Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Берсүгір бидің айтқандары

Берсүгір бидің айтқандары

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ауданда ауаткомда Әтекен деген жас жігіт қызмет еткен екен. Басы бос жігіт базарда сыра сататын бір бай өзбектің қызына ғашық болыпты. Дос-жаран, ағайын-туыстың "Азамат болар балаңды  базарға жұмсама" деген. Қадырдың өнегесі жаман. Түбі саудагер опа бермес" дегеніне де көнбепті. Сол кездері Арал өңірінің белгілі биі Берсүгір бір айдалып, Сібірден қайтып келіп жүр екен. Әңгіменің хас шебері көрінеді. Берсүгір сөйлегенде шыбын ызыңы естілмейді екен. Бір күні бидің түстеніп, жиын топта әңгіме айтып отырған үстіне Әтекен кіріп келіпті. Сөйтіп Берсүгір бидің әңгімесіне құлақ салыпты.– Ертеде қарақалпақ елінің бір жігіті пысық, епті, шаруаға мығым жан болыпты. Байдың малын ұршықтай үйіріп, дөңгелентіп ала жөнеледі. Құлыны аман болып, қойы егіз тауып, үйінің берекесі кіреді. Байдың жігітке көңілі толғаны соншалық, оған қызын қосып, басына бостандық беріп, еліне жіберуге бекінеді. Күйеу баласы мен қызы аттанар алдында екеуін шақырып алып: – Елдерің алыс, мал айдап әуре болмаңдар. Малға жететін алтын мен күмісті қоржындарыңа салдым. Енді көмекке беретін екі малым бар. Бірі – бәйгеден озған Сүлікқара, екіншісі –екі түйе түлігі еді. Қазыққа байлаулы тұр. Қалағандарыңды алыңдар, – дейді.
Бірі – айшылық алыс жерге арымас айыр түйе, екіншісі – көркіне көз тоймайтын сұлу нар еді. Күйеу жігіт қарап-қарап, ақыры сұлу нарды қалайды.
– Біз нарды алатын болдық, – дегенде:
– Алыңдар, құт болсын. Өзін білмеймін, бұл нардың анасында бір мінез бар. Енді соны айтайын. Енесі өтіп бара жатып суға аунаушы еді. Сол жағынан сақ болыңдар, – дейді.
Күйеу жігіт қалауын өзгертпейді. Бай қоржын толы алтын-күмісті нарға теңдеп, қоршау салып, үстіне қызын отырғызып, бұйдасын жорға мінген жігітке ұстатады. Көп жүрді ме, аз жүрді ме, жігіт пен қыз Әмударияға жетіпті. Дарияда аты мен нары бірге жүзеді. Су орталығына келгенде сұлу деген қылмың нар аунай бастайды. Қыз да, қоршау да, қоршау астындағы қоржын толы алтын да ағыны күшті дарияға кетеді. Жігіт қызды әрең аман алып қалған соң, ағып кеткен қоржын алтын үшін күйініп:
– Атам "Сұлу деп нарға қызықпа, суға аунайтын мінезі бар" деп айтып еді-ау. Бүкіл байлықтың дарияға аққанын қарашы, – деп бармағын шайнапты.
Берсүгір бидің осы әңгімесін тыңдаған Әтекен содан қайтып сыра сатқан байдың өзбек қызына жоламай кеткен екен.
                                              
                                                        ***
         1937 жылдың жазғытұрым кезі екен. Хайрулла Құмақбаев деген ағамыз Қарақұм жағынан келе жатып, жайылып жүрген жалғыз түйені көріп, жетегіне ала кетеді. Ішінен әзілдеп "нағашыларымдікі шығар" дейді. Суыт жүріп келе жатып артына бұрылып қараса, алыстан бір аттылы көрінеді. Қуғыншы екен деп түйені ылдилау жерге шөгеріп байлай сала, әлгі аттылыға қарсы шабады. Аттылы кісі де ат басын бұрып, қамшы салады ғой. Қуса бастырмайтын, қашса жеткізбейтін жүйрік ат лезде жетіп, алдын орағытып сәлем берсе, атақты  Берсүгір би екен.
Бұл Берсүгір бидің қызыл жағалылардан аулақтап, ауыл аралап жүрген кезі екен. Аман-саулықтан соң "Би-аға, атыңыз қоңдылау екен, қусаңыз жете алмайсыз, қашсаңыз қолға түсесіз, одан да мына менің атымды мініңіз, –дейді Хайрекең.
Сонда Берсүгір би:
– Жоқ, айналайын, ниетіңе рақмет. "Қойыны құтты қатынды айт, Үсті құтты атымды айт", – деп атының басын бұрып кете барған екен.
Жинақтаған  Орынбай Әбдікеров.
Жақсықылыш  кенті
26 желтоқсан 2020 ж. 689 0