Отбасы құндылығы
Балалық шағым. Уақыт өткен сайын есейіп, қайтып келмес күнді аңсап, сол күндердің қадірін түсінгендей болады екенсің. Кейде қазіргі телефонға шұқшиып күні мен түнін алмастырып алып жатқан балаларға қарап қайран қаламын. Олардың болашағы қалай болады деп алаңдаймын. Содан да болар, қазіргі балалар әлжуаз, аурушаң. Бәлкім, кінәнің бәрі балада емес, ата-ана, бізде шығар. Әйтпесе әлі ес жинап үлгермеген баланы қалай тәрбиелесек, соған қарай ыңғайланбай ма? Технологияның дамыған заманында өмірдің өзін сол телефонмен, компьютермен тәуелді етіп қойған соң, амал нешік... Тіпті осы кезде мектеп жасындағы баланы еріксіз телефонға жегіп қойдық. Өйткені елдегі ахуалдан оқудың бәрі онлайнға көшті. Осындайда «шіркін» деп балалық шағымды еске аламын!
Біз телефон түгілі теледидары да көрмей өстік. Біздің балалық шағымыз заманның аумалы-төкпелі кезеңімен тұспа-тұс келді. Ел егемендік алып, енді еңсе тіктеп жатқан шақта халық тоқырау жылдарын бастан кешіргені жасырын емес. Кейіннен ғой бәрі қалыпқа түскені. Бірақ ойын баласы, біздер оны ойлап та жатқан жоқпыз. Қазір жарты сағат жарық өшіп қалса, абдырап мазамыз қашады. Ал ол кезде электр жарығына тәуелді емес едік. Кеш қылаң бергеннен соқыр шамның пілтесін тазалап, майын құйып, түтіннен қарайған пияласын жылтырата сүртіп, дайындап қоямыз. Түн қараңғысы болғанда әрбір үйден сығырайған сәуле көріне бастайды. Шамның да түр-түрі болатын. Кейбір пысықтар шамды қолдан да жасап алатын-ды. Біздің үйде жалғыз шам болды. Сол шамды жағып, бәріміз бір бөлмеге жиналатынбыз. Шамның жарығынан түскен сәулеге қолымызбен көлегейлеп түрлі жануарлардың пішінін келтіріп ойнайтынбыз. Ауылда электр жарығы сағатпен жанатын. Кешкі сегізде жанып, ондарда өшіп қалатын. Қыс мезгілінде жанбай қалатын кездері көп болады. Мұндайда жарық жанғанын тағатсыздана күтетін біз сегізден сағат тілі асып кетсе үмітті үзетінбіз. Өзімізше кеше қар жауды ғой жолда авариялық жағдай болған шығар деп топшылаймыз да қоямыз.
Әкеміз қар жауса сонарлатып кететін. Ол келгенше анам біздің ас-ауқатымызды беріп, сабағымызды оқытып, ыңғайластырып қоятын. Ал әкем келгенде біз келесі қараңы бөлмеде тыныш қана ертегі айтып отыратынбыз. Біз жайғасқан бөлмеге ошақтағы оттың қызыл шоғының жарығы түсіп, қараңғылықты сейілткендей. Ошақтың үстінде иығын шұлғып шәйнек тұр. Ошақтың астыңғы көзін ептеп ашып қоямыз. Сол астыңғы бөлікке жанған оттың шоғы түскенде жұлдыз ағып түскендей әдемі көрініс орын алады. Пештің ыстық лебі бөлме ішін жылытқан. Тек терезе жақтауынан ғана даланың салқыны сезіледі. Сол оттың иісі мұрныма қазір де келіп тұр. Айтпақшы, оттықты да дайындау бізге міндеттелген жұмыс еді. Інім екеуміз отын сындырып, сарайды толтырып қоямыз. Оның да ірісін, майдасын, тамызығын сорттап дайындаймыз. Көбінде томар отындарды әкем өзі дайындап қоятын. Ауыр балтаны көтеруге біздің әліміз жетпейтін. Ал сынуға ыңғайлы қураған ағаштарды анам тігіп берген қалың қолғаппен тізеге салып сындырып, ошаққа жағуға ыңғайлап қоямыз.
