Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Молшылық пен тоқшылық жылы болғай

Молшылық пен тоқшылық жылы болғай

Жыл басы – Наурыз мерекесі жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде дастарқанға өзге де ұлттық тағамдармен қоса міндетті түрде наурыз көже пісіріледі. Түрік халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, Наурыз көжеге жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша, бұл күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады.

“Наурыз” мейрамының басты ерекшелігі, бұл күні барлық адамдар өздері ренжіген адамдарды кешіріп, өзінің туған-туысқандары мен жақындарына, айналасындағы адамдарға барынша мейірімділік танытуы қажет. Сондай-ақ егер адам жеті үйден жеті дәмнен дайындалған наурыз көже ішіп шықса, жаңа жыл ол адам үшін сәтті болады деген сенім бар.
Иә, кім болса да «менің көжем қандай болады екен?» деп тағамды дайындарда ойланары анық. Тағам да ерекше көңіл мен ниетті, шын ынтаны қажет етеді. Наурыз күндері әрбір ауылда, үй-үйде қазан-қазан көже пісіріліп жатады.
Жақында, Наурыз мерекесі қарсаңында қала тұрғыны, киелі қара шаңырақтың иесі, ардагер ағамыз Әбен Рашевтің отбасында болдық. Жанұясының ұйытқысы, әріптес, зейнеткер апамыз Зейнеп Рашеваны әңгімеге тартып, ұлттық дәмді пісіру жолын сұраған едік. Мереке қарсаңында апамыз үлкен қазанын наурыз көже пісіруге дайындайды. Сосын жан-жағындағы көршілерін, балалары мен немерелерін, жақын туыстарын тіл үйірер көжеден дәм татуға шақырады. Сөйтіп, жылдағы дәстүр бойынша бұл шаңырақты ұлан-асыр той болады екен.
– Қазақ халқы үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің негізі деп біліп, ақсақалдың керек-жарағын әзірлеп, оның қызметіне жарап, батасын алуды ерекше құрмет тұтқаны белгілі. Бұл бізге қанмен келген қасиет десек, артық айтқандығымыз емес. Иә, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, отбасымызда ақылшы енем, 97 жастағы үлкен қариямыз Ақжүніс қашанда береке мен бірліктің ұйытқысы, салт пен дәстүрдің сақтаушысы, жақсылық атаулының жаршысы, ұлағат пен ұлылықтың бастауы болып келеді. Үйге сәлем бере келген кісілерге қария басынан өткен қиындықтарын, өнегелі, ғибратты әңгімесін айтып, тілегін тілеп, батасын береді. Отағасым да осы үлкен өмір жолымда менің қолдаушым, қамқоршым, тірегім десем болады. Балаларының асқар таудай әкесі бар білгенін балаларына үйретуден жалыққан емес. Отбасылық құндылық деген осы болар.
Ата-бабамыздың танымында Наурыз адам мен табиғаттың «жаңаруы», жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған. Жылдағы дәстүр бойынша біз де наурыз көже дайындаймыз, қазанымыз оттан түспейді. Келген қонақ көжеден тойғанша дәм татады. Осы шаңыраққа келін болып түскелі анамнан көп нәрсені үйрендім. Қонаққа лайықты құрмет көрсету, қабақ шытпай қарсы алып, үйіндегі барын дастарқанға қойып күту – бұл біз үшін ежелден қалыптасқан дәстүр. Бұл тұрғыда анамның айтар ақыл-кеңесі көп-ақ. Осындай жөн-жоралғыларды қазір мен өз келіндеріме де айтып отырамын. «Қонақты құдайындай күту» – әр шаңырақтың парызы деп ойлаймын,– дейді ол.
Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киеге, қасиетті сандарға мән берген ғой. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі дәмнен жасап, «құт-береке болсын» деп ниет етеді. Әркім қолындағы бар азық-түлігімен барынша дәмді етіп пісіруге тырысады. Біз көжені қалай дайындайтыны туралы Зейнеп апайдан сұраған едік.
– Көбіне көжеге сүрленген жылқы еті мен қазы-қарта, жал-жаяны да қосу керек. Анамның "сүр ет тоқтық береді, майлы ет жылулық береді" дегені есімде қалыпты. "Бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын" деген ниетпен ұлттық астың құрамына міндетті түрде дәнді дақылдар (арпа, тары, бидай) қосылады. «Ақ мол болсын» деген мақсатта сүтті міндетті түрде қосамыз немесе қазанға құрт та салуға болады. Сосын кез келген тағамның дәмін келтіретін тұз салынады – деді ол.
Сонымен көже дайындау үшін алдымен сүр етті қайнатады, ішінде қазы болса тіптен жақсы. Содан кейін жүгеріні бірге қайнатады, бидайды пісіруге де жарты сағаттай уақыт қажет. Наурыз көженің толық дайын болу үшін 3-4 сағаттай уақыт кетеді екен. Ескеретін бір жайт, дәндер езіліп кетпегені дұрыс. Міне, осындай әдіспен наурыз көже дайын болады.
– Наурыз көженің керемет қасиеті бар. Көже ішкен адам тоқ жүреді әрі денсаулыққа да пайдалы. "Дәм-тұзымыз жарасып, ынтымақ-бірлігіміз нығайып, ырысымыз молая берсін" деген тілекпен көжені құйғанда, ыдысқа толтырып құйған жөн. Бұл «жаңа келген жылдың несібесі ортаймасын» дегенді білдіреді. Сондықтан да наурыз көжені халық арасында «тілеу көже, көп көже» деп атай береді, – деді Зейнеп апай ағынан жарыла.
Наурыз мерекесі жақындаған сайын тіл үйірер ұлттық тағамды тойып жеуге асығатынымыз рас. Бүгін біз Әбен ағайдың шаңырағынан ұрпақ сабақтастығын, ұлттық құндылықты дәріптеудің бір парасын сезінгендей болдық. Қарияның батасын алдық, наурыз көжеден дәм таттық.
Әр шаңыраққа Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,ақ мол болсын!

К. МАХСҰТ
20 наурыз 2021 ж. 608 0