Өлең өлкесіне саяхат
Тілеулесов Талғат Бұрханұлы 1970 жылы 23 наурызда Арал ауданы, Қаратерең ауылында дүниеге келген. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Сағындым сені» (2010 ж.), «Жүрек сыры» (2019 ж.) және аралдық айтыскер ақын Бекұзақ Тәңірбергенов жайлы «Жыр-ғұмыр» (2013ж.) атты естелік кітаптың авторы. Өлеңдері 2019 жылы «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан 50 томдық кітапқа кірді. «ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Бегім ана» жыры «Халық жыры» (қаламмен сөйлейтін) кітабына енді. Қазақтың классик ақыны Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналып шығарылған кітаптың құрастырушыларының бірі.
Қазіргі таңда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Коворкинг» орталығының жетекшісі қызметін атқарып келеді.
Жұбайы Ақшынар. Гүлсезім, Береке, Ислам, Мерейім атты балалары бар.
Әке
Сен кеткенде кең дүние тарылып,
Анам менің Жаратқанға жалынып,
Сұрап еді «тірегімді алма» деп,
Жылап еді көзден жасы ағылып.
Сырғып өмір өтіп жатты сынаптай,
Бір әулеттің шаңырағын құлатпай,
Балаларын медет тұтып көңілге,
Жетілдірді жетімдерін жылатпай.
Асыл әкем, асқар тауым, ұлығым,
Тағдыр саған ерте салды құрығын.
Таң мезгілде ғайып болған жұлдыздай,
Қысқа болды жер бетінде ғұмырың.
Өмір солай салады екен өрнегін,
Өз-өзімді уақытпен емдедім.
Алқымыма өксік келіп қалады,
Тірлігіңде ешбір қызық көрмедің.
Талай жаннан ұшып соңғы кетті дем...
Мен өзіңдей туған ұлмын тектіден.
Менің мына жерді басып жүргенім,
Сенің, әке, өлмегенің деп білем.
Шешемнің сөзі
Бар бейнеттен арылтам деп шешемді,
Көшейік деп айтып едім қалаға.
«Кәрілік те келіп қалды, кеш енді,
Кім қарайды әкең жатқан молаға?»
Төбемнен бір мұздай суды құйғандай,
Жанарымнан ыршып шықты жасымда.
«Жүргеніңді қалап едім қиналмай
Әрі менің боласың ғой қасымда».
«Қартайғанда кім елінен көшем дер?
Бұзылғанын қаламаймын іргенің.
Шешем бейнет көрмесінші десеңдер,
Маған керек сендер аман жүргенің.
Сағынсаңдар елге келіп тұрыңдар
Ауыл жақтан естілгенде әдемі үн.
Үміт күткен қызың да бар, ұлың бар,
Туған жермен ұштастыр жан әлемін.
Аралатшы өзің өскен ауылды,
Бауырлармен көңілдері көктесін.
Таныстыршы көрші-көлем қауымды,
Өскен кезде жат жұрттық боп кетпесін.
Мен қашанғы жүрер дейсің,шырағым,
Адам мәңгі тұра бермес биікте».
Жаулығымен сүртіп көздің бұлағын,
Тұрды қарап әкем жатқан бейітке.
Секем ойдан арыла алмай не түрлі,
Мен де тұрдым еңсемді нық жия алмай.
Қарауыл ғып тастап кеткен секілді,
Шешем отыр қара шалын қия алмай.
Ауылдастарым
Амансыңдар ма, ауылдастарым,
Сендермен өткен жалын жас шағым.
Бір қателік жасап қоям ба деп,
Аяғымды да жаңыл баспадым.
Ауылым жайлы ән сап жүрегім,
Мазасыз ойдан шаршап жүдедім.
Есейген шақта есіме түсіп,
Өткен күндерді аңсап жүремін.
Кеткенде алыс жетелеп арман,
Қимастық сонда әуенін салған.
Көз жасын көл қып балалық шағым,
Ауыл шетінде қол бұлғап қалған.
Көз ілсем болды ауылда жүрем,
Сағынышым ба қауымға деген.
Туған жерімнің шаңы мен құмы
Себелеп өткен жауында өлең.
Сонан соң жалғыз қырға барамын,
Өзен жоқ бізде жырлап ағатын.
Жаңбырдан кейін қақтың суы бар,
Ақынның жырын тыңдап жататын.
Жатамын көкке ойменен қалғып,
Тайға да мінгем үстіне қарғып.
Шапқанда шіркін жусанның исі,
Тұратын еді мұрынды жарып.
Күндер-ай менің достармен бірге,
Алыстап кетті бұл күнде ірге.
Қарлығаш құсқа сәлем айттырып,
Сыр шерткен едік сарғалдақ гүлге.
Жата кетуші ек қалаған үйді,
Ол кезде сондай балалар игі.
Таң атпай тұрып қазатын едік,
Жауқазын менен гараганиді.
Мен үшін ауыл – көңілге көрік,
Осынау ғажап өңірде өніп.
Бір келмей кетті демесін елім,
Қайтпасам болмас, көзіммен көріп.