Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қажылық – қасиетті парыз

Қажылық – қасиетті парыз

Шамасы жеткен әрбір мұсылманға өмірінде бір рет умра жасау – парыз. "Умра" зиярат ету деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір уақыттан тыс жылдың кез келген уақытында ихрамға кіріп, тәуап және сағи жасағаннан кейін ер адамдар шашын алғызып, әйел адамдар шашын қысқартып, ихрамнан шығу жолдарымен атқарылатын ғибадат. Көп адамдар "Ой, бізге қажылық қайда, ақша қайда, қалай барамыз, қашан барамыз" деп ойлайды. 2008 жылдан бастап жанымдағы таныстарым кажылыққа барып-келіп жатты. Сол кезден бастап мен де қажылықты армандадым.
Мекке мен Мединаны көрмесем де, көз алдыма елестетіп, сағынып отыратынмын. Қажылыққа "адал жиналған акшамен, қарыз алмай бару керек" деген сөздер әбден миыма орнығып алған. Еш нәрседен қорықпау керек.
Әуелі Алланың ризашылығы үшін деп үлкен қызыл конверттің сыртына қажылық деп жаздым да, ішіне 200 теңге, 500 теңге, 1000 теңгеден сала бердім. Бір дәптерден күнделік арнап, күнде-күнде "Қажылық. Мекке. Медина" деп жаза бердім. Сол конверттен кандай қиналсам да, 1 теңге де алмадым. Солай жиналды қажылыққа баратын қаражат. Тек әрекет етіп бастауың ғой, жан-жақтан да ойламаған жерден теңгелер келе бастады. Олай дегенім, арман да, мақсат та анық болуы керек. Сонымен 2020 жылдың ақпан айының 19-нан 29-ы аралығында маған да Мекке мен Мединаға мұсылмандықтың бесінші парызы – қажылықты өтеу бақыты бұйырыпты, нәсіп болыпты. Қажылыққа аттанбастан бұрын әрбір адам «Қажылыққа қандай мақсатпен барамын?», «Қандай нәтижелерге қол жеткіземін?» деген сауалдарға жауап іздеуі керек. Өзі үшін осыларды айқындап алған адам қажылықтың мән-маңызын терең түсінеді әрі өзгелерге де жеткізе алады.
Аллаға шүкір, осы діни парыздардың бәрі де ерге де, әйелге бірдей ортақ жүктелген. Барарда Алматы-Медина, қайтарда Джидда-Алматы ұшақ рейстеріне міндік. Умра қажылықты ниет етіп, 240 адам 5 компания Алматы әуежайынан Мединаға ұшақпен ұшып келеміз. "Лифтіден қорқам, иттен қорқам, самолеттен қорқам" деп жүретін Майрамкүл де еш нәрседен қорықпай, көңілді, қуанышты ұшып келеміз. Ұшақта ұйымдастырушы жігіттер "Қазақ травел" компаниясынан қажылықтың тәртібі мер ережелерін түсіндіріп келе жатты.
Қасиетті Қағбаға қолым жетіп тұрғандағы бақытты күйімді, сезімдерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еріксіз көзімнен жас парлады...
О, Медина қаласы, қандай керемет, сұлу қаласың! Ақпан айының аяқ жағында барсақ та, аптап ыстық 38-40 градус болып тұрды. Гид жігіттер өте білімді екен. Ұшаққа отырғызу, автобус жалдау (коляскада 4 әже болды), қонақ үйге орналастыру, тамақтандыру, адамдардың қауіпсіздігі – бәрі ұйымдастырушы (гид) жігіттерге жүктелген. Бәрі керемет, өте жоғары деңгейде болды. Алла ұзақ өмір берсін осыңдай білімдар жігіттерге. Бәріміздің "Qazaqstan" деген көгілдір формамыз бар. Бұл біздің Қазақстан деген елден келгенімізді аңғартып тұрғандай. Қажылыққа аттанған адам Алланың қорғауында болып, зор сауапқа кенеледі. Мысалы, Медина қаласындағы Пайғамбар мешітінде оқылған бір намаз басқа жерде оқылған намаздан сауабы жағынан 1000 есе артық. Ал әл-Харамдағы бір намаз басқа жердегі 100 000 намазға тең.
Әр тілде сөйлейтін Жердің әр түкпірінен келген, бірін-бірі танымайтын жүз мыңдаған адамның азаншы айтқан қаматтан кейін бір-екі минут ішінде түп-түзу сап түзеп тұра қалғаны қандай ғажап! Бәрінің ниеті, тілегі бір. Ол – Аллаға деген иманы, махаббаты.
Пайғамбарымыз өзіне сәлем берген адамға жауап беру үшін Алла оған рухын қайтарады екен және зиярат етіп келген адамға қияметте пайғамбарлық шапағат уәжіп болады екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Медина қаласында жатыр. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) табаны тиген жерді басу – нағыз бақыт! Оның қабіріне барып, сәлем беріп, елдегі бауырлардың сәлемін жеткізіп, мінбері мен қабірі арасындағы раудатул-минәл-Жәннатта намаз оқып, ерекше әсер алып қайттым. Салауаттарым бұған дейін тілімнің ұшынан шықса, енді жүрегімнен шыққанын сездім. Сол сәтте өз дәрменсіздігімді, Алланың ұлықтығының алдында өзімнің әлсіздігімді, Оған мұқтаждығымды ерекше ұғындым. Құлшылықтан шаршаудың өзіндік ләззаты болады екен...
Мединада құлшылығымызды жасап болып, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қоштасып, Мекке қаласына автобуспен келдік. Қонақ үйге орналасып, ихрам киіп, "Әл-Харам" мешітіне барып, Қағбаны жеті рет айналдық, Сафа мен Мәруа арасында жеті рет жүріп, зәмзам суын іштік.
Күндегі құлшылығымызды жасап, 10 күн де өте шықты. Автобуспен Джиддаға келдік. Әуежайда елге, туған жерге деген сағыныш сезімі кеудені кернеп, үдей түскендей болды. Қажылықтан алған әсерді сөзбен жеткізу қиын-ақ...
Осы сапар кезінде сабыр, Алланың әмірлеріне толықтай бойұсыну, нәпсіңді тежеу сынды қасиеттер жақсы тәрбиеленеді. Нәпсісін сындырып, өзгергісі кеп жүрген пенделер қажылық жасауға асықсын дер едім. Қасиетті парыз – қажылық қабыл болсын. Алла баршамызға үлкен қажылыққа баруды нәсіп етсін.

Майрамкүл қажы ХАКИМОВА
05 сәуір 2021 ж. 3 223 0