағы келеңсіздіктерді де, жетістіктерімізді де жазып жүрген қоғам белсенділерін қалай мақтасақ та жарасады.
Газеттің жанашыры, әрі тұрақты авторы ретінде жадымызда жатталған А.Траханов, М.Құттықов, аралқұмдық тарлан дәрігер, тілші С.Ботабаев, Қ.Қоңдыбаев, Б.Нұрмаханов о дүниелік болса да, көп қырлы әрі қоғамның қозғаушы күші болған қарымды істерімен оқырмандар жүрегінде ұмытылмастай есте қалды. Шындықты жазып, қарапайым халықтың көңілінен шығып жүрген тұрақты авторлардың еңбегі өлшеусіз, мақтауға тұрарлық. Жалпы, ұстанымымыз – ұлттық идеяларды паш ету. Алдағы уақытта да қоғамдық тілшілер ерінбей-жалықпай ізденіп, қоғамның түйткілді мәселелерін көтеріп, үзбей қалам тарта береді деген сенімдеміз.
«Сыр медиа» ЖШС – 10 жыл
Санаулы жылдар бұрын аталмыш серіктестіктің Бас директоры А.Оңғарбаев, орынбасары Т.Жақыпбаев, заңгер, ұйымдастырушы, кадр бөлімінің меңгерушісі Б.Тәңірбергенова бастаған жаңа басшылық құрамы келіп, ұжыммен танысты. Заман ағымына сай жұмысты жаңаша ұйымдастырып, облыс көлеміндегі аудандық басылымдардың басын құрап отырған медиа серіктестігі бар мүмкіндікті жасайтынын айтты. Кездесуде газеттің басты қазынасы оқырман, сондықтан оқырманмен байланысты нығайтуды басты назарда ұстау керектігін ортаға салды. Материалдың сапасына мән беріп, әсіресе оқырмандарға сын керектігін айтып, журналистерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Жас кадрларды жетілдіру жағы жолға қойылды. «Сыр медиа» серіктестігіне және аудандық газеттерге жас журналистерді жіберіп, бір-бірімен тәжірибе алмасып отырамыз. Бас директордың бірінші орынбасары М.Аралбаев та жиі-жиі Аралға ат басын бұрып, ұсыныс-пікірімізді тыңдап, ынтымақта жұмыс істеуге шақырып отырады. Облыстық, аудандық газеттердің журналистерін қалыптастыратын шығармашылық орта болғанын айтуымыз керек. Әсіресе бәсекелестік орта қалыптастырып, сапалы сараптамалық мақалалар жазуға ұжымды ұйыстыра білді. Жыл сайын конкурстар ұйымдастырып, журналистерді ынталандыратын. Иә, әр қаламгер өз жұмысын сүйсе, жұмыс жемісті болары сөзсіз. Басшылықтан жиі мақтау естіген қызметкерлеріміздің арасында жұмысқа деген ынтасы артып, құлшыныс пайда болды.
Биыл ақпарат айдынында «Сыр медиа» серіктестігінің құрылғанына он жыл. Он жылды бір белес десек, айдынды Арал аудандық «Толқын» газетіне 90 жыл. Тарихи үлкен сәт. «Бәріне уақыт таразы» демекші, 90 жылды 9 өрім, 9 белеске теңейміз. Тоқсан жылда бұл басылымды небір дүлдүл журналистер басқарды. Сол дарабоз, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр қаламгер Шәкірат аға ортамызда. Иә, қалам қайратымен халқына адал еңбек етіп, бүгінгі таңда да ат үстінде келеді. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығындай Шәкірат ағаны заманынан озып туған журналист десе де жарасады. Осыдан екі жыл бұрын Арал жеріне «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры А.Оңғарбаев пен облыстық «Сыр бойы» газетінің Бас редакторы Қ.Шарабидинов ғұмыр дарияның асқаралы бір биігі – 90 жасқа толған абыз қаламгер Ш.Дәрмағамбетов ақсақалды мерейтойымен құттықтап келді.
Бүгінгі күні бар ғұмырын журналистика мамандығына арнап, оны адал атқарып, биік белестерді бағындырып отырған Шәкірат аға «Сыр медиа» ЖШС ұжымына шынайы алғысын білдіріп, 10 жылдық белесімен құттықтады.
– Ақпарат айдынында жүрген әріптестерім, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруда табысқа жете беріңіздер. Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін. Шабыттарыңыз шыңдала берсін. Баршаңа бақыт пен амандық тілеймін,– деп ақ батасын берді.
Иә, ауданның барша бірінші басшылары «Толқын» газеті ұжымына әрдайым қамқор болды. Әсіресе, аудан әкімі болған Н.Мұсабаев жаңа ғимаратқа көшіріп, игі көмегін бергенін айта кеткен жөн.
Журналист қандай болу керек? Тоқсан тұғырындағы «Толқын» газеті
Қоғамда БАҚ-тың рөлі қашанда жоғары. Бәлкім, содан болар, баспасөзді биліктің бір тармағына балап «төртінші билік» деп әспеттеп жүрсек, оның ой-сананы жаулап алатын құдіретін мойындағанымыздан болса керек. Сонау ХVІІІ ғасырда Ұлыбритания саясаткері, публицист Э.Берк: «Бұқаралық ақпарат құралын төртінші билік иесі» деп атады. Президент, Үкімет, Сот, БАҚ. ХХІ ғасырда да сол атаумен келеді, өз мәнін жойған емес.