Біз төртеуміз. Бауырларымның басы – мен. Сондықтан да олар үшін жауаптымын. Мұнда анам бізге «күйіп қалмаңдар» деген ескерту ғана жасайды. Баланың "шаршадым дегеніне сенбе, қарным ашты дегеніне сен" деген тәмсіл сөз бекер айтылмаса керек. Асқазанға ас барған соң, күні бойы малдың қиын шығарып, отын жарып, одан қала берді ауыл сыртындағы бұлақтан аққан судан пайда болған көлшікке мұз теуіп келсек те шаршамайтын едік. Әкем келгенше алысып ойнаймыз. Даладан шыққан мотоциклдің даусын аңдып жатамыз. Біздің ауылдағылардың бәрі осы көлікті серік еткен. Мотоциклдің гүрілі бір-біріне ұқсас болса да, әкеміздің көлігін даусынан танып қоятынбыз. Дауыс естілді. О, о, әкем келе жатыр. Анамызға шулай хабарлаймыз. Мұны естіген анам тоқып отырған ілмектерін тастап, жанталаса ошақ алдына жайғасады. Тамақты ысытып, шайды қайнату үшін тезектің қызыл шоғының үстіне отын салып от жағады. Анам әкемнің қабағын бағатын. Ол көңілді келсе, қанжығасы майланды деген сөз. Мұндайда қараңғы бөлмедегі бізді шақырып алып, бар әңгімесін айтып мәз болады.
– Қырдан түсе бергенімде алдымнан бір қоянның ізі шықты. Сол ізге түсіп алып келе жатырмын, келе жатырмын. Кенет іздік кілт тоқтайды. Қоян қу болады ғой. Таппай қалам. Сөйтсем әлгі қоян мені шатастыру үшін келген ізімен кері қайтып, орта жолда бағытын өзгертіпті. Қойшы не керек, балалар- ау, сендердің несібелеріңе бүгін дорбам толып қайтты. Кемпір, керегіңді тазартып ал да, қалғанын сатарсың. Ертең тағы шығып қайтамын. Аш болмаспыз, – дейді.
Біз әкемнің әңгімесінен түк түсінбесек те онымен бірге күліп, қуанып отыратынбыз. Қанша шаршап келсе де әкемнің көзінен балаға деген ыстық махаббат сезіліп тұратын. Біз де күні бойы жасаған жұмыстарымызды айтып, әкемнің мақтауын естуге асығатынбыз. Әкемнің «Ой, жапырақтарым, жарайсыңдар!» деген сөзіне өзімізше масаттанып қалатынбыз. Әкем мен анам ешқандай заңды орында жұмыс жасаған емес. Әкем бізді осылай асырады. Қыс болса дала кезіп құс, қоянын ататын. Өзіміз жегеннен артылғанын сататынбыз. Қорамызда азын-аулақ малымыз болды. Жаз болса бау-бақшасын егетін. Адал еңбектің арқасында біз еш мұқтаждық көрмей өстік. Әкеміздің біз үшін жанталасып жүргенін көріп, көп нәрсені тілек етпейтінбіз. Барға қанағат тұта білуге үйрендік.
Міне, осындай ыстық естеліктер үшін мен өзімнің балалық шағымды жақсы көремін. Сол кезде қазіргідей көгілдір отын тартылып, электр жарығы тәулік бойы жанып тұрса, бәлкім, мұның бірі де болмас па еді... "Әр нәрсенің өз қайыры бар" деген осыдан қалса керек-ті. Бұл уақыт бізге төзімділікке, шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа үйретті. Бәрінен де отбасының құндылығын сезініп, бауырға деген қамқорлық пен балалық бақытты сезіндірді.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