Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Украин қызы Сексеуілге келін

Украин қызы Сексеуілге келін

«Береке бастауы – бірлік, ел іші –тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін Бірлік мейрамының орны ерекше.Еліміздің басқа өңірлері секілді Арал жеріне де кезінде белгілі себептермен сан ұлттың өкілі қоныс аударған. Осы ұлттардың бәрі де кең-байтақ Қазақстан жерінде тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Сексеуіл кентінің тұрғыны, украин ұлтының өкілі Оксана Юрийқызы Гульконы әңгімеге тартқан едік.
«Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» түрлі ұлт өкілдері еліміздегі бірлікті бекемдей түсіп, достық пен ауызбіршілікті ту етіп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді ол.
– Әуелі ата-анаммен Ресейде тұрдық. Кейін Қазақстанның Орал қаласына көшіп келдік. Қазақ еліне келгеннен кейін қазақша сөйлеуді үйрендім.  Осыдан он жеті жыл бұрын тағдыр мені қазақ жігіті Нұрболатқа табыстырды. Сонымен үлкен шаңырақ Оразаевтар әулетінің келіні атандым. Қазақ жігітке тұрмысқа шыққаныма әке-шешем қарсы болған жоқ. Әр ата-ана тәрізді олар да баласының бақытты болғанын, жақсы отбасыға түсіп, сіңісіп кеткенін қалайды ғой. Жолдасым жанұяда 9 баланың кенжесі. "Қарты бар үйдің қазынасы бар" дегендей, отбасымызда Орынбай атамыздың берген батасы, ақыл-кеңесі, жабыққанда жұбатып, қуанышыңмен бөлісетін мейіріміне еш теңеу жетпейді.
Мен келін болып түскенде енем бар болатын. Ол кісі өте керемет жан еді. Барлық жағынан көмектесіп, салт-дәстүрге де қанықтырып жүретін. Алғашында қиындықтар болғанымен, енем, абысындарымның қолдау-көмегінің арқасында көп нәрсені, түйе саууға дейін үйрендім. "Абысын тату болса, ас көп" деген осы екен. Ең бастысы, ағайын-туыстың көптігіне қуанамын. Отбасында қазақ тілінде сөйлесеміз. Жолдасым Нұрболат кенттегі «ЭЧ-26» мекемесінде еңбек етеді. Өзім есепші мамандығы бойынша білім алғанмын. Қазіргі таңда үй шаруасындамын. Екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Осынау өнегелі отбасының бір мүшесіне айналғанымды мақтан етемін. Ешқашан "өз туысым, жолдасымның туысы" деп бөліп жарған емеспін. Бәріне теңдей қараймын. Сонымен бірге жақсы келін барлық салт-дәстүрді ұстанып, үлкенді сыйлауы тиіс деген ойдамын. Маған қазақстандықтардың ұлтшылдыққа, нәсілдікке бөлінбейтіні, бауырмалдығы қатты ұнайды. Киелі қазақ халқына келін болғаным мен үшін бақыт! Осы елде тұрып жатқан әрбір азамат үшін Отанды қадірлеу ең үлкен парыз деп түсінемін, – деді Оксана ағынан жарыла.  
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында: "Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан" дегендей, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері өздерінің салт-дәстүрін ұстанып, мәдениетін, тілін дамытуына мүмкіндік алып отыр.
Биылғы Бірлік мейрамының ораза айымен тұспа-тұс келуі де ерекше көңіл-күй сыйлайды. Адамдардың бір-біріне мейірбан болып, достық пен келісім арқылы ел іргесін бекіте түсуіне әсер етеді. Бүгінгі таңда ынтымағы жарасқан Сексеуіл кентінде бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Олар бүкіл көршілерімен ағайын-туыстай қоян-қолтық араласып, баянды тірлік кешуде. Бір-бірімен еңбек ұжымында да иық тіресе еңбек етіп, достық қарым-қатынасын үзбейді. Үлкендерінің өнегесі болар, ұрпақтар сабақтастығын да жалғап, тату-тәтті өмір сүріп отырған оларға қарап, бір марқайып қаласың.
К. МАХСҰТ 
01 мамыр 2021 ж. 1 330 0