Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйдің берекесі қайда?

Үйдің берекесі қайда?

Ертеде Бегайдар деген саудагер жігіт болыпты. Ойдан орып, қырдан қырып табыс тауыпты. Үйіне дүниені қанша үйсе, ол соғұрлым кеми береді екен. Байлығының берекесі болмапты. Бегайдардың үйлі-баранды көршісі бар екен. Оның мал дегенде бес-алты ешкісі болады. Бірақ тұрмысы күннен күнге гүлдене береді. Бір күні Бегайдар көршісінен:– Әй, көршім, сенің бала-шағаң бар. Мал дегенде бес-алты тоқал ешкің ғана бар. Бірақ отбасың берекелі, қарның тоқ. Ал мен жалғыз тұрамын. Үй көрмей сауда жасап, мол ақша табамын. Бірақ берекесі жоқ. Сыры неде? – деп сұрады. Көршісі:
– Қаратаудың басында мың жасаған данышпан бар. Содан ақыл сұра, – деп жауап берді. Бегайдар ертесіне дорбасын артынып жолға шықты. Шаршап-шалдығып келе жатып бір лашыққа тап болды. Ішіне кірсе бір шал-кемпір мен бойжеткен ақсақ қызы бар екен. Бегайдар сусын ішіп, дәм татқаннан кейін шалға жағдайын баяндады. Шал:
– Балам, данышпанға бара жатсаң, менің аманатымды ала кет. Үйде қызым бойжетіп отыр. Соны қандай адамға берсем болады? – деді. Бегайдар:
– Жарайды, ақсақал, данышпанға тілегіңізді жеткізем, – деп аттанып кетті. Тағы да ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, бір бәйтеректің түбіне келіп демалды. Сол кезде бәйтерекке тіл бітіп:
– Әй, Бегайдар, данышпанға барсаң сұра. Мен тамырымды тереңге жайдым, бірақ бұтақтарым жеміс бермейді. Сыры неде екен? – деді. Бегайдар оның да аманатын арқалап, жолға шығады. Бір күні әрең дегенде данышпанға жетті. Данышпан:
– Иә, балам қандай мұратпен жүрсің? – деді. Бегайдар:
– Терлеп-тепшіп, аяғымнан тозып табыс табамын, бірақ берекесі болмайды. Көршімнің бес-алты ешкісі, көп бала-шағасы бар, табысы аз. Бірақ берекесі мол. Соның сырын іздеп жүрмін. Жолда шал мен кемпірге, алып бәйтерекке жолықтым. Олардың да тілегін әкелдім, – деп, жолда көрген-білгенін жеткізді. Данышпан басын шайқап:
– Ай, балам-ай, бас екеу болмай, мал төртеу болмайды. Құдай үйдің берекесін әйелдің алақанына жасырған. Көршіңе береке кіретіні – ақылды әйелі бар. Енді кейін қайт. Жолда кездескен бәйтеректің түбінде ат басындай алтын көмілген. Соны қазып ал. Жемісті өсірмей тұрған – алтынның буы. Алтынды шал мен кемпірге беріп, қызын сұра. Аяғы ақсақ болса да, ақылы бар. Ақылды жар алсаң, берекең кіреді, – деді.
Бегайдар данышпанның айтқанын істеді. Бәйтеректің түбінен алтынды қазып алды. Оны қыздың қалыңмалына беріп, ақсақ қызға үйленді. Ұзамай отбасына береке кіріп, ырысы тұрақтайды. Осылайша, әйелі екеуі барша мұратына жетіпті.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген сөз осыдан қалыпты.
elana.kz
23 қараша 2020 ж. 1 405 0