Иә, журналистика да – өнердің бір саласы. Ол қоғам мен билік арасын жақындатушы алтын көпір іспетті. Сонау бағзы заманда ұлы тұлға Баласағұн бабамыз «18 мың ғаламды Жаратушы бір Алла» әуелі қаламды жаратты. Қаламның ұшында найзаның сұсы бар», – деп қалам құдіретін айтып кеткен ғой. Иә, ұлы ғұламалар айтса айтқандай, жарты бет тілдей материалдың көтерген жүгі де салмақты болады. Белгілі, аты әлемге мәшһүр жазушы Оноре де Бальзак «Нағыз журналист – адамзаттың ар-ұяты» деген екен. Өте орынды пікір. Журналистердің журналисі, қарымды қаламгер, алдыңғы толқын аға буын Омар Әбдуәлиев ағамыздың айтып кеткен ой-пікірін кейінгі жастарға айту – біздің де парызымыз. «Газеттегі материалдар үнемі халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып отыратын болса, ондай басылымды халықтың өзі іздеп табады», –дейтін. Талантты журналист «Өзгермейтін, өзгеруге тиісті емес бір-ақ нәрсе бар, ол – ұлттық қадір-қасиет, ұлттық рух, ұлттық нәр», – деп құлағымызға құятын. Иә, айтса айтқандай, журналистика да жанкешті еңбек. Еңбек адамның жақсы қасиеттері мен қабілеттерін ашады. Егер жастарымыз жақсы журналист боламын деп алдына мақсат қойса керек. Әрине әркімнің өз қолында. Мамандыққа деген адалдығы. Нағыз журналист өзекті мәселелерге қалам тербеп, қоғам назарын аудара білуі шарт. Ұлт мүддесін қорғап, халық атынан сөйлегендіктен, жауапкершілікті сезіне білуі, ең бастысы білімді болуы қажет. Әлбетте, бұл өте сыйлы мамандық, сол үшін үнемі ізденісте жүру ең маңызды. Әсіресе журналистерге «креативтік» ойлау, тың идеялар тауып, білікті болуы шарт. Сондай-ақ газет сайтын жетілдіріп, блогерлік топ ашып, оқырмандармен «онлайн» бағытында жұмыстар жүргізсе, газет беделі де, журналист беделі де арта түсері сөзсіз. Десе де қоғамда сауатты, өткір, шебер жаза білетін журналистерге сұраныс өте жоғары екені даусыз.
Иә, еткен еңбекті халық бағалайды. Аймақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар басылым екені даусыз. Иә, тоқсан жыл бойы ауданға қызмет еткен «Толқынның» қара шаңырағы өткен күндерін екшеп, бұл күнде тарихқа айналып бара жатқан әр сәтін әйгілеп, болашаққа берік бағдар алды.
1970 жылдары республикалық, бүкілодақтық М.И.Ульянова атындағы конкурста да қатарынан екі мәрте жүлдегер атанды. 2000 жылы облыстың Құрмет грамотасымен, 2003 жылы Қазақстан Журналистер одағының дипломымен, 2005 жылы облыстық байқауда «Ең үздік аудандық басылым» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Аудандық атқарушы билік пен өкілетті орган – аудандық мәслихат аға буын өкілдерін, оның ішінде дарынды қаламгерлер мен баспагерлердің бір тобына елге сіңірген ерен еңбегін бағалап, тәуелсіздік жылдарында есімдерін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында журналистерімізге көше атауын берді. Олардың қатарында Ә.Әленов, Е.Ізбасқанов, С.Ермағанбетов, О.Әбдуәлиев, С.Тұрдалиев, Б.Абдраманов, С.Сейітмағанбетов, Т.Нұржанов, М.Сәрсенов, М.Құттықов, С.Ешекенов, Қ.Сәрсенбаев, Т.Елемесовтер бар.
«Әркімнің өмірде өз жолы бар, ал оны дара ету өз қолыңда». Иә, теңізбен сабақтас атауға ие бұл киелі аты әлемге әйгілі айдынды Аралдың «Толқын» газетінде даңғайыр, батыр балықшыларымыз бен қырдағы малшыларымыздың қажырлы еңбектері, аймағымыздағы қаншама іргелі де нұрлы істер әр санында 90 жылдан бері талмастан жарық көріп келеді. Сондай-ақ тартылған теңіз тағдыры жайында халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтаған материалдар көптеп жазылды. Енді патша көңілді оқырмандар мен халықтың арманы Арал теңізін оралту, тәуелсіз елдің ауызбірлігін сақтауда 30 жыл бойы нарықтық қатынасқа көшкен кезеңде де жаңа заман талабына бейімделе еңбек етуді талмай жазып, «Рухани жаңғыру» бағытында да аралдықтардың рухын көтеріп, жарқын болашағын бейнелі сөзбен жеткізе білді.
Аталмыш басылым ұжымының шығар асуы әлі алда. Болашақта да ауданның сан-салалы өмірімен біте қайнасып, ғасырлық межеге барша жамағатпен бірге игі істерді жазып, биік белестерді бағындыра береді деген сенімдеміз. Тоқсан жылдық торқалы тойларыңыз құтты болсын, ағайын!
Құндыз Дәуітова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Арал қаласы
27 қазан 2020 ж. 792 0