Жайсаңдарды жырға қосқан
Ақын Шөмішбай Сариев сан қырлы талант иесі. Оның көңіл күйін, жан сезімін жарқырата көрсеткен өлеңдеріне қарап лирик десек, поэма-дастандарына қарап эпик екенін білеміз. Қазақ халқының талантты сазгерлері жазған жүздеген танымал әндерінің мәтінін жазушы ретінде өз талантының аумағын көрсетті. Ондаған ұлттың ақындарын қазақ тіліне жатық тәржімалаған аудармашы. Қаламгер ретінде тағы бір дүниелері – сатиралық туындылар екенін көреміз. Дарынды ғалым, жерлесіміз Батырхан Дәрімбетпен бірігіп, кезінде "Тамаша" деген кітап шығарған. Бұл жинаққа сол кездегі аты дүркіреп тұрған "Тамаша" ойын-сауық отауына арнап жазған интермедия, пародиялары енген-тін. Өз уақытындағы қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерді көтеріп, көзге шұқи көрсете отырып, күлкіге айналдырған сол интермедиялары қазақ сахнасындағы эстрадалық жанрдың дамуына үлес қосты.
Ақын Шөмішбай Сариевтің енді бір бөлек туындыларын бүгінгі сөзімізге арқау етпек, таныстырылым жүргізбек мақсатта – оқиғалы өлеңдер деген шартты атаумен алып отырмыз. Оқиғалы өлеңдер десек, көбіне есімізге баллада немесе мысал өлеңдер түседі. Біз сөз еткелі отырған Ш.Сариевтің өлеңдері бұл жанрларға жатпайды, бұл туындылары халқымыздың тауып айтар туырлығына, өмірде бір жайларға сай әзіл түрінде сөз тапқырлығына байланысты шығарылған. Күнделікті өмірімізде "Қазақы қалжың", "Ауылдың айтқыштары" деп жүрген ауыз әңгімелердің өлең формасында берілуі, ұйқасты сөзге түсірілуі.
Міне, осындай үлгіде жазылған өлеңдер – Ш.Сариевтің шығармашылығында біршама орын алады екен. Өмір мен өлең егіз десек, ақынның жаратылыс, болмысы күлкілі әңгіме айтуға, айнала өмірдің юморлы жақтарын қалт жібермей, әдемі әзілге бейімділігін көреміз. Енді осыған, ақын келбетіне сай өлеңдер да шығармашылығынан орын тапқан.
Бұл өлеңдердің кейіпкерлері – қазақ халқының белгілі ақын-жазушылары, композиторлары, ғалым-сыншылары. Әзіл дегеніміз, күлкілі сөз дегенімізбен, әр тауып айтылған сөздің ар жағында үлкен ұлағат, тәлімді тәрбиелік мән жатады. Мына бір қысқа өлеңі "Ұлы Мұхаң және жас ұрпақ" деген туындысына назар аударып қарайық.
Бір жиналыста даналығы асып,
Бір жас жігіт жаңалық ашып,
Әуезовті алғаш: "Ұлы!" деген екен,–
"Абайдан соңғы классигіміз, көзі тірі!" деген екен.
Әдеби қауым аңтарылып,
Сенбейтін де жан табылып,
Сөзді басқаға бұрыпты.
Алатау ойға батып,
Ішінен астана күліпті.
Шырқыраған шындықты,
Ең алғаш жас бала біліпті...
Ертеңіне біреу Мұхаңа келіп:
"Менің жүрегім байқады", –депті –
"Сол балаға сенесіз бе, Мұха,
Ол өтірік айтады",– депті.
Сонда Мұхаң тұрып: "Әй, тегі", – депті –
"Сол шындықты, шырағым, сен айта салсаң қайтеді?!" депті.
Шағын оқиғалы өлеңнің бар болғаны – осы үш шумақ. Алайда ой жіберіп оқыған адамға көп жайлардың басы ашылады. Өз дарын-қабілетінің ауқым-көлемін білген ұлы тұлға Мұхаң... Мұхаңның кемеңгерлігін күлбілтесіз мойындап, ел алдында жайып салған жап-жас ғалым... Екі ортада ұлылықты танымай, екі жаққа сөз тасымақ болған таныс-бейтаныс бір ел ағасы... Оқырман оқып шығып, адами қасиеттер туралы өз ой түйінін жасайтыны белгілі.
