Шұғыл телеграмма (Теңіз хикаялары)
Кей-кейде таңғажайып оқиғаларға да құлақ түресің. Танымал баспагер Ағыбай Төлебайұлы Орынбаев атама сәлем беріп келгенде, атам: – бір қызық кереметтің есіме түсіп отырғаны-ай, деді.
– Ау-у, нағашыеке, айтсаңызшы, біз де есітейік те,– деп Ағыбай қолқа салды.
– Онда тыңда, сен өзі Ұялы, Көзжетпес, Қасқақұлан, Ұзынқайыр деген теңіз ортасындағы аралдарда болып көрдің бе?
– Жо-қ, тек есітуім бар, әкемнің жан-жағын теңіз қоршаған «Қызыл балықшы» колхозында басқарма төрағасының орынбасары қызметінде болғанын өмірдерегінен ғана білемін.
– «Қызыл балықшы» колқозының орталығы сол «Көзжетпес атауына орналасқан. Үлкен жерден 15-20 шақырымдай шалғайда.
– Сонда үлкен жермен қатынас қалай болған?
– Жазда ескекті қайықпен ерсілі-қарсылы жүрген. Кейін 10-20 аттың күші бар мотофлюгалар келген. Соларды «Автобус» ретінде де пайдаланған. Олар дәу жылым қайықты, приемкаларды да (көшіп жүріп балық қабылдайтын) тартып жүрген. Солайша теңізді шарлаған. Балық аулаудың мемлекеттік жоспарын орындаған.
– Ал әлгі кереметіңді баяндасаңшы?
– Сенің әкең Төлебай Орынбаев Шамау Ыбырашов екеуі басқарма төрағасының үш жылдық оқуын Ресейдің Анапа қаласынан бітіріп келеді. Төлебайды «Қызыл балықшы» колхозының басқарма төрағасы Шынтас Жалғасбаевқа орынбасарлыққа жібереді. Бұл ХХ ғасырдың ортасынан ауған шамадағы оқиға. Сірә, қараша айының соңғы күндері-ау! Жылдық жоспардың орындалуына 150 центнердей балық жетпей тұрса керек. Абыржы кез. Теңізде қабыршақ мұз тұрып, ара-тұра желмен сөгіліп, майдаланып, күрге айналып, ағаш қайықтың жүруіне кедергі жасайды. Батырлық жасап суда қалған ауларын алуға барғандардың біразы күрге омалып, жағадан арқан жіберу арқылы тартып алынады. Су ортасындағы қайыққа арқан жеткізу оңай ма? Нар жігіттердің өзі суға батып, діңкелеп қалады.
Осындай күндердің бірінде құбыладан соққан желдің күші 8-9 балға дейін көтеріліп, алапат дауыл тұрады. Түстен кейінгі екінші ауысымға барған оқушыларды мектеп үйлеріне қайтарады. Сол оқушылар дауылмен домалап келе жатып:
– «Балық жауды, балық жауды» деп айқайлайды. Мұны балаларын алуға келген ата-аналары да көріп, таң-тамаша қалады. Кеңседегі басқарма төрағасының орынбасары Т.Орынбаев осы хабармен желдей есіп жетсе, әлгі дабылдың бәрі ып-ырас.
Ілгеріректе, тым ерте-ертеден ізі қалған құмшауытты биік төбе бар екен. Ескі көздердің айтуынша, бұл маңда жаугершілік заманда жазық дала екен. Құммен аралас саз балшықтан өрілген «Қарауыл төбе» тұрғызылған. Және іргесінен терең қазып, қару-жарақ соғатын бірнеше құпия бөлме және қоймалар жасаған. Ондай құмшауытты төбелердің жобайы «Көзжетпесте» сол кездерде де баршылық-тұғын. Әлгі саздан соғылған «Қарауыл төбеден» тұрғындар үймен қора-жай сылайтын және кесек басатын балшық алып үңгіп, тереңдете түскен. Сөйтіп ол жер үлкен сайға айналған. Ұзындығы бір шақырым шамасында болса, ені де едәуір, 400-500 метрдей деседі. Әлгі 8-9 балдық қап-қара бұлтты, алапат дауыл: – тыран, ақбалық, торта, сазан, тісті сияқты балықты қазіргі погрузчикпен көтергендей түйдек-түйдегімен шыңырауға әкеліп тастай берген. Терең сай балыққа шімпілдеп толған.
Қалада іссапармен жүрген төраға Шынтас Жалғасбаев рация арқылы ауылмен хабарласып:
– Мына алапат дауылмен арпалысып балықшылар теңізге шығып жүрмесін, қатаң бақылауға алыңдар, жоспарға тәуекел, адам аман болсын, – дейді ғой!
– Шәке, қам жемеңіз, балық ауланып, қабылдау пункітіне тапсырылуда, – дейді Орынбаев.
– Қайдағы балық!
Рацияның уақыты бітеді. Өзге байланыс жоқ. Белгіленген уақытта бас шаруашылық та, зауыттар мен колхоздар да рациямен сөйлесіп жататын кез. Орынбаевтың сөзін солар да есітеді.
– Әй, мұнда бір сыр бар-ау,– дейді балық комбинатындағы басшылар, – неде болса, рацияның кешкі, 5:00-дегі хабарын күтейік.
Рацияға «Көзжетпестегі» балық қабылдау пунктінің меңгерушісі Сман Мыңбаев келеді.
– Орынбаев қайда? Шақыр рацияға,– дейді мұндағылар қатаң үнмен.
– Бізде қар аралас боран соғып тұр, ол кісі балықтың басында, дүйім жұрт жабылып, кім қаппен, кім шанамен флотқа балық тасуда.
– Қайдағы балық!
– Жаратқан ие өзі әкеліп тастаған несібе, жылдық жоспардың артық орындалғаны туралы ертеңгі рациямен шұғыл телеграмма жолданады.
– Әй, әй... Үлкен кісіні мазаламаңыз, қайдағы балық? Соны айтшы?
Рация уақыты бітеді. Шынтас Жалғасбаев қаладағы шаруасын ысырып тастап, ауылға қарай зулайды.
Мейлің сен, мейлің сенбе, осындай да теңіз хикаялары болған.
Жазып алған ДИНАРА СӘПИҚЫЗЫ
Суретте: сол жылдары балық қабылдаушы болған С.Мыңбаев