Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Жыр алыбы

Биыл – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. Қазақ поэзиясының алыбы атанған ақын туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз» деген болатын.Ұлы Абайға дейін қазақ халқы өзінің фольклорлық мұрасымен, ауыз әдебиетімен танылды. Жамбылды халық ауыз әдебиетінің соңғы өкілі дейді. Ол өзіне дейінгі жыршы-жыраулар өнегесін бойына сіңіріп, жиырмасыншы ғасырға саф күйінде жеткізді. Жамбыл Жабаев – қазақ халқының көрнекті, импровизатор ақыны. Ол 1846 жылы 28 ақпанда Шапырашты руынан шыққан Жабай есімді көшпенді қазақтың отбасында дүниеге келді. Ұлт мақтанышы Жамбыл тауының маңында, қазіргі Отар станциясының солтүстік-шығысында, Шу өзенінің жоғарғы жағында дүниеге келгендіктен, ата-анасы таудың құрметіне орай Жамбыл деген есім береді.
Бұл – Жетісу өңірінің Қоқан хандығына қарап тұрған шақтағы ел басқарудағы жөнсіздіктің шектен шыққан кезі еді. Қалың халықтың тыныс-тіршілігі қиындап, жоқ-жітік тұрмыспен күнелтіп жатқан тұста дүниеге келген ақын сол кезді шынайы қалпында қазақ поэзиясына алып келді.
Жамбыл 8 жасқа келгенде әкесі ауыл молдасынан білім алсын деп оны оқуға береді. Бірақ болашақ ақынға молданың ескіше оқуы көңілінен шықпайды. Осыдан кейін әкесіне молданың оқуы қонбайтындығын, түсіне өлең кіргенін айтып, қолына домбыра алып, біржолата ақындық жолға түседі. Жамбыл Шапыраштының Екей деген руынан, бұл елде ақындардың көп болғанын «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген жолдарынан көруге болады. Осындай ақындық орта болашақ ақынға да мол ықпалын тигізді. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбай Аронұлына жолығып, батасын алады. Сондықтан да өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін ұдайы айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «Жамбыл ақын» болып елге таныла бастайды. Қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын бай-манаптарды, бай мен кедей арасындағы қисынсыз тірлікті «Жылқышы», «Сараң бай мен жомарт кедей» атты өлеңдерінде өткір сынай білді.
Көріп отырғанымыздай, Жамбыл да Абай тәрізді сол тұстағы ел ішіндегі толғағы жеткен әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етті. Осының өзі Жамбылдың кедей-кепшіктің, бұқара халықтың жоғын жоқтағанын аңғартады.
1916 жылы қара жұмысқа адам алу туралы патша жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі болған тұста ақын «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау» атты өлең, толғауларын жазды. Осы өлеңдерінде елдің әлеуметтік-саяси өмірін шынайы көрсете білді.
Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған тұста кедейге теңдік, әйелге еркіндік берілгеніне ақын да куә болды. Сондықтан да оның шығармаларынан ірі байларды кәмпескелеу, шабындық пен егістік жерлерді қайта бөлу, Кеңес сайлауларын өткізу сынды саяси және мәдени науқандар, сонымен бірге фольклорлық бата, тілек, өсиет, арнау, жоқтау жанрлары да кең орын алған. Ұлы Отан соғысының қан майданында баласы Алғадай қайтыс болғанда қарт ақын «Алғадай туралы», «Сарғайып атқан таң ба екен», «Алатауды айналсам» атты өлеңдерінде бар шерін шығарды.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігінде, Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде Жамбыл Жабаев мүшелікке өтті. Бұл ақын есімін одан сайын шарықтатып, даңқын асқақтатты. 1939-1945 жылдары жыр алыбы Жамбылдың Ә.Тәжібаев, Қ.Сабыбалдин, Қ.Әбдіқадіров, Ғ.Орманов, Т.Жароков сынды әдеби хатшылары кезекпен келіп, ақын өлеңдерін қағазға түсірген болатын.
Ақынның Қазан төңкерісіне деген жүрекжарды қуанышын «Күн көсемге», «Туған елім», «Халықтың сәлемі», «Ұлы заң», «Ленин», «Орден алғанда», «Қайта жасардым» деген өлеңдерінен анық байқауға болады. Оның шығармаларында айтыс өнерінің де орны ерекше. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандығының айғағы. Жамбыл жырларының ішінде оның эпикалық үлгіде жазылған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандарының орны айрықша. Осылардың қатарында «Көрұғлының» Жамбыл жырлаған нұсқасы мен «Бақ, дәулет, ақыл» атты аңыздарын да атауға болады.
1941 жылдың басында «Кәрілік» атты өлеңінде «Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды» деп кәрілікке мойынсұнған ақын 15 республикадан құралған Кеңестер Одағына фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда қаламын қолға алып, жігерлене түсті. Бұл тұста «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат» және тағы да басқа осы сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды. Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен Кеңес жауынгерлеріне жігер берді. Кеңес жауынгерлеріне қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан өлеңдерінің ішінен «Ленинградтық өренімді» ерекше атауға болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі 1941 жылы Мемлекеттік сыйлық берді. Жамбыл Жабаевтың өлеңдері әлемнің барлық тілдеріне аударылған және жарыққа шыққан. Ғасыр жасаған ақынның өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі-ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың жүз жылдық тарихының ғана емес, арғы-бергі тарихының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білді. Ол толғауларында Қоқан хандығы, одан ақ патшаның қол астында отар болған қазақ халқының аянышты тірлігі мен Қазан төңкерісімен келген теңдік пен бақытты өмірді жырлады.
Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сәкен Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Бауыржан Момышұлы бас иген...
Жамбыл атамыз 100 жасқа аяқ басқанда, 1945 жылы 22 маусымда дүниеден өтті. Ұлы ақын денесі өзі өмір сүрген Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында жерленген. Басына үлкен кесене тұрғызылып, ауыл ортасында ақынға арналған мұражай бар. Жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, «ХХ ғасырдың Гомері» атанды. Ол халық поэзиясы арқылы қазақ халқын да әлемге танытты.
Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап оқитын, тəлім-тəрбиелік мəні зор өнегесі, ғибратты ғұмыры ұрпағы барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға жасай береді.

Дайындаған К.МАХСҰТ
27 наурыз 2021 ж. 450 0