Жалпы, Ш.Сариевтің осы формада жазылған поэзиялық дүниелері бір қарағанда проза жанрынан ұзап кетпей тұрғандай әсер етеді. Екеуара диалог, сондай-ақ шығармада белгілі бір буын, бунақ сақталмай, кәдімгі ауызекі сөйлеу тіліне ұқсатып беріледі, өлең тармақтары ғана ерікті ұйқасқа құрылып, өлеңдік сипатын анықтап тұрады.
Ш.Саривтің өзі "Ағалар айтқан асыл сөз" деп айдар тағып, баға берген өлеңдеріне "Қос Ғабең мен Сұлтан Оразалин", "Мұқағали Мақатаевтың бір сыншыға айтқаны", "Сағат Әшімбаев пен Төлен Әбдіков", "Асқар ақын мен сов.мин", "Ілияс Омаров және операция", "Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев", "Әбу Сәрсенбаев пен Тоқаш Бердияровтың хикаясы", "Сәбит Мұқанов пен бейтаныс адам", тағы басқа туындылары жатады. Әр өлеңнің өз айтары бар. Біздің ұлы тұлғаларымыздың қарапайым тірліктегі жайларын, ерекше мінездерін, тапқыр ойларын, бөлекше бітімдерін танимыз. Әр туындының сөз астарында жеңіл әзіл бар. Сол тауып айтылған астарлы әзіл, қалжың – өлеңнің түйін сөзі боп тұрады. Осы өлеңдерден Сәбит Мұқановтың қарапайым да аңқаулығын, Асқар Тоқмағамбетовтің момындығын, Хамит Ерғалиевтің адуындығын, Ілияс Омаровтың батыл ойлылығын көреміз, яғни шағын дүниелер арқылы кейіпкерлердің характері бірер ғана штрихтармен ашылып жатады. Және осылар арқылы автор тіршілік-тынысымыздағы жарасымды әзілдің құдіретін сездіреді. Шағын оқиғалы өлеңдердің тіл жатықтығы сондай – оқығаныңды екінші біреуге әңгімелеп айтып беруге сұранып тұрады.
Жалпы, Шөмішбай ақынның сұлу сөзге, қаймақты сөзге, қиыннан қиыстырып тауып айтуға бейім болуына оның туған жері – Арал әсер еткенін білеміз. "Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев және мен" өлеңінде автор өзіне қазақтың қара өлеңінің мұзарт шыңына шыққан Мұқағалидың былай дегенін есіне алады:
–А, Шөмішбай, сенің туған Сыр еліңнен оралдым,
Сырдария – жыр еліңнен оралдым.
Жүрегіммен қол беріп, жүрегіммен қол алдым.
Жастық болар, төсеп төсек сауырын,
Қандай жақсы сенің туған ауылың!
Бірінші рет мойындадым өзімді,
Мен шынында ақын екем, бауырым!
Ақынның шағын оқиғалы өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі – шынайылығы. Бәрі де белгілі бір оқиғаларға, жайларға байланысты туындаған. Мұқағали ақынның өткен ғасырдың алпысыншы ма, жетпісінші жылдары айдынды Аралға келіп, шабыттың шалқарына қайық салып, аралдықтарға еркелеп, еркін бір серпілгенін білеміз. Сол ақ көңіл, ақ жарма мінезді жерлестеріміздің риясыз пейілі ақынның жүрегіндегі ақындық жанартауының бұрқ етіп таси ашылуына себеп болғанын сездіреді. Ақындардың өз ішіндегі жан сырын, жан сөзін тындырып, бұқтырып қоя алмайтынын көреміз.
Ақын Шөмішбай Сариев бір өлеңінде:
Көркем ой көмкеріліп көңілде алтын,
Шығарсам деп ойладым жерім даңқын.
Бір нәрсеге әйтеуір қолым жетсе,
Бәрі де сенің арқаң – елім-халқым,– деп айтқанындай, қазақтың ай маңдай, жақсы-жайсаңдарымен иықтаса жүріп, олардың оралымды, ұтқыр ойларынан өрнек жасағаны – оның ақындық мұзартына көтерілген поэзиясының бір жанды бөлшегі. Жаңа ұрпақ, жас ұрпақ ақынның мол мұрасынан ол өмір сүрген уақыттың сәулелерін осындай ағынан ақтарылған, әзілмен әспеттеген өлеңдерінен көреді, біледі, таниды.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі