Юра деген досымыз болды
Юра деген досымыз болды
Гректер – өжет халық. Біздің өңірге қай жақтан келді дерің бар ма? Мүмкін, бұлар да Кавказ таулары маңайынан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында сталиндік режиммен ауа көшірілгендердің ішінде жергілікті халықпен бірге жер аударылған шығар деп ойлаймын. Не дегенмен, іскер халық. Қандай жұмыс болса да арланбай істейді. Көшелерде отырып-ақ жұрттың аяқ киімін тазалап, кремін жағып, жалтыратып бергенінің өзі үлкен құрмет емес пе? Тіпті аяғымен шарқайрағын айналдырып, пышақ, балта сияқтылардың дүзін шығарып отырғанын көзімізбен көргенімізді несіне жасырайық.
Оқушым, бұлар сондай халық екен деп ойлап қалмаңыздар. Ал олар болса халыққа жасаған қызметін құрметім деп ойлайды. Еңбекақысын маңдай терімен алады. Артық ақшаңды алмайды, қайта тиын-тебеніңді қайтарып береді. Мұндай халықты кінәлауға болмайды.
"Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғанды" бұлар да түсінеді. Бірақ амал не? Өмірің осындай жағдайға тап келсе, не істейсің? Шынтуайтында, жоғарыдағы мысалдарды тек дәйек үшін келтіріп отырмын. Бұған олардың ешнәрсесі кетпейді. Ел болған соң бәрі болады. Көргенімізден көрмегеніміз көп. Кәсіпкерлер, мамандар, тіпті басшы орындарда істегендер де болды. Ең аяғы ағайынды Фатиадилердің бірі қалада фотография цехын ашса, ал екіншісі стоматолог болып, қызмет жасап, халқымыздың ілтипатына бөленген жандар екенін көзі көрген қариялар жақсы біледі.
Өткен ғасырдың елуінші жылдардың соңына (1957 ж.) таман "Пятый" деп аталатын төбенің аяқ жағындағы алаңқайға жаңадан ұйымдастырылып жатқан "Приарал" кеңшарының орталығы орнығатын болып, мекеме кеңсесі, гараж, МТС сияқты объектілермен қатар тойхана (кейін жұмысшылар асханасы болды), дүкен салына бастады. Мекеме кеңсесі кейін басқа аумаққа салынып, оның орны №213 бастауыш мектепке бейімделді. Бұл қазіргі №71 орта мектеп-интернаттың негізі екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Міне, осы құрылыс жұмыстарды жергілікті халықпен бірге шешен-ингуш, кабардан-балкар, авар (ауар деп те аталады) және грек ұлтының өкілдері атқарды.
Сол кезде біз тұратын көшенің бас жағына кеңшардың екі пәтерлік бір үйі жобаланып, салына бастаған-ды. Көп ұзамай пайдалануға берілді. Екі пәтерлік үйдің бір жағына кеңшардың алғашқы директоры (Досымов болу керек), екінші жағына кеңшарда балташы болып істейтін Иван Якободидің (грек) жанұясы көшіп келді.
Ол кезде баламыз. Бағидулла, Тайман (Кішкене), Бақтыбай, Оспан және осы жолдардың авторы бас қосқан достар болып, екі пәтерлік үйдің ауласы қоршалмағандықтан, сол маңды төңіректейміз, ойнаймыз. Өйткені бұл маңда мұндай көрікті үй жоқ. Төбе тұрғындарының көбісі жатаған үйлерде тұрады. Ағайын-туғандар бір-бірімен жақын отырғанды жөн көре ме? Тіпті ауласында бірнеше жанұя тұрғандар да болды. Кейін олар отырған жеріне жаңадан үй салып, орнығып қалды. Әнекей, қазіргі күні "Пятыйда" дұрыс көшенің жоқтығы соның әсері.
Ал мына жаңадан салынған екі пәтерлік бір үйдің маңайы ашық. Қандай ойын болса да ойнауға (бұрын да ойнап жүрген жеріміз) кедергі жоқ. Бірақ бізге ойын емес, әлгі көшіп келгендердің түстерін, сөйлескендерін қызық көреміз. Кейде олардың үйден қызуқандылықпен сөйлескен дауыстары сыртқа есітіліп жатады.
Осындай сәттердің бірінде біздерден әлдеқайда жасы кішілеу бір бала үйден ытқып шығып, жаңадан салынған сарайдың көлеңкесіне келіп, ал кеп жыласын.
– Неге жылайсың, папаң, мамаң ұрды ма?– деп сұрауға дәтің де бармайды екен. Өйткені бір-біріміздің тілімізді түсінбейтініміз анық. Сөйтіп тұрғанда, үйден ағасы шығып, оған грекше бірдеңелерді айтқандай болды да, бізге қарап:
– Қырсық,– деді. Біз аң-таң қалдық. Тап-таза қазақша сөйлеп тұр.
Кім екені қазір есімде жоқ, әйтеуір қасындағы достарымның бірі онымен қазақша сөйлесіп кетті. Міне, біз сол арада Юрамен танысып алдық. Тіпті достасып кеттік десе де болады.
Таныса келе білгеніміз, Юра мұнда көшіп келместен бұрын темір жолдың арғы бетіндегі "курортная" (сол кездегі атауы) аяқ жағындағы төрт пәтерлі үйлердің бірінде тұрыпты. Әкесі Иван атақты балташы, ағаш ұстасы да, шешесі үй шаруасында, ал Юра болса, бізбен түйдей құрдас. Қарындасы Оля және манағы інісі Коля бар екенін білдік.
Сонан бастап (әрине сабақ пен малдан басқа) қолымыз босағанда достар болып, Юраның үйінің маңайына жиналып асық ату, доп тебу, ләңгі тебу сияқты ойындар ойнаймыз. Бәрінен де алдына жан салмайды. Қай ойын болмасын ұршықтай иіреді. Жасыратыны жоқ, кейде асығымыздан, тіккен тиынымыздан ұтылып, басымыз салбырап қайтқан күндеріміз де болды. Мұндай сәттерде достығымыздан айырылған жоқпыз. Қаншама ренжіп кеткенімізбен, ертеңіне қайта қауышамыз.
– Бұл ойын болмайды екен,– деді Юра бір күні, ренжігеніміздің ертеңіне, – мен сендерге жаңа ойын үйретейін. Арамызда асық та, тиын-тебен де жүрмейді.
– Ол қандай ойын?– деп бәріміз де Юраға жамырай қарадық.
– Қызай ойыны! Қыз-ай...
– О-ой-қой, бұл қыздардың ойыны болмасын,– деп секем алғандар да болды.
– Ертең көресіңдер. Тек ойын ойнайтын болсаңдар, аяқтарыңда конькийлерің болсын. Жерді көріп тұрсыңдар ғой, көк мұз...
Айтты, бітті. Ертеңіне жиналғанымызда ол да хоккейшілердің таяқшасына ұқсас басы имиген, жуандау сым темірлерді қолтығына қысып жетті.
– Мына ключтерді бөліп алыңдар да, мені тыңдаңдар, – деп ойын ережесін түсіндірді.
Түсінік бойынша шеңбер жасап тұрдық. Және әрқайсымызға (алдымызға) шағын шұңқыр, ал нақ ортаға жұдырықтай доп еркін түсетін шұңқыр қаздырды. Аяғымызға конький байлаттырды да, ішімізден біреуін конькиймен сырғанап келіп, допты ортаңғы шұңқырға түсіруге әрекет еткізді. Ал қалғандарымыз (ойын 5-6 баладан аспау керек) әлгі қуып келген допты қолымыздағы темір таяқшамен алысқа сермеп жіберуіміз керек. Шалт қимыл керек. Егер жайбасарлықпен допты темір таяқшамен ұрам деп жатқанда, допты қуалаушы сенің алдыңдағы шұңқырыңа (ұясына) таяқшасын тығып үлгірсе, ұтылған болып шығасың. Яғни допты қуып әкелу соған міндеттеледі. Бұл "Қызай" қызық ойын. Әсіресе қыстың күні жұқа қардың үстінде, күзде мұз болып қатып жатқан айдында ойналады. Шайбалы хоккей сияқты. Күзде де, қыста да бойың тоңбайды. Конькиймен сырғанап, қызып жүресің.
Бұдан кейін Юра бізге жаз айында ойнайтын "Тыру-тыру" ойынын үйретті. Бұл ойында екі топ (әр топта 7-8 бала) болып ойналады. Яғни қараңғы түскен кезде. Неше түрлі киімдерді (бас-аяғыңа дейін бүркеніп) киіп, бір-біріңді танымайтындай болып, етпеттеп жылжып, екінші топқа жақындап, "тыру пәленше" деп аузыңмен атуың керек. Қарсыласың да осылай істейді. Егер дәл тапсаң, әлгі "атылған" бала ойыннан шығады. Шынын айтқанда, бұл етпеттеп жылжу ойыны әскерде жүргенде көп пайдасы тиді. Кейбіреулер етпеттеп жылжуда шапшаңдық көрсете алмай, командирінен сөгіс те естіді.
Тағы бір ойын, ол "есекке қарғып міну" деп аталады. Мұнда да екі топ (әр топта 5-6 бала) болып ойналады. Яғни бірінші топтан біреуі қабырғаға (дуалға) сүйеніп, баған болып тұрады. Екінші бала оның белінен ұстап, басын бір қапталға бұрып, еңкейеді. Одан кейінгілер алдыңғылардың санынан ұстап, тізбектеліп еңкейеді. Бірінші топ әзір болғанда, екінші топ шеттерінен жүгіріп келіп, арқаларына қарғып мінеді. Қарғып міне алмайтындар да болады. Тіпті мініп тұрып, құлап қалатындар, болмаса алдыңғы қарғып мінгендер артына орын қалдырмайтындар кездеседі. Мұндайда топ ұтылған болып шығады. Топтар орын алмастырады. Және де толық мінгенде, шекті саны бар, соны санайсың. Соған дейін құлап қалсаң болды, топ ұтылған болып шығады. Қысқасы, епсіз топ болмаса, ойын ережесін дұрыс сақтағандар ұтады. Еңкейген "есектің" үстінде отырып, "ықы" деп олардың ашуын да келтірді.
Мінекей, ойынның көкәманы. Ұлттық ойын болмаса да, соған жетеғабыл. Спортқа жақын. Мұны қазіргі жастар біле ме екен?
Шынтуайтында, Юраның әкесінен үйренген ағаш ұсталығы өнері де болды. Шағын орындық, жозелер сияқты бұйымдар жасағанын да көрдік. Ал оның қазақтың ұлттық ойындарының небір атасын қайдан білді дерің бар ма? Жастайынан көрші қазақ балаларымен араласып ойнаған. Қазақ тілін сонда үйренген. Біз сияқты Арал теңізі темір жол стансасы жанындағы №64 орыс-қазақ бастауыш мектепте оқыған. Оның қысқаша өмірбаяны осы. Ал оның ойының жүйріктігі, ұйымдастырушылық қабілеті қанына сіңген қасиеті еді.
Бір өкініштісі, Юраның әке-шешесімен Алматыға көшіп кеткені болмаса...
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
ардагер журналист
Арал қаласы