Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Титаник» трагедиясы

«Титаник» трагедиясы

Бұл өмірдің ғажайып сырлары мен адам таңғаларлық ақиқаттары көп екен. Негізі, асылық айтып, асыра сөйлеу адамзат баласына жат болса керек. Себебі көкірек керген талайдың тағдыры түрлі сипатта сыналып жатады. Ал оның қасында адам қолымен істелген тұтас туындыны тағдырға қарсы қою әсте Алланың ісіне шек келтіру болса керек. Соның айғағы осыдан 109 жыл бұрын орын алған «Титаник» трагедиясы. Кеменің кереметтілігі соншалықты, құрылысшылар мен флот иелері менменсіген түрмен: «Құдайдың өзі бұл кемені суға батыра алмайды» – деп мәлімдеген болатын. Нәтижесінде адамның атаққұмарлығы мен менменшілдігі қатаң түрде жазаланып, аса ірі айсберг санаулы секундтардың ішінде Титаниктің болаттан құрсауын жарып, алып кеменің астыңғы бөлігіне Атлант мұхитының мұзды суы тола бастады. Осылайша алып кеме алғашқы сапарда-ақ сәуірдің 14-нен 15-не қараған түні айсбергке соғылып, апатқа ұшырады. Борттағы 2224 адамның 711-і құтқарылып, қалған 1513 адам суға кетті. Бұл әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген адамзат тарихындағы алып апат болды. «Титаник» расында алып кеме еді. Оның ұзындығы – 268,98 метр, ені – 28,2 метр. Төрт трубасы бар. Биіктігі 11 қабатты үймен тең, ұзындығы қаланың төрт кварталы болатындай еді. Елу мың аттың күші бар кеме сағатына 25 узел жылдамдықпен жүру мүмкіндігіне ие болатын. Лайнерде 762 каюта орналасқан. Сондай-ақ кеменің екі қабатты қорғанысы, 19 су өткізбейтін құдығы болды. Осының өзі-ақ алып кеменің «суға батпайтындығына» дәлелі еді.Өткен ғасырдың басында орын алған аса ірі апаттың бірі – «Титаник» жолаушылар кемесі 1912 жылы алғашқы әрі соңғы сапарына шықты. Саутгемптоннан Нью-Йоркке бағыт алған лайнердің жолаушылар тізімінде сол кездегі танымал да бай адамдар бар еді. Алайда бай мен кедейді бөліп жармай, баршасын бірдей жалмаған «Титаник» трагедиясы әлі де жұмбақ қалпында. Әрине, «суға батпайтын» алып кеменің алғашқы сапарда-ақ құрдымға кеткені жөнінде небір болжамдар айтылады. Бірақ әлі күнге нақты дәйек жоқ. Десе де қаншама тағдырды қас-қағым сәтте талқандап кеткен ажал кемесі жайында бір-ақ ақиқат бар. Ол тарихта «Титаник» трагедиясының орын алғаны.
Мына қызыққа қараңыз. «Титаник» трагедиясынан көп уақыт бұрын Нью-Йорктегі «Арчибальд Уэлш и К» баспасынан Морган Роберсон деген теңіз капитанының суға батқан кеме жөніндегі фантастикалық кітабы жарық көреді. Дәл сол кезде оған ешкім көп мән бере қоймады. Бірақ «Титаник» апатынан кейін ол кітап қолдан-қолға тимей оқылатын әлемге әйгілі туындыға айналып шыға келді. Баспа кітапты оқырмандардың сұрауы бойынша қайта-қайта басты. Баспагер мол қаржы тапты. Белгісіз капитанның сүйкей салған шатпағында не құпия бар еді? Неткен сәйкестік десеңізші? Қызығы сол, кітаптағы суға батқан кеме «Титан» деп аталыпты. Тіпті барлық техникалық анықтамалары «Титаникпен» тең болған. Лайнердің ұзындығы, жолаушылардың, құтқаруға арналған қайықтардың саны, сондай-ақ өзге де құрал-жабдықтар дегендей. Кітаптағы «Титанда» айсберге соғылған. Бар керемет осында жатыр. Оқырман қауым кітаптағы оқиға көп жылдан соң, әлемдегі алып кемеде дәл сол қалпы қайта-ланғанына таңғалған. Екі оқиғаны байланыстырып тұрған әлде бір тылсым күштің бар екеніне көз жеткізген. Құдды бір сол шексіз мұқитта орын алған шытырманды алдын ала болжап жазғандай.
Жалпы, «Титаниктің» жарнамасы ХХ ғасырдың басындағы елді дүрліктірген керемет болды деуге негіз бар. Сол кездегі Батыстың барлық жетекші басылымдары ғажайып кеме жөнінде жарыса жазды, кеңінен жарнамалады. Кеме иесі жарнама үшін ақшаны аямады, суша шашты деуге болды. «ХХ ғасырдың ғажайып лайнері, керемет әспеттелген 762 каютасы бар. Кемеге 44 тонна мал мен құс еті, 35 мың жұмыртқа, 40 тонна картоп, 27 мың шөлмек сыра, қымбат шараптар, 5 мың тонна қант, өзге де көптеген азық-түлік сиятын. Не ішем, не жеймін десең де еркіңде. Сондай-ақ кемемен 10 ірі миллионнер сапарға шығады. Олар сейфтерге салып жүздеген миллион доллар, қымбат заттар, алтындар ала шықпақ. ХХ ғасырдың суға батпайтын ғажайып, жұмақ кемесімен сапар шегуге асығыңыздар» деген секілді жарнамалар газет беттерін алып кетті. Расында, мұндай жарнаманы оқыған кісі « Титаникпен» сапар шегуге асықты. Шын мәнінде олар ажалына асыққандарын сезбеген еді. Тағы бір таңғаларлық жағдай, алып кемеде бар-жоғы 20 құтқару қайығының болғаны. Оған небары 1178 адам сиятын. Дәл сол кезде кемеде 1316 жолаушы және 885 кеме қызметкері болған. Лайнер 3300 адамға арналған еді. Демек, біреу қаскөйлікпен құтқару қайығын аз тиеген деген болжамдар да айтылды. Бірақ барлығы уақытынан кеш еді...
