Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңіз бесігінде тербелген

Теңіз бесігінде тербелген

«Кішкентайынан балықшы ауылында өскен Тарғынды аға балықшылар да, теңіз айдыны да жатырқаған жоқ. Алғашқы айлардан бастап-ақ көк теңізден мол олжамен оралып жүрді. Аға балықшылардың тәжірибесін үйрене жүріп, өзі де балық аулауда мол тәжірибе жинақтай бастады» деп жазыпты «Шөмішкөлдің шамшырағы» атты мақаласында бүгінде тоқсанның төріне шыққан қарт қаламгер Дәрмағамбетов Шәкірат ағамыз. Мақала осындан 35 жыл бұрын жарық көрген. Шынайылығымен құнды. Иә, кәнігі балықшылар Тарғын ағама үлкен үміт жүктеді, келелі кеңесін аямады деп білемін. Бастысы, ол оны ақтай білді.
Қазақта «егінші жауында тынады, балықшы дауылда тынады» деген қанатты сөз бар. Тарғын ағам дауылды күні де тынбайтын, теңізге шыға беретін. «Біздің Тарғын туғанда суда жүруге жаратылған ғой» деп марқұм шешеміз аузынан тастамай айтып отыратын еді. Енді сол оқиғаны шешемнің баяндауынан айтып берейін:

«Балықшылар қауымы жақсы біледі, теңізде «жылы толқын» деген болады. Ол толқынның бір әдеті күн шырадай тынық болып тұрғанда, үнсіз келіп соғатыны. Бір күні күн тып-тынық, жағалауда балықтан келіп, тамақтанып болып демалып жатқанбыз. Көзіміз ілініп кеткен екен, сол толқын келіп біраз жерге дейін шайып кетті. Демалып жатқан барлық адам дереу ұшып түргеліп, судың бетінде қалқып жүрген дүниелерімізді қуып жүрміз.

Шелек, леген, табақ, көрпе-төсек әр жерде ығып жүр. Бір кезде бесікте ұйқтап жатқан Тарғын есіме түсті. Бесік ұшты-күйлі жоқ. Жан-жағыма қарасам ағаш бесік су бетінде қалқып, тереңге қарай ығып бара жатыр. «Ойбай, Әбеке, бала ықты!» – деп айқай саладым. Әбекең тізеден жоғары судан кешіп барып, бесікті жағаға әкелгенде, Тарғын ештеңе сезбей ұйқтап жатыр екен. Бұл Тарғынды сөйтіп, туғаннан толқын тербеткен», – деп жайдарыланып күліп отырушы еді марқұм шешеміз.

Ағам өзінің 64 ғұмырында тағдыр маңдайына жазған қиындықты да, бейнетті де бір кісідей кешудей-ақ кешті. Табиғат бойына дарытқан төзімділік пен қайсарлық арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе көлденең тұрған бейнетті еңсерді. Ал, кімде кім қиындықты жеңсе, бейнетті еңсерсе, ол адам өмірдің тәтті жемісін де татпақ. Тіпті, мұндай адамның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болмақшы

Мен білерде Тәкең өте еңбекқор болды. Таңның атысы, күннің батысы бастаған ісін аяғына жеткізбей бір тынбаушы еді. Он тоғыздан жаңа асқан шағында бригадирлікке ұсынылды. Оған дейін балықшылар бригадирі болған Боташ Романқұлов ағамыз қарамағында балықшы болған қаршадай баланың еңбекқорлығына, талапкерлігіне, өзінің соңына адам ерте алар іскерлік қабілетіне сенген болар. Мұрапа Жүгінісов ағай екеуі Тарғынды Қуаңдария балық аулау базасының басшылығына апарып таныстырып, осы қызметке өз орнына бекіттіреді. Сөйтіп, ол кісі Арал қаласына көшіп кетіп еді. Тәкең сол екі ағаның да, ауылдағы ағайынның да үміттерін толық ақтады. Арал ауданындағы маңдай алды бригадир болып, көп жыл көш бастады.

Мен де Тәкеңнің қарамағында 4-5 жыл балықшы болдым. Балықшы болғанда көмекші-ескекшісі болып бір қайықта еңбек еттім. Тәкеңдей емес жалқаулығым бар, бірақ соның бәрі Тәкеңнің қасында еңбек еткен жылдары ұмыт болды. Теңізге шыққанда талай рет дауылда қалдық, тәуліктеп жүрдік. Таңертең шыққан мұздық үстінен ертеңіне таңетең қайтқан күндер де болды. Ондай кезде жалқау болсаң сылбыр болсаң арам өлесің. Енді іссапардан ерекше есте қалған, басымыздан өткізген оқиғаны баян етейін.

Сонау 1988-1990 жылдар аралығында Балқаш көліне бір топ балықшылар іссапарға бардық. Балқашқа Шөмішкөлден 210 балықшы, яғни 4 бригада болып аттандық.

