Құшағы кең қазақпыз, еркін елміз, азатпыз
Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Елбасы Н.Назарбев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді.
Тәуелсіздік жылдарында жүйелі жұмыс жүргізген Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында, яғни, 28 сәуірде «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты ХХІХ сессиясы өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалық етіп, Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Ассамблея қызметінің арқасында еліміздің этностық және мәдени сан алуандығы дамудың және реформалардың маңызды факторына айналды. Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлін айрықша аталып өтілді. Ассамблея – барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға шақырады.
Негізі халқымыз ежелден дос қылғанға құшақ ашар туыс болған. Сол кең пейлі мен қонақжайлығы көптеген өзге ұлт өкілдерін құшағына сыйғызды. Қазір бір ту астында бірігіп, қарқынды дамудың даңғыл жолын бетке ұстаған елімізді әлемнің 130 да аса өзге ұлт өкілі мекен етеді. Осы ретте көптеген ұлт өкілдерін татулықта ұстап, ұлтаралық араздықтар мен өзге де діни алауыздықтардың алдын алып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде Президент жанындағы ықпалды органга айналды.
Жиырма алты жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің еркін әрі, бейбіт өмір сүруіне жағдай тудырып келе жатқан Ассамблеяның жұмысы туралы мамандар мен зиялы қаруым өкілдері не дейді? Жалпы елімізде 130 дан аса өзге ұлт өкілдері өмір сүреді десек, солардың қанша ұлты осы Аралда тұрады? Осы мәселелер төңірегінде сөз сабақтап, ортақ пікірлеріне тоқталсақ.
Жалпы Аралда бірнеше өзге ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың қоғамға етене араласып, әр сала бойынша еңбек етіп жатқандары қаншама?! Заманның қиын кезінде осы өңірден пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары Арал топырағынан ұзап ешқайда кете қойған жоқ. Барлығы да кіндік қаны тамған жерлерін қайда жүрсе де аңсайды, қандай да бір жетістіктері болса елмен бірге қуанады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағдары да осы. Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Арал ауданы бойынша сарапшысы Е.Қалыбаевтың да пікірі осыған саяды.
– Қазіргі таңда Арал ауданы бойынша өзге ұлт өкілдерінің жалпы саны 50 ден асады. Бұл көрсеткішті нақты деп айтуға келмес. Себебі ел арасы қарбалас тіршілікке толы болған соң бірі көшіп жатса, енді бірі келіп жатады. Тіпті бір бір әулетке келін болып түсіп жататын да өзге ұлт өкілдері кездесіп жатады. Мұндай деректердің барлығы ресми есепке алына бермейді. Қазақ өзі құшағы кең халық қой. Таспен ұрғанды аспен ұратын да біздің халық. Әсіресе осы сыр өңірі қонақжайлылыққа келгенде алдына жан салмайды деп айтар едім. Қазіргі уақытта аданда өзге ұлт өкілдерінің денін орынстар құрайды. Сосын кәрістер мен өзбек, қырғыз және молдавандар. Бұдан бөлек Украин, Татар, Қарақалпақ, Азербайжан ұлттарынан да өкілдер кездеседі. Алтайлықтарды да жолықтыруға болады. Аталған ұлттардың адамдары бүгінде қазақы ортаға әбден сіңісіп кеткен. Тіпті руын сұрасаң қазақтың руын айтып жүретін өзге ұллтар бар. Бұның барлығы халқымыздың кең пейлі мен қонақжай және бауырмалдығының арқасында деп ойлаймын, - дейді сарапшы Е.Сакуашұлы.
Елдің елең-алаң шағында халыққа қызмет етіп, Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын берік ұстанған ел ағалары да бүгінде зиялы қауым өкіліне айналды. Сол 1995 жылдары ел арасында болып, Елбасы жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының тың жұмысын жер жерде жүйелі жүргізуге атсалысқан азаматтардың бірі – білім саласының ардагері, Арал ауданның құрметті азаматы Нұралы Оспанов еді. Халықтар достығын берік етуде Елбасы саясатының өз жемісін беруде алдағы аға буынның үлесі зор болды. Бүгінде Арал ауданының Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі – төрағасы ретінде елге белгілі Н.Оспанов татулық тірегіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі беталысы мен жүйелі жұмысын оң бағалайды.
– Қазақстан әлемге несімен үлгі бола алады десең, мызғымас татутылығымен үлгі дер едім. Бір атаның баласындай өмір сүріп жатырған Арал халқының өзі түрі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір өзге ұл өкілдерін ешқашан өзекке тепкен емес. Небір қиын күндерде тонның ішкі байындай бірлесе іс қылған өзге ел аламаттарын білеміз. Барлығы да «сен қазақсың мен басқамын» деп қол қусырып қалған жоқ. Осы елдің азаматтары бір-біріне болысты. Өзгеге үлгі боларлық мұндай үрдіс қазір де бар деп ойлаймын. Өйткені осы Арал топырағында қазақпен басқа ұлт өкілі келіспей қалыпты, аяғы ұлараздыққа барып жатыр деген әңгімені ешқашан естіген емеспін. Осының барлығы халқымыздың жан баласына жаттық қылып көрмеген кеңпейілдігі мен қонақжайлылығының арқасында. Міне, елге мызғымас татулық пен балталаса да бұзылмас бірлік сонау 1995 жылдан бері мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жемісі деп білемін, - дейді ардагер ұстаз Н.Оспанов.
Расында еліміздегі барлық этнос өкілдерінің басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Оны мойындауымыз керек. Сонысымен де Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.
Түйін: Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты. Әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы да үстемдік құрғаны белгілі. Ал мұндай жүйе қолданыста болмаса қырық пышақ болып өзара қырқысып жатқан елдердің кері бізге де келуі бек мүмкін еді. Біз тентегін тезге салған ел болсақ, ұлттық мәселеде де ұпайымыз түгел елміз. Сайып келгенде қазақтың қамқорлығы мен кеңдігін көптеген ел көрді. Соның қайтарымы болған тұрақтылығымыз бүгінде әлемнің көптеген елімен достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтып келеді. Мұның барлығы еншісін алған қазақтың келешегін әу бастан ойлаған Елбасының ерен еңбегі мен сарабдал саясатының жемісі.
А. БИСЕНОВ