Сонымен 1912 жылы 10 сәуір күні түс кезінде «Титаник» жолға шық-ты. Кемеде 2224 адам бар еді. Сапардың төртінші күні кеме радистері жол-жөнекей өтіп бара жатқан өзге кемелерден «жақын маңда айсбергтер бар, сақ болыңыздар» деген белгі алған. Бұл кезде «Титаник» Ньюфаундленд аралынан 450 миль жерде еді. Айсбергтер жөніндегі хабар кеме капитаны Эдвард Джон Смитке жеткізілді. Алайда ол оған аса мән бермеді. Тек кеменің алдында орналасқан жолға қараушыларға «сақ болыңдар» деп жай ғана ескерту жасады. Алайда оқиға басқаша өрбіді. Кеме айсбергке соғылды. Осылайша жарнамасы келіскен қауіпсіз кеме қас-қағым сәтте құрдым қақпасына бағыт алып, жанталасқа түскен қаншама тағдырды жалмап тынды.
1995 жылы Батыс жазушылары Роберт Гардинер және Дан Вандердің «Титаниктің құпиясы» деген кітабы жарық көрді. Сол кітапқа үңіліп отырсаңыз, осы айтылған және көптеген өзге де деректер сөз болған. Мәселен, «Титаникпен» сапар шекпекші болған миллионер Пирсон Морганның (кеменің иесі де сол болатын) кеме жүрер кезінде «денсаулығым болмай тұр» деген сылтаумен жағада қалып қалуы. Бір қызығы, сол миллионер аталған трагедиядан екі күн өткенде түк болмағандай, ашынасымен Францияның бір курортында күнге күйіп, аунап-қунап жатқанын көргендер бар. Тағы бір қызықты дәлел, кемеге тиелуі тиіс небір қымбат картиналардың жағада қалып қоюы. Қазіргі күні сол картиналар Нью-Йорк өнер мұражайында тұр. Сондай-ақ кеме жүрерінен бірер сағат бұрын Морганның көптеген байшыкеш серіктері (50 адам) сапардан аяқасты бас тартқан. Олардың ішінде неміс құрыш магнаты Генри Фрик, американың атақты миллионері Джордж Вандербильт те болған. Олар неге сапардан бас тартты? Бұл да күні бүгінге дейін шешілмеген жұмбақ?
Кітапта тағы бір қызықты дәлел алға тартылған. Ол — «Титаниктің» одан бір жыл бұрын жасалған «Олимпик» пароходымен өте ұқсастығы. Сапар алдында «Олимпик» деген жазу алынып, оның орнына «Титаник» деп жазылған» дейді авторлар дерек-дәйектерді алға тартып. Себебі «Олимпик» кемесі суда жүзуді өте сәтсіз бастаған. Бірнеше мәрте қайранға батып, бір рет ағылшын крейсерімен соқтығысып қалған. Кінәлі «Олим-пик» еді. Сондықтан компания «Уайт стар лайн» ағылшын кемесіне 1 миллион доллар шығын төлеуге тиіс-ті. Бұл ақша сол кезбен салыстырғанда аса көп болатын.
Кітап авторларының болжамынша, осы оқиға қаскөй жоспар жасауға итермелеген. Сол себепті «Олимпик» пароходы «Титаник» деген жалған атпен рейске аттандырылған. Сондай-ақ «Олимпиктің де» «Титаниктің де» капитаны бір адам – Эдвард Джон Смит. «Жолда айсберг бар» дегенге қарамай «бар жылдамдықпен алға жүр» деп бұйрық беруінің негізгі себебі, қалайда кемені құрту жоспары еді. Демек, апат алдын ала жақсылап ойластырылған. Кітап авторлары осылай дейді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын су астынан Титаниктің төрт мыңға жуық қосалқы бөлшектері, құралдары жағаға шығарылды. Бір қызығы, ешқайсынан «Титаник» деген белгі табылмаған… Кітап авторлары шын «Титаник» «Олимпик» деген атпен 20 жылдан астам компанияға қызмет етіп, 1935 жылы ескірді деп есептеп, бұзуға жіберген. «Титаникке» байланысты тағы бір аңыз былай дейді. «Титаниктің» иесі кемені өзінің жасалу бағасынан бірнеше есе қымбатқа сақтандыру келісімшартына отырған. Сондықтан кемені қолдан апатқа ұшыратып ақшаны алу әлдеқайда тиімді екенін білген алпауыт «Титаниктің» суға батуын әдейі жасады деседі.
Бұл айтылғандардың шындыққа қаншалықты жанасымды екенін ешкім дөп айтып бере алмайды. Оны енді ешкім дәлелдей алмасы хақ. Тек жұршылықтың оқиғаның шын өмірде орын алғандығы...

Дайындаған
А.ҚАРАСАЙ
27 сәуір 2021 ж. 1 055 0