Міне, Балқаш көліндеміз. Балқаштың арғы бетінде бір шың мұнартады да тұрады. Балқаш теңіз секілді үлкен көл ғой. Баруға қорқамыз. Бір мезгілдерде балық болмай қалды. Шай үстінде Тәкең үндемей ойланып отырды да: «Ертең Шауқарға шығамыз» – деді. Шауқар деп отырғаны арғы беттегі мұнартып көрінетін тау. Шошып кеттік. Нәби, Құдайберген, Жетес деген үлкендеріміз қорқыныш айтып жатыр. Олардың айтуынша, әлгі тауға дейін 13,5 аттың күші бар біздің моторлы қайықпен 2,5-3 сағат жүру керек және Балқаштың ең терең жерлері сол таудың тұсы екен. Егер дауыл тұрып кетсе бір Алла жар болсын. Біраз адам әр нәрсе айтты, бірақ Тәкең тыңдаған жоқ.

– Қорыққандарың қалыңдар, – деп қысқа қайырды. Қошуақов Құдайберген деген нағашымыз «әкеңнің аузын» деп Тәкеңді бір боқтады да, баратын болды. Сержанов Жетес деген ағамыз сол Құдекеңнің қайықтасы. Әбдіхан Убаевтар ағаларымыз ағайынды 6 адам, барлығы 3 қайық. «Нартәуекел» деп ертең арғы бетке өтетін болдық.

Мен болса да Тарғынның ескекшісімін. Ертеңіне түстен кейінгі уақытта аман-есен арғы бетке өттік. Таудың үшкір тұмсығының бір жақ жағалауы құмдық та, екінші жағы көктас екен. Қайық тұрар жер жоқ. Құмдық жақта демалып, жайланып алып, ау салуға шықтық. Тәкең «мен тұмсықтың арғы басына шығамын», – деді. Құмдақ бетте кәдімгі базарда байлап сататын кәдімгі көк жуа жайқалып өсіп тұр екен. Соған қызығып тамаққа қосамыз деп, мол қылып жинап, үш қайыққа бау пішен ұқсатып байлап, тиеп алғанбыз. Сол жүкпен судың бетіне шығып кеттік.

Ауды салып бастаған соң көп ұзамай күн бұзылуға қарады. Тып-тынық болып тұрып, судың беті жыбыр-жыбыр етіп, бір салқын леп соғып өтеді. Бұл – үлкен дауылдың хабаршысы. Бұл жолы да солай болды. «Судың беті жыбырлады», – дедім. Тәкең де тартымның келген жерінен шешіп, бояқты тастап үлгерді. Сонан орасан дауыл да басталып кетті. Үйдей толқындар пластик қайықты басып құюға қарады.

– Қайықтың басындағы бау-бау жуаны лақтыр, тез лақтыр, мотор су алмай қалады, – деп Тәкең айқайды салды. Жалма-жан бағанағы тиеген жуаларды жан-жаққа лақтырып, қайықтың ұлтанына түстім. «Киіміңді шеш, қасыңа шелекті алып, суды төк», – деп Тәкең және айқайлады. Каютаға

барлық киімдерді жандәрмен шешіп, қайықтың ортасында тұрып алып, құйған суды аударып келе жатырмын. Тұмсықты айналсақ ық бетке шығамыз. Қайықты көтеріп ұрғанда табанымның астында солқ-солқ ете қалады. Зәре жоқ. Тәкең бір қолы рөлде, бір қайықтың ернегінде, үсті-басы малмайндай су.

Жарты сағаттай арпалысып, өлдім-талдым дегенде тұмсықты да айналдық. Бұл жақ тып-тыныш екен. Бұл беттегі ағаларымыз әр тасқа секіріп, жағаны жағалап жүгіріп жүр. Көздері алақандай, сол жерде қозғала алмай 1,5 күн жаттық. Тамақ жоқ, суға шыға алмаймыз. Каютаның ішінде қатқан нанды суға малып, жібітіп жеп, лаждадық. Келесі күні дауыл сәл ішін тартқан соң алыстан кеменің гудогы естілді. Сөйтсек, бізді іздеп шыққан «Қызылорда» кемесі екен. Тап маңдайында сол кездегі учаске бастығы Кеңес Жұбанаров тұр.

«Тірі болсаңдар болар!» – деп біресе кейіп, біресе жылы сөйлеп үш қайықты кемеге тіркеп, арғы бетке тартты. Сонда алдындағы тіркеліп келе жатқан қайық толқыннан көрінбейді, тек толқынды тіліп келе жатқан жуан арқан ғана көрінеді.

Жағаға жеткен соң үлкен кісілер – Жұмахмет Бисенбаев, Қожахмет Басығараев, Сәрсен Жанназаров және Ахметов Құлбарақ сияқты ағалары Тәкеңе: «Айналайын-ау, келген 40 адам талабымыз бір, бір торта болса да ортақ, жалғыз өзің олай алысқа кете бермесейші», – деп реніштерін білдіріп жатыр.

Сонда да қанға біткен еңбекқорлық, бірбеткейлік, жанкештілік пе, сол оқиғадан кейін де талай елден жырақ кетіп, «Тарғынның бригадасы қайда болса, балық сонда» деген сөздер болды. Тәкеңнің өз басының еңбекқорлығы, адамдығы, бірсөздігі соңынан өзінен үлкен ағаларын бүкіл Қуаңдария балық аулау базасының коллективі алдында абыройы биік болуына осы қасиеттері жетекші болған еді.

Серік ӘБІЛДАЕВ,
інісі
Ақтөбе қаласы

syrboyi.kz
30 қаңтар 2021 ж. 727 0