Қоғамдық келісім бәрінен қымбат
Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын да алғаш рет Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткізілген Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Тарих қойнауында алтын әріптермен таңбаланған аталған форум жұмысында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әлауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атады. Осыған орай 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.Жақында ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында: – Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр. 30 жылдың ішінде халқымызбен бірге бірталай қиындықтарды бастан өткердік. Қазіргі жастар сол ауыртпалықтарды елестете де алмайды. Қазақстанда 130 кәсіпорын жабылып, 2,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Үйлерде жылу жоқ, азық-түлік тапшылығы туындады. Біз осы сынақтардың бәрінен бірге өттік, – деді Елбасы. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтікэкономикалық салада үлкен қиындықтарды бастан өткергенін еске салды. – Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге де тиісті міндеттер жүктелген, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы туындаған жағдайдың себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң талаптарына сәйкес жазалауды тапсырды. – Аға буын өкілдері бұл мәселеге ерекше назар аударуға тиіс. Менің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтана алатындай деңгейге жеткізу. Аға буынның міндеті – адамдарға біздің ортақ мақсатымыз тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекетті сақтап қалу екенін түсіндіру, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Президентке үкіметтік комиссияның Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты және басқа да ауылдардың тұрғындарымен өткізген кездесу қорытындысы бойынша мәлімет берілді. – Ассамблея мен оның өңірлік өкілдіктері мұндай жағдайлардың алдын алып, бақылауда ұстауы керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз, – деген Президент елдегі тұрақтылықты, ұлттар мен этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға бағытталған шаралар қабылдау үшін бірқатар нақты тапсырма берді.
«Толқын» ақпарат









